Ата-ана мен бала: Бала бұзықтығының 4 себебі

Ата-ана мен бала: Бала бұзықтығының 4 себебі

Психолог мамандар балалардың бұзық болуына әсер ететін 4 себепті анықтады.

Біріншісі – көзге түсуге ұмтылу. Күнделікті тіршіліктің қамымен ата-аналар күндіз жұмыс істеп, үйге шаршап келеді. Шаршайтындықтары соншалық, балаларының маңдайынан иіскеп, қалын сұрауға да жағдайлары келмейді. Ал бала мұны ата-анам мені жақсы көрмейді деп түсінеді де, олардың назарына жаман әрекеттерімен болса да, ілігуге тырысады.

Ата-ана болу – мамандық емес. Яғни олар да қандай шаралар қолданатынын білмейді. Барлығын ұрысып, ескерту айту арқылы жөндеймін деп ойлайды. Ал ата-анасының жылы алақанын аңсаған балаға майдай жақпаса да, олардың өзі үшін алаңдайтындығы ұнайды.

Екінші себеп – ата-ананың шамадан тыс қамқорлығы мен бақылағыштығы және басқарып отыруы. Адам 2 жасында «Мен өзім жасаймын» деп айтса, бұл мінезі өмір бойына қалыптасады. Балалар өте сезімтал келеді. Өзінен үлкендердің зекіп, бұйрық беріп сөйлегенін ұнатпайды. Ал ата-аналары қатаң нұсқаулар беріп отырып, мен оны жақсылап тәрбиелеймін деп ойлайды. Әрине тәрбие керек. Бірақ оның қалай берілгені дұрыс? Егер сын жиі айтылып, кеңес шамадан тыс артық беріліп, қамқорлықтары шектен шығып жатса, бала міндетті түрде қарсылық білдіреді. Түбінде мұндай бала бірбеткей, өз дегенінен қайтпайтын, қырсық болып өседі. Осылайша өз мәселемді шешіп, тәуелсіз боламын деген ой қалыптасады. Және оған шешімінің дұрыс немесе қате болатыны маңызды емес. Ең бастысы – билік өз қолында.

Үшінші себеп – жүректе бұғып жатқан кек. Баланың ата-анасын жақсы көре тұра, қатты ренжитін сәті болады. Бұл ренішінің себебі әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, үлкен ұлына қарағанда, кішісіне көбірек мән береді; ата-анасы ажырасып, өгей адамдардың пайда болуы, өздерінің қарауға уақыты болмағандықтан, ауылға жіберу, ата-аналары үнемі ұрсыса береді...

Қатты ұрысу, берген уәдені орындамау және әділетсіз жаза сындылар да жоғарыдағы себептердің қатарын толықтыруы мүмкін.

Сырттай бұзық болып көрінсе де, бұл балалар осы әрекеттері үшін қатты уайымдауы мүмкін. Жоғарыдағы әрекеттерін «Маған жаман болды ма, сендерге де жақсы болмауы керек» деген оймен жасайды.

Ең соңғы, төртінші себеп – өзінің мүмкіншіліктері мен күшіне сенбеу. Бұл себепті мысалмен түсіндірер болсақ, оқушы достарымен ренжісіп қалғандықтан, сабағын нашар оқуы ғажап емес. Осылайша күйзеліске тап болады. Ал осы күйзелістің салдарын үйіне барғанда көрсетеді.

Мұның барлығы да баланың өзін-өзі бағаламауынан туады. Өзіне бағытталған сын мен сәтсіздіктерін есіне алып бойындағы сенімділігін жоғалтып алады. Нәтижесінде «Болмаса да ұқсап бағудың қажеті жоқ, қолымнан бәрібір еш нәрсе келмейді» деп ойлағандықтан, «Маған бәрібір», «Иә, мен сондай жаманмын», «Иә, мен-ақ жаман бола берейінші» секілді сөздерді жиі айтады. Сондықтан бала тәрбиесінде осы себептерді ескерген абзал.

Жалғасы бар...

Ал сіз осы себептермен келісесіз бе?

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: vk.com

Қ. Бүйенбай