Қарындас, сізбен танысуға бола ма? (қыздар үшін)

Қарындас, сізбен танысуға бола ма? (қыздар үшін)

Көшеде кетіп бара жатып «Қарындас, сізбен танысуға бола ма?» деген сөздерді көпшілік өмірінде бір рет болсын естіп көрген болар. Бұл өте қызық тақырып болғандықтан, осы туралы ойыммен бөлісуді жөн көрдім.

Көшеде бейтаныс жігітпен танысу – ерекше жағдай ма, әлде бұл туралы ойлап жатудың қажеті де жоқ па?

Өз басым мұны өте қызық жағдай деп бағалар едім. Себебі:

– Бозбала қызға жақындап, өзі бірінші болып әңгіме бастаудан қорықпайды. Бұл оның алға қойған мақсатына жете білетіндігін, өз бойына деген сенімділігін білдіреді.

– Жігіт сіздің бетін қайтарып жіберетініңізді білсе де, тырысып бағуда. Яғни, оны қиындықтар еш жасқандырмайды;

– Бұл 90% жағдайда позитивті эмоция мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Десе де жаныңызға біреудің келіп танысуға ұсыныс білдіріп тұрғаны жақсы емес пе?

– Бұл адамның шынайы өмірде қандай екендігін бірден танып, дұрыс баға беруге көмектеседі. Әдетте әлеуметтік желіде танысқан адамдарымыз көңілімізден шықпай қалып жатады. Бұл одан әлдеқайда жақсы. Мұны тек сыртқы келбетіне қатысты ғана айтып жатқаным жоқ;

– Бұл сіздің, расымен де, ол бозбалаға ұнағандығыңызды білдіреді. Өзіне ұнамаған бойжеткенге бола дәл осылай ешкім де тер төкпейді деп ойлаймын;

Дәл қазір жастар көбінесе әлеуметтік желіде танысады. Ал көшедегі таныстықты әдепсіздік деп түсінеді. Мұндай әрекетті тек қыздарға құмар жандар ғана жасайды деп ойлайды.

ВК секілді желіде отырып қыздарға жаза салу оңай, ал көшеде бір қыздың соңынан жүгіріп, оған деген сезіміңді айту қиынның қиыны секілді. Сондықтан, көшедегі таныстықты нағыз романтика деп ойлаймын. Алайда мұның барлығы «Қарындас сізбен танысуға бола ма?» деген жігіттердің барлығымен танысу деген сөз емес. Бар болғаны оған мән беріп, тәрбиелі, мәдениетті адам екенін байқасаңыз, титтей де болсын мүмкіндік беріп көріңіз деген сөз.

Ал осыған қатысты сіздің ойыңыз қандай?

Дайындаған: Томирис Сағындық

Сурет: вк желісінен

Қ. Бүйенбай