Жержаңғақты үйде қуыру тәсілдері

Жержаңғақты үйде қуыру тәсілдері

Ересектердің де, балалардың да сүйікті дәміне айналған қуырылған жержаңғақты кез келген дүкеннен табуға болады. Бірақ сіз ащы және тұщы жержаңғақты үйде де қуыра аласыз. Мұндай жағдайда ешқандай зиянды қоспалар қосылмағанына сенімді боласыз.

Ащы жержаңғақтарды қуыру

Тұзды дәнді қуыру үшін сізге бір бума құрғақ жержаңғақ қажет болады. Әдетте ол қабығымен сатылады, сондықтан екі рет қуыру қажет. Бірінші кезең қабығын оңай аршуға мүмкіндік береді, екіншісі – өнімнің толық дайындалуына арналады. Таза таба алыңыз. Ол міндетті түрде құрғақ болуы тиіс. Жержаңғақты ешқандай май, су қоспай қуыруға болады. Жай ғана табаға салып, отқа қойыңыз.

Қуыру барысында жиі араластырып отыру қажет, әйтпегенде ащы дәндердің орнына күйген дәмді өнім алуыңыз мүмкін. Он бес минуттай қуыру жеткілікті. Әдетте олардың піскен, не піспегенін қабығына қарап біледі. Ол қуарып, кейбір жерлерінде аршыла бастайды. Табаны оттан алып, біраз сууына уақыт беріңіз. Жержаңғақты қабағынан аршып, екінші кезеңге өтіңіз.

Егер аз ғана тұздалған дәндер алмақ болсаңыз, пышақтың ұшымен алынған тұзды бір шай қасық суда араластырыңыз. Жержаңғақты тағы табаға салыңыз да тұзды ерітіндіні құйып, жақсылап араластырыңыз. Тұз біркелкі таралуы үшін дәндерді 3-5 минуттай қуырыңыз. Қалауыңызша тағы дәмдеуіштер қосуыңызға болады. Мысалы аз мөлшерде бұрыш немесе ұнтақталған сарымсақ қосып жіберсеңіз жержаңғақ ерекше дәмге ие болады. Алайда шамадан тыс көп салып жібермеңіз.

Дәндер жылтырап тұрсын десеңіз екінші рет қуырғанда бірнеше тамшы өсімдік немесе зәйтүн майын қосып жіберіңіз.

Қант қосылған жержаңғақ дайындау

Тәтті жержаңғақ та сол рет бойынша дайындалады. Бір бума шикі жержаңғақты таза табаға салып 15 минуттай қуырыңыз, суыған соң қабағын аршыңыз. Кейін қайта табаға салып, қуырып жатқанда алдын ала дайындалған қант шәрбатын дәнге құйыңыз. Қуырылған жержаңғаққа қант ұнтағын қосу да – тамаша нұсқа. Оны ерітпеуге де болады. Тек дәндердің үстіне сеуіп, араластырыңыз.

Дәмді тағамдарды дайындау үшін ұнтақталған қуырылған жержаңғақ дайындауға болады. Жержаңғақты тазартып, ұнтақтағышта ұнтақтап, қантпен немесе тұзбен қуырыңыз.

Жержаңғақты духовкада қуыру

Дәндерді духовкада, тіпті микротолқынды пеште де қуыруға болады. Духовканы алдын-ала 180оС-қа ысытып алу керек. Қабығы бар дәндерді қаңылтыр табаға салып, 25 минуттай қуырыңыз. Кейін табаны шығарып, дәндер суыған соң қабағын аршып алыңыз. Тұзды ерітінді немесе қант шәрбатын құйып, духовкаға қайта салыңыз.

Дәл сондай температурада бес минуттай қуырыңыз, ал кейін духовканы өшіріп, дәндерді ішінде қалдырыңыз. Егер тазартылған дәндерді қуырмақ болсаңыз, духовкада он бес минуттай қуырсаңыз жеткілікті. Оны қантпен, тұзбен немесе дәмдеуіштермен қыздырып пісірсеңіз болады. 

Сурет: wday.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

А. Құлтай