Тот баспайтын болат кастрөлді қалай тазалау керек?

Тот баспайтын болат кастрөлді қалай тазалау керек?

Тот баспайтын болаттан жасалған ыдыс төзімді, ұзақ уақытқа жарамды және сырт келбеті де сүйкімді болып келеді. Бірақ уақыт өте келе жылтыр кастрөлдер күңгірттенеді, сыртында дақтар мен сызаттар пайда болады. Мұның алдын алу үшін ыдысты қалай күту керектігі жайлы басты ережелерді білу керек.

Күйені қалай тазартады?

Қатты кірленген тот баспайтын кастрөлдердің сыртындағы күйені арнайы тот баспайтын ыдыстарды тазартатын құралдар арқылы тазартуға болады (мысалы, «Селена», «Дафор», Delu, Fresh, Luxus, Dr.Beckmann, Help). Сонымен қатар плитаны тазартатын құралдарды да пайдалануға болады. Кастрөлді ыстық суда ысытып алыңыз, тазартқыш құралдарды жағып, 10-15 минутқа қалдырыңыз, бұдан кейін дақтарды жұмсақ ысқышпен ыдыс жууға арналған тазартқыш қосып жуу керек. Кейін шайып, құрғатып сүртіңіз.

Егер ыдыс тазартуға тұрмыстық химияны пайдаланғыңыз келмесе, бұрынғы, дәстүрлі әдістерді қолданып көріңіз. Эмаль ыдыс, шелек немесе үлкен кастрөл алыңыз, оған кірленген ыдыстарды салып, ішіне су толтырыңыз. 5 литр суға – жарты қорап сода мен 100 миллилитр желім деген есеппен ас содасын, силикат желім (канцеляриялық желім) құйыңыз. Ыдыс жууға арналған кішкене сұйықтық құюға болады. Суды 15-20 минут қайнатыңыз, сосын оны суытып қойыңыз. Барлық кір кетіп, сізге тазартылған ыдысты ыстық ағынды суда мұқият шаю ғана қажет болады.

Тот баспайтын болаттан жасалған ыдыс күтімі

Тот баспайтын болаттан жасалған ыдысты ыдыс жуу машинасында емес, арнайы тазартқыш құрал қосып, жылы суда жұмсақ ысқышпен ысқылап, қолмен жуған дұрыс. Жуған соң жақсылап шайып, құрғатып сүртіңіз. Егер мұны жасамасаңыз, жылтыр бетінде күңгірт ақшыл дақтар пайда болуы мүмкін.

Тот баспайтын ыдыстан жасалған ыдысты жууға абразивті құралдарды, қатты ысқыштарды және металл жөкелерді пайдаланбаңыз, әйтпесе сыртын сырып аласыз.

Егер күйген тамақ қалдықтарынан тазарту керек болса, кастрөлге ыстық су құйыңыз, бір ас қасық ас содасын қосып, екі сағатқа қалдырыңыз. Жібіген қалдықты қарапайым ысқышпен тазартқыш құрал қосып тазалай аласыз. Егер қатты күйген және кірленген болса, суға содамен қатар ыдыс жуатын құрал қосып, суды қайнатып, 5-10 минутқа жай отта қайнатыңыз. Тамақ қалдығын түбінен қырып алмай, сабын немесе ыдыс жууға арналған қоспа қосылған жылы сумен жібітіп, тазартқан дұрыс.

Егер кермек судан кастрөлдің түбінде ақшыл тұнба қалса, кастрөлдің түбін сірке суымен, лимон қышқылының қоспасымен немесе лимонның жартысымен ысқылап кетіруге болады.

Сурет: orientalway.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina