Снобизм деген не? Бұл қасиет бойыңызда бар ма?

Снобизм деген не? Бұл қасиет бойыңызда бар ма?

Менімен сен тең бе деп мақтанасың,

Білімсіздік белгісі – ол баяғы.

Абай

Тәкаппарлық әу бастан жақсы қасиет емес. Тәкаппарлық төңірегінде пайда болатын бір қасиет туралы біз бүгін әңгімелесеміз. 

Ол қасиет "снобизм" деп аталады. Ал снобизм қасиеті бар адамдарды "сноб" дейді. 

Cнобизм – адамның өзін көпшіліктен өзгеше ұстауға талпынуы. Ол өзін бәрінен биік қойып, өзгелердің өзін назарға алғанын қалап тұрады. Оның барлық қимылы өзгеше жүзеге асады. Жүрісі, көз қиығы, тамақ ішуі, отырысы өзі туралы әлемге жар салады. Бәрі бірдей шай ішіп отырса да, сырт көзге сноб адам әлемде жоқ, басқаша шай ішіп отырғандай көрінеді. 

Мәселен, жұмысқа жаңа адам келді делік. "Әдетте мониторы үлкен компьютермен жұмыс істейтін едім. Мынаның мониторы кішілеу екен. Жарайды енді...". Бұл – снобизм қасиетіне ие адамның сөзі. Ол көпшілік арасында өзін ерекше адам деп тауып, басшылықтың көзіне іліне біледі. Өйткені, ол кез келген түймедей нәрсені түйедей қылып, оңай істелген жұмысты өсіріп, үлкен етіп айтады. Ондай адамдар басшылыққа дейін өсуі мүмкін, өйткені көбіне снобизм қасиеті тән адамдар жақсы қызметкер болып келеді. 

Сноб адамдар жұрттың талқылауына көп түседі. Өйткені олар ерекше назарға иемін деп ойлайтындықтан, жанындағы адамдарға биіктен қарағанды жөн көреді. Бірақ снобтар тек өзіне ғана емес, нанын тауып жеп отырған компаниясына да нұқсан келтіруі мүмкін. Мәселен, сноб хатшы делік. Ол кеңсеге жұмыстарымен келген кез келген адамға шай құйып беруге арланады. Өйткені, "шай құйып беру оның міндетіне кірмейді, ол директордың көмекшісі! Ол тек VIP клиенттерге ғана шай құйып бермек!". 

Немесе мықты университетті бітірген адамды мысалға алсақ. Ол жұмысқа орналасуға келіп тұр. Әңгімелесу барысында ол: "Мен бір жылдан кейін бөлім бастығы болуым керек",-дегенді айтады. "Оған қандай қасиеттеріңіздің арқасында қол жеткізбексіз?" деген сұраққа: "Мен КИМЭП-ті (Назарбаев университетін т.б.) қызыл дипломмен бітірдім!",-деп жауап береді. 

Сноб адам көбіне өз-өзіне сенімсіз, атаққұмар келеді. Өзі шіріген бай болмаса да, тіпті қарапайым кеңсе қызметкерлерінің бірі бола тұрып, ақсүйектікке талпыну, өзін ақсүйектерше ұстау снобтарға тән. 

Олардың араласатын ортасы да бөлек болмақ. Тек "таңдаулы" адамдармен араласып, солармен бірге жүргенді жөн көреді. Оны сөзден жеңу мүмкін емес, олармен сөз таластыру бос әурешілік. Өйткені ол сіздің сөзіңізді "естімейді", оған өз сөзі ғана дұрыс. Басқаша айтқанда, ол – шың, қалған адамдар – төбешік. 

Ол қандай жұмыс істесе де, мемлекеттік маңызы бар іспен айналысып отырғандай түр жасайды. Әріптесіне қол ұшын созу, біреудің өтінішін орындап беру снобтарға мүлде тән емес. "Егер әрқайсысына көмектессем, мойныма мініп алар, оның үстіне уақытым (менің уақытым) алтыннан да қымбат, бос нәрсеге құртуға уақытым жоқ!". Бұл – снобтың ойы.  

Бір сөзбен айтқанда, снобтарды тану аса қиын емес. Өйткені олар бетперде кимейді, керісінше көптің арасынан дәл оны байқағаныңызды қалайды. 

Олар көбіне жетістікке жететінін айттық. Бірақ жетістікке өз білімі, өз күші, маңдай терімен жеткен адамдармен салыстырсақ, снобтар жиіркеніш тудырады. Өзінің тәкаппар, өркөкіректігі, эгоизмі басым адамдар қаншалықты көп болған сайын, қоғам соншалықты зардап шекпек. Сондықтан, бойыңыздан кейбір жоғарыдағы қасиетті тауып жатсаңыз, тез арада түзелуге тырысқаныңыз жөн. 

Альтруист. Біреудің өмірімен тыныстау мүмкін бе?

Экстраверт пен Интроверт. Олар кімдер?

Оптимиссіз бе, пессимиссіз бе?

Циник деген кім?

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: bigthink.com

М. Оңғарова