Майонез жайлы аңыз бен ақиқат

Майонез жайлы аңыз бен ақиқат

1756 жылы Маон қалашығында бір аспазшының арқасында ойлап табылған бұл соус жайлы ел арасында алып-қашпа әңгімелер көп. Кейбірі майонездің құрамында холестерин тым көп, тәбетті ашып, адамның тамақты жей беруіне ықпал етеді дейді. Ал біз бүгін майонез жайлы аңыздарды сейілтіп, ақиқатты ашпақпыз.

Пікір: ГОСТ майонезі сапалырақ

Бұл рас. Барлық май өнімдері сияқты, бұл соус та ГОСТқа (мемлекеттік стандарт) сәйкес және техникалық шарттарды ұстанып шығарылуы керек. Бұл ақпарат әрдайым қораптың сыртында жазылады. Мемлекет бекіткен салалық стандартты жасауға түрлі институттар мен мекемелер атсалысқан, сондықтан ол барынша қатаң талаптарды ұстанған және ғылыми дәлелденген. Мұндай майонезде зиянды және қауіпті заттардың болуы екіталай. Ал техникалық шарттарды өндірушінің өзі жасақтайды, сондықтан өнімге қойылатын талаптар жоғары емес, ал қымбат табиғи өнімдерді хош иістендіргіштер және дәм беретін қоспалармен - синтетикалық баламалармен алмастырады.

Пікір: Жақсы соусты зәйтүн майында дайындайды

Бұл рас. Біріншіден, майонездің классикалық мәзіріне дәл осы май кіруі қажет. Екіншіден, басқа ешбір май ең көп құнарлы компоненттерімен мақтана алмайды. Зәйтүн майында ағзаға тек тағам арқылы келетін, өздігінен бөлінбейтін A, D, E, K дәрумендері мен пайдалы полиқанықпаған май қышқылдары бар. Алайда мұндай май арзан тұрмайды және барлық өндірушілердің қалтасы көтермейді. Тіпті «зәйтүнді» майонездің өзінде бұл май көп мөлшерде кездеспейді. Үнемдеу мақсатында өндірушілер оны арзанырақ өсімдік майымен араластырады. Мұны нақтылау үшін құрамына назар аудару қажет. ГОСТ бойынша барлық ингредиенттер массалық үлесі кему ретімен жазылады. Яғни егер зәйтүн майы өсімдік майынан кейін тұрса, демек, аз қосылған. Ал егер қорапта дәл қандай май қосылғаны жазылмаса, ойлану керек. Өндіруші арзан және сапасы төмен соя, жержаңғақ, мақта немесе рапс майларын қолданды деген сөз. Олар зиянды емес, бірақ құрамы жағынан зәйтүн майына жетпейді. Сәйкесінше – майонездің пайдалылығы да төмендейді.

Пікір: Жаңа әзірленген майонез – дәмдірек

Бұл рас. Майонез сатып аларда шыққан мерзіміне назар аударыңыз. Жаңа әзірленген соустың дәмі нәрлі болады. Егер мерзімі аяқталып бара жатса, онда оны сатып алмаған жөн. Мұндай өнімнің дәмі уыздай емес, сонымен қатар мерзімі өтерде ащы иісі шығып кетеді.

Пікір: Құрамында холестерин көп

Бұл өтірік. Холестерин тек мал өнімдерінде болатыны дәлелденген. Ал майонезде ол тіптен аз. Тек жұмыртқаның сарысынан болмаса. Өсімдік майынан қорықпауға болады: тамыр қабырғаларына жабысатын зиянды заттар онда жоқ.

Пікір: Жеңіл майонез қарапайым майонезден пайдалырақ

Бұл өтірік. Калориясы төмен соустарда «артық» майды сумен алмастырады, ал бұл сұйықтықтар бір-бірімен араласуы үшін оған көп мөлшерде синтетикалық эмульгацияланатын және тұрақтандыратын заттарды қосады. Ал бұлар аса пайдалы емес. Сондықтан майлылығы төмен майонездерді сатып алмаған жөн. Оның құрамында калория аз болғанымен, «химия» көп.

Пікір: Майонез қосылған тағам тез қорытылады

Бұл рас. Танымал соустың өзі тез қорытылады және онымен бірге тұтынылатын тағамның да тез сіңуін қамтамасыз етеді. Сондықтан қорытылуы қиын тағамдарға майонез қосып жесеңіз болады.

Пікір: Майонезді қалағаныңша жеуге болады

Бұл өтірік. ҒЗИ мамандары бұл соусты шамадан тыс тұтынбауды ұсынады. Күніне 25 граммнан көп емес, яғни бір ас қасық майонез тұтынуға болады. Әйтпегенде майонезбен бірге сіңірілетін май бауыр мен ұйқы безінің жұмысына зақым келтіруі мүмкін. Ал егер асқазан сөлінің қышқылдығы жоғары болса немесе сірке қышқылына аллергия болса онда майонез тұтынуға тіптен тыйым салынады.

Пікір: Майонез тәбетті ашады

Бұл рас. Майонездің құрамына кіретін қыша, сірке мен тұз тәбетті ашады. Сондықтан осы соуспен араластырылған тағамды әдеттегіден көбірек жегіңіз келеді. Сонымен қатар майонезге қосылатын глютамат натрийден (Е-621, дәмдеуіш) абай болу керек. Мұндай тағамдық қоспа тілдің дәм сезу рецепторларының сезгіштігін арттырады, нәтижесінде соус (және ол араласқан барлық тағамдар) өте дәмді көрінеді және мөлшерден тыс тағам жеуге ықпал етеді. Глютомат натрийі бар майонезді жиі тұтыну тағамдық аллергияға ұрындыруы мүмкін. Сонымен қатар дәмін күшейткіштер дәм сезу рецепторларының жұмысын бұзуы мүмкін.

Пікір: Тағамдарға майонезді үстелге қойылатын кезде ғана қосу керек

Иә, солай. Мәселе осылай дәмдірек болатындығында емес. Дәрігерлер бұл соус түрлі микроағзалардың көбеюіне ықпал ететін өнім екенін айтады. Сондықтан, егер салатқа майонез қосып, бірнеше сағатқа бөлме температурасында қалдырып кетсеңіз ауру қылатын микробтар түсіп кетуі мүмкін. Ал мұны тұтынған адам уланып қалуы ғажап емес. Сондықтан салатқа майонез қосқан соң оны бірден тұтыну қажет. Ал қалғанын тоңазытқышта сақтау керек.

Пікір: Майонезді қолдан жасау қиын

Бұл өтірік. Мұндай тапсырманы тіпті аспаздықтан хабары аз адам да орындай алады. Бұған дейін біз майонезді үй жағдайында қалай дайындау керектігі жайлы мақала жазған болатынбыз. Осы мәзір бойынша пайдалы да, құнарлы майонез дайындап алуыңызға болады.

Статистика бойынша, әрқайсымыз жылына екі килограммнан астам майонез тұтынады екенбіз.

Сурет: mygazeta.com, krasotagaleri.at.ua

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina