Массагеттен мәзір:"Құлпынай сүйісі" салаты

Массагеттен мәзір:"Құлпынай сүйісі" салаты

Көше бойында көздің жауын алардай болып тұрған құлпынайларды күн сайын көріп жүрген боларсыз. Себебі, қазір құлпынай, шие, өрік маусымы. Осы сәтті пайдаланып сіздерге жемістер мен көкөністерден жасалатын "Құлпынай сүйісі" атты салаттың жасалу мәзірін көрсетейін деп шештім. Қазір бәрімізге дәрумендер керек, сондықтан, мына бір өте пайдалы әрі өте оңай салатты жасап өзіңізді, жақындарыңызды қуантыңыз. Құлпынайдан тек қана әдемі десерттер, маскалар жасамай, тәбетті оятататын салат жасауға болатынын біліңіз.

Ескерту: бұл мәзір екі адамға арналған, адам санына қарай құрамын да көбейте бересіз.

 

Құрамы:

қияр – 150 гр

құлпынай – 250 гр

шабдалы – 150 гр

алмұрт – 150 гр

йогурт – 1 дана 

 

    Жемістер мен қиярды жақсылап жуып, тазартып, турайсыз. Олардың пішіндерінің әртүрлі болғанын қадағалаңыз.

 

  Алмұртты да бөлек турап алыңыз.

 

  Шабдалының өзіңізге ұнайтын түрін таңдаңыз. Оны да турап шығамыз.

 

  5-6 құлпынайды шұңғыл ыдысқа саламыз да, үстіне йогуртты қосамыз. Құлпынайды әбден езіп, араластырамыз.

 

  Ең бірінші қиярдан бастап барлық жемісті қабаттап қойып шығыңыз.

 

  Қойып болғаннан кейін құлпынай қосылған йогуртты қосасыз да, бетін құлпынаймен безендіресіз. Дастарқанға қойғаннан кейін жақсылап араластырып жей беруге болады.

Салат дайын! Асыңыз дәмді болсын!

Ас үйде болған: Айгерім Сматуллаева