Жігіт қызын не үшін тастап кетеді?

Жігіт қызын не үшін тастап кетеді?

Ер адамның ер адамнан, әйел адамның әйел адамнан айырмасы жоқ. Өмірде жаман адам мен жақсы адам деген сөз болса да, түбегейлі жаман не түбегейлі жақсы адам болмайды. Жаман деп жүрген адамның да бір ерекше жақсы қасиеті болады және керісінше.

Олай болса, жігіт неге жүріп жүрген қызын тастап кетеді? Басқа қызға кеткен жағдайда, ол қыздың мына қыздан қай жері артық? Кезінде махаббаты лаулап тұрған жігіт неге бір сәтте суып, бөтен адамға айналып шыға келеді? 

Қыз бен жігіт арасындағы қарым-қатынас үшін тек махаббаттың өзі жеткілікті емес. Ер адамдар әйелдің иіліп тұрғанын, айтқанын істегенін қалайды. Әсіресе, қазақ жігіттері "қатын – жолда, бала – белде" деген тәрбиемен өскен. Қазіргі жігіттердің "1 жігітке 8 қыздан келеді" деп айтып жүргенін естіп жүрміз. Сондықтан қыздың барынша нәзік, қылықты, ибалы болғаны жөн. 

Қыз бала жігітті "болашақ күйеуі" ретінде таңдаса, бұрынғы еркіндікті шектегені дұрыс. Бұрынғы жігіттері туралы көп айта беру, оны басқа жігіттермен салыстыру ер адамның намысына тиеді. 

Көбінесе қарым-қатынас ақшаға байланысты дау әсерінен үзіліп кетіп жатады. Сондықтан қаржы тақырыбына келгенде абай болған жөн. Мүмкіндігінше, қыз-жігіт боп жүріп жүргенде бір-біріне қарыз бермегені дұрыс. Және жартыңыздың қалтасындағы қаражатын санауға тырыспаңыз. Егер қыз бала ер адамнан көп табатын болса, оны жасыра тұрған жөн. Ешқашан қалтасында қаражаты жоқтығы үшін жігітті кемсітуге болмайды. "Ақша – қолдың кірі", отау тіккен жағдайда, жігіт – отбасының асыраушысы болмақ. Бүгін бар ақша ертең-ақ судай ағып кетеді. Жігітке қолдау беріп, оны алға қарай ұмтылуы үшін шабыттандырып отырса, мұндай қыздан ешқандай жігіт айырылғысы келмесі анық. 

Ер жігіттің жанында әйел адамның әлсіз болғаны дұрыс. Ер жігіт өзін бұл қарым-қатынаста басты адам ретінде сезінуі керек. Ешқашан жігітті басқарам деп тырыспау қажет. Керісінше, әйел ерден сүйеу, тірек іздегені дұрыс. 

Елдің көзінше жігітке дауыс көтеру, жігітпен салғыласу ешкімге жақсылық әкелмеген, әкелмейді де. Тіпті, жігіт жұртқа естіртіп қызға қатты сөз айтып қалғанның өзінде, қыздың үнсіз қалғаны оны көп нәрседен құтқарады. Жігіттің достарының көзінше жігітті көтермелеп, оған қолдау білдіріп отырған дұрыс.  

Жігітке айтатын нәрселер бар, айтпайтын нәрселер бар. Сондықтан қыз бала әр сөзін абайлап ойланып сөйлегеннен ұтпаса, ұтылмайды. Ішіне сыймай бара жатқан нәрселерін айтуы үшін қыз балада құрбы деген асыл жан бар. 

Айтып өткеніміздей, қарым-қатынасты сақтап қалу үшін махаббаттан өзге, түсіне білу, қолдау білдіре білу сияқты әрекеттер қажет, бір сөзбен айтқанда, қарым-қатынасты жақсарту үшін жұмыс істеу керек. Тек қыз немесе тек жігіт емес, екі жақтап арада пайда болған түсініспеушілікті жойып отырса, ондай қарым-қатынас мәңгі болмақ! Бұл жағдайда жігіт қызды тастап кету туралы ойына да алмайтын болады. 

Есіңізде жүрсін: "еркек – бас, әйел – мойын", ер адам – әйелдің айнасы, әйел ер адамға қандай қарым-қатынас жасаса, сондай жауап алмақ. Яғни, көп нәрсе нәзік жандылардың қолында!  

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова 

Сурет: psyh-olog.ru, romanticist.su

Айырылысайық екеуміз...

М. Оңғарова