Үйлесімді қарым-қатынасқа кедергі келтіретін қателіктер

Үйлесімді қарым-қатынасқа кедергі келтіретін қателіктер

Әр адам үйлесімді қарым-қатынас құрғысы келеді. Бірақ бір кездері мінсіз көрінген екінші жартымыз уақыт өте келе бөтен адамдай болып кететін жағдайлар аз емес. Және бұған өзіміз кінәлі болуымыз мүмкін екенін мойындағымыз келмейді. Ұзақ жылдарға жалғасатын үйлесімді қарым-қатынас құру үшін қандай «зиянды әдеттерден» арылу керек?

Тануға тырыспау

Жанымызға жақын адамды кездестіргенде, көбіне біз оның шынайы болмысын елемей, өзіміздің кескінімізді көреміз, яғни ол адамды өзімізге ыңғайлы жағынан елестетіп, қабылдаймыз. Біртіндеп ол ашыла бастайды – және алдымызда сұрақ туындайды: оның шынайы болмысын қабылдау немесе өзіміздің ойымыздағы мінсіз бейнесін сақтап қалу? Адамның шынайы болмысын көре бастау қиын және кейде тіпті ауыр, сол себепті әдет бойынша оны өз санамыз қалыптастырған болмысына сыйғызуға тырысамыз.

Адамды қалай бар, солай қабылдаудан қорқудан таңдаған жарыңыз жаныңызда болса да, сіз өзіңізді жалғыздыққа итермелейсіз. Бұл әдет қарым-қатынас үшін қауіпті, өйткені шынайы жақындыққа шек келтіреді.

Бетпердемен өмір сүру

Флирт – бұл махаббаттың бастапқы кезеңдерінде оған дәм беретін тамаша ойын. Алайда қарым-қатынас тұрақтаса да, бетпердесін шешпей, әдет бойынша қызықтырғыш және әрдайым биязы кейіпкерді ойнап жүретін арулар баршылық. Бірақ көп ұзамай бұл психологиялық тұрғыда үлкен стресске әкелуі мүмкін.

Таңдаған жарыңның алдында шынайы болмысыңды көрсету ғана терең сезімге бөлеп, өміріңізді гүлдендіруге атсалысады.

Тек талап қою

Ер адам «анадай» болу керек, ер адам «мынадай» болу керек деген стереотип әр қыздың ойында қалыптасқан. Шыны керек, ер адам қыздың көңілінен шығу үшін көп нәрсе жасайды. Алайда, қыздар, олардың көңілінен шығу үшін бәрін жасап жүрміз бе? Кейде өз міндеттерімізді ұмытып, ер адамның ғана міндеттеріне шырғаланып қалатынымыз бар.

Егер сіз өз сүйіктіңізден көп нәрсе талап етіп, есесіне ештеңе бермеу керекпін деп ойласаңыз, қарым-қатынасыңыз құрдымға кететініне сенімді болыңыз.

Жаныңды құрбан ету

Сүйген адамың үшін пайдалы бірдеңе істеудің өзі – ғанибет екені рас. Бірақ уақыт өте келе, әрдайым жаныңды құрбан етіп, біреу үшін қызмет ету адамды мезі етеді. Құрбан етудің де қайтарымы болу керек. Ер адам үшін жаныңды салып, одан еш жауап алмасаң – түбі бұл жүйкені жұқартып, келеңсіздік пен ұрыс-керіске әкеледі.

Жанжалдан сабақ алудың орнына, одан қашу

Жақын қарым-қатынас бізге өз болмысымызды сақтап, ішіміздегі дүниені ашық айтуға мүмкіндік береді. Мінсіз отбасы – ешқандай ұрыс-керіссіз, жанжалсыз ұйым дегенді білдірмейді. Тіпті ең бақытты жұптарда жанжал болып тұрады. Бірақ мұнда ең бастысы сол жанжалдан пайдамен шығу. «Мені түсінбей қалады-ау», «менен бас тартады» деген қорқынышсыз өз ойыңды жеткізе алатын, ашық айта алатын орта қалыптастыра білу де өнер.

Өз әрекеттеріңізге назар аударыңыз

Егер ешқандай қуаныш әкелмейтін қарым-қатынасқа байланып қалдым деп ойласаңыз, бәлкім, бұған өзіңіз кінәлі шығарсыз? «Махаббаттағы шалысқа» тек серігіңіз ғана емес, сіз де жауапты екеніңізді ұққанда және махаббаттағы зиянды әдеттерді екеуара түзегенде ғана қарым-қатынасыңызды емдеп, оны үйлесім мен құштарлыққа қайта бөлей аласыз! 

Сурет: yvision.kz, www.oleinikov.kz

Дайындаған: Диана Мамытбекова

Оқи отырыңыз:

Алғашқы кездесу (қыз көзімен)

Алғашқы кездесу (жігіт көзімен)

Қыз бен жігіттің қарым-қатынасы: Қате қағидалар!

Бақытты қарым-қатынастың заңдары

Қарым-қатынас: кездесулер жалғасын тапсын десең...

Қыздардың қарым-қатынасты үзудегі себебі неде?

A. Mustafina