Дұрыс ұрыса білу де өнер

Дұрыс ұрыса білу де өнер

Адамдар көп жағдайда бір-біріне көңілі толмаса, оны іште сақтағанды жөн көреді. Мұның арты қиын жағдайға апарып соқтыруы мүмкін. Себебі іште жиналып қалған өкпе-реніш жинала келе үлкен дауға айналады.

Әсіресе, екі жас арасында немесе жас отбасыда ұрыс-керіс болмай тұрмайды. Тіпті, бір-бірін құрметтейтін күйеуі мен әйелі де мұндай жағдайдан құтылып өте алмасы анық. Бастысы, сол ұрыстың немен бітетінін анықтап білу. Егер сүйіктіңізге деген өкпеңіз болса, оны бірден айтқаныңыз жөн. Десе де, «Кірмес бұрын, қалай шығарыңды ойла» деген шығыстық қанатты сөзді де есте ұстаған жөн. Қарапайым тілмен айтсақ, ұрысты бастамай тұрып, оның қалай бітетінін ойлап ал дегенге саяды.

Шығыстық данагөйлер былай дейді: "Күнәмен өмір сүру қиын, оның қасиеті ұрса одан да қиын болады. Адамның қателесуі заңды, оның қай тұста қателесіп, шалыс басатынын анықтап білу мүмкін емес".

Ұрысып үйренгісі келетін адам ең бірінші кезекте кешіріп үйренуі тиіс!

Сонымен, ұрысқан кезде нені жадыда ұстаған жөн?

- Егер серігігіңізге сын айтар болсаңыз, барынша байыпты жеткізгеніңіз жөн. Ренжімейтіндей сөз айтылса, мазмұн тыңдаушыға жетеді де, нәтиже шығаруға көшеді. Өкпеңізді айту барысында оның көңіл-күйін бағып, бақылағаныңыз да жөн.

- Ал өзіңізге айтылған сынды үндеместен тыңдап үйреніңіз. Мұндай кезде сөйлеушінің өз мінін айтып, салғыласу мәдениеттілікке жатпайды.

- Десе де, мініңізді айтып, оны бетіңізге басып жатқан кезде көңіл-күйді білдірмей тұруға да болмайды екен. Оның тым қатты айтқанын немесе сіз туралы бұрыс ойлайтынын жеткізу дұрыс. Оған өкпелегеніңізді де көрсете біліңіз.

- Қандай жағдай болмасын, жақын адамыңызды мазақ етіп, үстінен күліп, өсектеуге жол бермеңіз. Егер мұндай әдет сіздің басыңызда бар болса, дереу тәртібіңізді өзгерткеніңіз жөн. Себебі, күйеуі мен әйелі немесе қыз бен жігіт бір-бірін мазақ етіп, келеке ететін болса, жағдай ушығып, кейінгі ұрыс-керістерде қайта-қайта айтылатын мін сөзге айналуы ғажап емес, тіпті кішігірім стереотип жасап алуыңыз да мүмкін. Дұрыс тактика қолдана білсеңіз арадағы мәселе екеуара келіспеушіліктен ары аспайды.

- Сондықтан, ұрыс кезінде ақиқаттың жойылатынын, ал сол ұрысты ақылдырағы тоқтататынын ескеру керек. Бір қызығы, дәстүр бойынша – дауды әйел адам бірінші болып тоқтатуы керек екен.

- Отбасылық ұрыс-керісте жеңімпаз болмайды. Барлығы да жеңіліс табады. Тіпті сіздің айтқан сөздеріңіз бен ұстанымыңыз 100 пайызға дұрыс болса да, ұрысқа жол бергеніңіздің өзі жеңіліс болады.

- Ал ең соңғы кеңесіміз: егер ұрысты ешбір амалмен тоқтата алмасаңыз, оның шешімін кейінгі келер күнге қалдырыңыз. Ашу мен қырсықтық басылған тұста екі жақ та бірін-бірі аяп, оң шешім қабылдайды екен.

Ал ең жөндісі – ұрыспай қою екенін айтпасақ та түсініп отырған боларсыз?

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: өңделген

А. Құлтай