Шілдеде жеуге ұсынылатын азық-түліктер

Шілдеде жеуге ұсынылатын азық-түліктер

Шілдеде дастарханда міндетті түрде шие, қаражидек, жас картоп, таңқурай мен шабдалы болуы керек.

Жас картоп

Алғашқы жас картоп дәрумендер мен микроэлементтерге бай. Ода мүлде холестерин жоқ және май да аз болады. Есесіне ас қорытуды реттейтін органикалық қышқылдар мен жасұныққа бай. Жас картоптың бір порциясы бір күндік С дәруменімен қамтамасыздандырады (бұл қыстық және көктемдік картоптарда бола бермейді). Сонымен қатар кальций және ағзадан артық сұйықтықты шығаратын калийге бай. Мұндай картопты өткір пышақпен қырып аршыған дұрыс.

Шабдалы


Хош иісті шабдалы – денсаулық пен сұлулықтың қайнар көзі. Құрамында калий көп болатындықтан бұл жеміс аритмия кезінде өте пайдалы. Магний – күйзелісті жеңуге, ал темір – анемияның алдын алады. Бұл жемісте С және В, Е, К, РР топтарының дәрумендері, каротин бар. Шабдалыны жиі тұтыну арқылы көз көру қабілетін жақсартып, терінің денсаулығын қалпына келтіруге болады. Тері жасушасындағы сұйықтықты сақтап тұратындықтан бетке әжім түсудің алдын алады.

Шабдалы туралған соң тез қараяды, сондықтан тұтынар алдында ғана тураңыз. Егер қатты жеміс сатып алып қойсаңыз, бір екі күн бөлме температурасында ұстай тұрыңыз.

Қаражидек

Бұл жидектің басты құндылығы – жидекке қою қошқыл түс беретін бір топ флавоноидтардың болуы. Бұл заттектер ағзаның қартаюының алдын алады. Бұған қоса, флавоноидтар қан тамырларының иілгіштігін арттырып, қабырғаларын қатайтады, аллергияның алдын алады. Қан тамырларына жақсы әсер ететіндіктен көз көру қабілетін жақсартады, шаршағандығын басады. Флавоноид танин ішек бұзылуын тоқтатып, ішек инфекциясын жояды, ағзадан ауыр металлдарды шығарады.

Маусым кезінде қаражидек шырынын ішу өте пайдалы және олардан жасалған тосаптар да дәрумендерге бай болады.

Таңқурай


Таңқурай – хош иісті және шипалы жидектердің бірі. Одан көптеген бағалы биологиялық белсенді заттар бар. Таңқурай С, А, Е, РР және В2 дәрумендеріне бай. Таңқурай тосабы суық тигенде ыстықты түсіретін табиғи шипалы өнім болып табылады. Сонымен қатар жидек артық салмақ кезінде және қан қысымы көтерілгенде ұсынылады. Ол холестерин деңгейін түсіріп, майдың қорытылуын қамтамасыз етеді.

Бұл жидектің ең бір артықшылығы – ол өңдеу кезінде, тоңазытылғанда да пайдалы қасиеттерінен айрылмайды. Және артық салмақ тастағысы келетіндерге бір көмегі – метоболизмді жақсартады.

Жалбыз


Мохитосыз жаз қандай жаз? Бұл өсімдіктің басты құндылығы – 50-80% ментолдан тұратын жалбыз эфир майы. Жапырағы мен гүлшоғыры каротин, аскорбин қышқылы, органикалық қыщқылдар, илік заттар мен фитонцидтерге бай. Жалбыз жапырағын салаттар, ет және көкөніс тағамдарына, қияр тұздауға және т.б. қолданады. Бұл өсімдік тыныштандыратын және жергілікті ауруды басатын қасиетке ие.

Шие


Шие маусымы ұзаққа жалғаспайды – сондықтан пайдалы қасиеттерін алып қалудың сәтін жіберіп алмаңыз. Шие жемісі ас қорытуды жақсартады, иммунитетті күшейтеді. Жеміс құрамындағы органикалық қышқылдар, каротин, С дәрумені, фолий қышқылы мен қызыл пигмент антиоксидант ретінде жұмыс істейді. Бар-жоғы 35 шие аспириннен тиімді әсер етеді. Сонымен қатар шиедегі перилл спирті кеуде обырының алдын алады.

Сурет: wday.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina