Шынайы сүюді үйренейік!

Шынайы сүюді үйренейік!

«Сен маған сүюді үйреттің» әнінің сөзін ақын Ақмарал Леубаева жазған. Жанболат пен Жазира айтатын ән сөзіне қызыққанымыз соншалықты, біз де сүюді үйреткіміз келді. Сіз де шынайы сүйіп жүрсіз бе, әлде оны жәй ғана ұнатумен шатастырып жүрсіз бе – осыны анықтап алыңыз.

Махаббат – бұл өте күшті сезім. «Махаббат» ұғымының ішінде қызықтау, ұнату, адалдық, құрмет пен сый көрсету сияқты ізгі сезімдер құралған. Шынайы сүйе білу өздігінен, мәжбүрлеусіз болатын құбылыс. Бірақ сүйіктілер де бір-бірін шынайы сүйіп өтпеуі мүмкін. Сондықтан мақаламызды оқып шығуға, кейін ой қорытуға шақырамыз.

Сүюді міндеттемеу керек. Романтикалық сезім – бұл толқын секілді. Ол бірте-бірте күш ала келіп, жолындағының бәрін де шайып кетеді. Ал сол толқынды жел болмаса өршіте аламыз ба? Әрине, жоқ. Бірақ біз сүюді үйрене аламыз. Егер бұл кеңестерімізді оқып отырған сіздің өмірлік серігіңіз бар болса, онда өміріңізді күрт өзгертіп жіберуге мүмкіндігіңіздің барын ескеріңіз. Егер қалтаңыз көтерсе жеке психологқа да баруға болады. Ал егер, бұл көмектеспесе өз-өзіңізді қинамағаныңыз абзал.

Сүюге уақыт керек. Махаббат гүлге ұқсайды. Оның дәні өскенімен гүл аша қоюы екіталай. Ол үшін уақыт керек. Бірақ бұл бір көргеннен сүйіп қалудың өтірік екенін дәлелдей алмайды. Біз мұнда тек мысал ғана келтіріп отырғанымызды ұмытпаңыз. Бірақ егер гүл алғашқы рет бүршік атып, өсе бастаса біздің де махаббатымыз дәл сондай. Сүюді оңай дей алмаймыз, ол үшін еңбек пен уақыт керек. Себебі оның нәтижесі сіз күткеннен де артық болады.


Адамды түгелдей сүйіңіз. Әрине, серігіңіздің ессіз қылықтарын өзіндей сүйе алмайсыз. Адам мінсіз болмайды. Бірақ басты мәселе де осында жатыр. Адамның белгілі бір қырларын ғана емес, барлық қасиетімен бірге сүю керек. Егер сүйіктіңізді барлық жағымды да, жағымсыз да қасиеттерімен бірге сүйетін болсаңыз арада болған ұрыс-керісті де, қателіктерін де оңай кешіріп, оңай татуласатын боласыз. Ал тіпті кейде серігіңіздің кейбір кемшіліктерін де құрметтей бастайсыз.  

Әрине, барлық адамда мін бар. Онысын кешіру, ұмыту қиынға соғуы мүмкін, десе де, оның дәл сізге қаншалықты кесірі тиетінін салмақтап алыңыз. Бірақ сіз өз серігіңізбен тең екеніңізді де ұмытпағайсыз, себебі оның әрбір жағымсыз қылығын кешіре берсеңіз, бұл сүю емес, табынуға ұласып кетуі мүмкін. Сіздің қалауыңыз бен қызығушылығыңызды да сүйіктіңіз қабылдап, кемшіліктеріңізді кешіре білуі тиіс. Сондықтан да мінсіз адамды іздеп әуре болмаңыз, себебі нағыз жігітті іздеймін деп, көз алдыңыздағы махаббатыңыздан табан астында айырылып қалуыңыз ғажап емес.

Қарым-қатынас құрыңыз. Мәңгілік махаббат – әрқашан да жалғасын таба беретін қарым-қатынас деп түсінейік. Бірақ бұл таңды таңға ұрып әңгімелесе беру керек дегенді білдірмесе керек. Оның орнына рухани, эмоционалды қарым-қатынас құрыңыз. Оның ойы мен пікірін жобалап болса да анықтайтын интуицияңызды дамытыңыз. Ішпен біліп, ымға түсінетін жандар өздерін нағыз бақытты жұп деп санайды.

Қарым-қатынастағы қателіктерден сабақ алыңыз. Егер әзіл айтамын деп, арандап қалсаңыз оны түкке тұрғысыз әзілге ренжігені үшін айыптай көрмеңіз. Бұдан былай мұндай тақырыпқа сөз қозғамай, басқаша тәсілдерді пайдаланыңыз.

Маңызды істерді көзбе-көз отырып ақылдасыңыз. Кейбір адамдар бір-біріне реніші мен айтар ойларын айтпай, жасырып жүреді. Сөйтіп, кінәнің бәрін бір-біріне артатын жұптар бар. Сол үшін де толғандырған мәселелерді ашық түрде жүзбе-жүз отырып шешкеніңіз жөн. Ойыңызды анық айтыңыз, бірақ құрмет пен сыйластықты да ұмытуға болмайды. Сын айту мен шабуыл жасау – шешім іздеу жолы емес екенін ұғу керек. Әңгіме барысында сіздің қарым-қатынасыңызды бұзбайтындай сөйлесу мәнеріне де машықтану керек. Мәселен, сүйікті музыкалық топ немесе қандай түсті киім киетініңізді ақылдасуда ұрыс-керіс жасаудың еш мәні жоқ. Әрбір маңызы жоқ мәселе үшін ұрысуды қою керек.

Өзіңіздің ғашықтығыңызды айтыңыз. Махаббатыңызды жеткізудің тек сөзбен емес, іспен де көрсету жолдары бар және олар көп. Әрқашан да көңілге жағымды мақтау сөздер мен ғашықтық сөздерді ұмыт қалдырмаңыз. Ғашық адамыңызды туған-туысқандарыңызға, дос-жарандарыңызға, тағы да басқа жақын адамдарыңызға таныстырып, жария етуден қорықпаңыз. Айтқанда да, серігіңіздің сіз үшін құрметі асқан адам екенін түсіндіру керек. Сүйіктіңізді қолдап, аялау үшін тау қопарудың еш қажеті жоқ, оның орнына қарапайым ғана іс-әрекетіңізбен жылы лебізіңізді көрсете біліңіз. Мәселен, сүйіктіңіздің әмиянына ғашықтық хатыңызды жасырын салып қойыңыз, өз әмияныңызға оның суретін салып алыңыз, еш себепсіз «Мен сені сүйемін» деп SMS хабарлама жіберіңіз. Әйтсе де, мұнда біртүрлілеу көрінетін істерге бармасаңыз болғаны.


Сезімді білдіруге көп ақша жұмсаудың да қажеті жоқ. Нағыз махаббат мейрамхана пұлын төлеумен немесе қымбат сыйлық әперумен өлшенбейді, оның орнына ойларыңыз бен қарапайым қарекеттеріңізден де көріне алады.

Құрметтеудің тағы бір жолы – шындық айту. Аспандағы айды әпергенше, қоқысты төгіп келгеніңіздің өзі артықтау екенін айтпасақ та түсініп отырған боларсыз?

Байланысыңыз сенімнен құралсын. Сүйіктіңізбен араңызда сенім мен үміт болу керек, бірақ оны да еңбекпен табасыз. Егер міндетті түрде көмектесетініңіз жайлы айтқан болсаңыз, уәде берсеңіз, онда бұл сөзіңізге жауапкершілікпен қараңыз. Яғни, өз сөзіңізде тұрыңыз. Қандай жағдай болмасын, серігіңізге қолдау білдіріңіз. Сонда серігіңіз сізге сенім артып, жақын бола түседі.

Жақын болыңыз. Сырттай ғана құрмет пен ілтипат білдіру аздық етеді. Өмірлік мақсаттарыңыз бен арманыңыз жайлы, оның да арманы мен мақсаты жайлы сұраңыз. Егер ол тым қияли екеніңізді айтса, қарсы шығып, жөн сілтемей, үнсіз болып көріңіз. Адаммен ішкі мұң мен сырыңызды бөліспес бұрып, қаншалықты жақын екеніңізді де саралап алғаныңыз жөн. Себебі жақын араласпаған бөтендеу адам сіздің ой-ауаныңызды ұқпауы мүмкін.

Серігіңізге сеніңіз. Оған деген сеніміңіздің нығайғанын да көрсетуден қашпаңыз. Ол мұны білген соң өзінің абыройы асып, сіздің алдыңызда жауапкершілікпен байланыс құратын болады. 

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: zball33.ru, ilady.info

А. Құлтай