Аптаның ең ауыр күні қай күн?

Аптаның ең ауыр күні қай күн?

Аптаның "ең ауыр" күні қай күн деген сұрақ қойыла қалса, дүйсенбі деуге дайын тұрмыз. Жоқ, асықпайық! Жақсылап ойланайық! Аптаның "ең ауыр" күні дүйсенбі емес. Енді ше? ...Сейсенбі. Неге дейсіз бе? Өйткені көптеген мекемелер мен оқу орындарында дүйсенбі күні осы аптаға арналған жай ғана жоспарлау секілді жеңіл жұмыстар жүреді. Алдағы жұмыстардың жүріп жатқандығын бір тексеріп қана қояды да, сейсенбі күні жасалынбаған сансыз жұмыстар мен аяғы бітпеген шексіз шаруалар қарша жауады. Көбіне дәл осы күні "Сен боссың!" деген жұмыстан қууда айтылатын "ауыр" сөз жиі естіледі. Психологтардың айтуынша, бастық өз жұмыскерлеріне ұрсар алдында алдымен өзін түзеуі керек. Онымен қоса байырғы ұлылар "ең қиын соғыс - өзіңмен-өзің соғысуың" дейді. Сондықтан аптаның "ең ауыр" күнімен арпалысу үшін барлық жұмысқа жауапкершілкпен қарауға тырысу керек-ақ.

Аустралияның Сидней университетінің ғалымдары адамның көңіл-күйін түсіріп, мазасын қашыратын апта күнін анықтау барысында сауалнама жүргізді. Нәтижесінде "ең ауыр" күн атына дүйсенбі ие болған. Бірақ жұмыскерлерге көңіл-күйдің төмен болатын күнін сұрғанда көпшілігі сәрсенбіні айтқан. Мұның себебін ғалымдар былай түсіндіреді: "Сәрсенбіде адам көңіл-күйінің нашар болуы аптаның дәл ортасында тұрғандығында. Өткен демалыс күндерінің өткеніне де, жаңа демалыстың жақындауына да аз күн қалған жоқ. "Ертең демаламыз", не "кеше демалдық қой" деген сылтаулар күшін жояды. Сондықтан біразы үшін сәрсенбі сәтсіз күн..."

Ал қаржы саласындағы мамандар үшін аптаның "ең ауыр" күні - бейсенбі екен. 

Жұма күні сіз үшін де, біз үшін де қолымыз қалт ететін күн. Өйткені ертесіне екі күн демаламыз.

Ал сіз аптаның қай күнін "ең ауыр" күн дер едіңіз?

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: factroom.ru

А. Әбілхан