Тізе күтімі

Тізе күтімі

Бет теріңіз бен дене бітіміңіз жайлы уайымдап, күтім көрсетуден жалықпайсыз ба? Сымбатты көрінемін десеңіз, денеңіздің басқа жерлерін де ұмытпағаныңыз жөн. Мысалға, тізеңізге күтім көрсетпегелі көп болды ма? Жаздың ыстық күндері қысқа шорты мен белдемшелер кигіңіз келсе, бұл мәселені шешуге тура келеді.

Тізе терісі ерекше күтімді қажет ететінін бәрі біле бермейді. Аяқ ылғи қозғалыста болатынын есепке алсақ, тізе терісі күніне бірнеше рет созылып-жиырылады. Осының әсерінен ол тезірек "тозатын" көрінеді. Тізе терісі қалың болып келеді. Бұл тізенің қимылдығымен түсіндіріледі. Алайда уақыт өте тері иілгіштігін жоғалтып, салбырлап кетуі мүмкін. Күн теріге, сонымен қатар тізе терісіне көп зақым тидіре алады. Сондықтан күнге күюге құмар болсаңыз, тізеңіздің жағдайы жайлы ойлағаныңыз жөн.

Қазір тізеге пластикалық операциялар, лифтинг, липосакция жасалып, сәнді салондарда тізе терісіне арналған спа дауалары, массаж мен маскалар қолданылуда. Осыған қарасақ, қазіргі арулар тізелеріне көңіл бөле бастаған сияқты.

Осындай дауаларды қажетсінетін жағдайға жетпеймін десеңіз, мына кеңестермен таныс болыңыз.

  • Спортпен шұғылданыңыз. Жүру, жүгіру не белсенді кез келген спорт түрі аяғыңызды жаттықтырып, тері салбырауының алдын алады. Отырып тұру, секіру, аяқты сермеу жаттығуларын күнделікті жасауды ұмытпаңыз.
  • Аптасына бір рет тізеңізге массаж жасаңыз.
  • Ылғалдандырғыш кремді тізеге жиі жағып тұруды әдетке айналдырыңыз.
  • Жаз мезгілі кезінде SPF кремін бетіңізге ғана емес, тізеңізге де жағуды ұмытпаңыз.
  • Аптасына бір рет тізеңізге пилинг жасап отырыңыз. Осылайша өлі жасушалардан арылтып, теріні жаңартасыз.
  • Үйде спа дауасын өткізіңіз. Тізе терісіне пилинг жасағаннан кейін, ылғалдандырғыш кремді мол жағып, пленкамен орап, бірнеше сағатқа не түні бойы қалдырыңыз. 

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: artleo.com

С. А