Ренжіскен соң ата-анамызбен қалай татуласамыз?

Ренжіскен соң ата-анамызбен қалай татуласамыз?

Бүгін ата-анамызбен қарым-қатынасымыз туралы талқылауды ұсынамын. Барлығымыз деп көпке топырақ шашпаймын, алайда көбіміздің ата-анамызбен тіл табысуымыз қиындау. Әсіресе өтпелі кезеңде. Үлкендер бізге қарағанда көпті көргендіктен, айып тек біздің тарапымыздан болады дегеніміз жөн болар. Бірақ қандай жағдай болмасын, нәтижесіне жүйке талшықтарымыздың бір бөлігі келмеске кетеді.

Мен сіздерге ата-анамызбен қарым-қатынасымызды ретке келтіруге көмектесетін бірнеше әдіс ұсынамын.

1. Кешіріңіз және кешірім сұраңыз. Ия, кейде өзіміздің растығымызды мойындату жақсы сезім сыйлайды, алайда көп жағдайда кері әсерін тигізеді. Ситуацияға түрлі қырынан қарап, ата-анаңыздыкі дұрыс болмаған жағдайда кешіріммен қараңыз. Ал егер қателескеніңіз айдан анық болса, кешірім сұраңыз. Бұл жағдайда тек ата-анаңызбен татуласасыз.

2. Ортақ бір нәрсе табыңыз. Мүмкін отбасы мүшелеріне ортақ ойын немесе отбасылық дәстүр бар шығар. Ата-анаңызбен бірге өткізетін уақытты ешқашан аямаңыз. Олармен бірге театрға, мұражайға барып, немесе ауылға қыдырып қайтыңыз. Сол кезде ата-анаңызбен де қызықты уақыт өткізуге болатынын байқайсыз.

3. Тіліңізді тістеңіз (тура және ауыспалы мағынасында). Ақылсынбай, бір рет болсын тіліңізді тістеңіз. Көп жағдайда ашу үстінде байқамай айтып қоятын сөздеріміз жанжалдың өршіп кетуіне себепші болады. Орнына 10-ға дейін санап, артынша сөйлеңіз. Айтылған сөз атылған оқпен тең, оны қайтарып ала алмайсыз.

4. Хат жазыңыз. Бұл жоғарыдағы пунктімен байланысты. Ата-анаңызбен ренжіскен кезде дауысыңыз қатты шығып кетеді деп қорықсаңыз, хат жазыңыз. Ия, кәдімгі хат. Өзіңіздің жеке пікіріңізді білдіретін хат.

5. Ата-анаңызды алақаныңызға салып аялаңыз. Мысалы, үйдің шашылып жатқанына байланысты ренжіскен болсаңыздар, үйдің барлығын жинап, ойдағыдай тазалаңыз. Олардың бұл әрекетіңізді бағалайтынына сенімдімін.

6. Мәмілеге келіңіз. Мысалы, сіздің ата-анаңызға боянғаныңыз ұнамай ма? Олай болса, ортақ шешім іздеңіз. Аз бояныңыз немесе мерекелік кештерде ғана бояныңыз. Ол кісілердің қалағанын жасасаңыз, олар да сіздің ырқыңызға көнетін болады.

7. Ата-анаңызға ренжіген кезде «Ата-анамды не үшін жақсы көремін?» деген тізімді толтырыңыз. Сол кезде оларға ренжімейтін боласыз.

Ата-анамыз - бізге жарық дүниені сыйлаған алтындарымыз. Олар бізге еш уақытта жамандық тілемейді. "Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің" демекші, ол кісілерді осы бастан қадірлегеніміз жөн болар.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: Massaget.kz

Қ. Бүйенбай