Ыстық күнде ерімейтін макияж қандай болуы керек?

Ыстық күнде ерімейтін макияж қандай болуы керек?

Жаздың аптап ыстығында бет терісі ерекше күтімді қажет етеді. Жазғы макияжды қандай құралдарды пайдаланып, қалай жасау керек?

Ыстықта тушьтен тоналды кремге дейін кез келген косметика «ағып кетеді». Терідегі ұсақ тесіктер бітеліп, тер бөліну күшейеді, бұдан тері ультракүлгіннен кем емес құрғайды. Не істеу керек? Тазарту керек, қорғау керек және көбірек ылғалдандыру керек.

Бірінші қадам: тазарту


Жаз кезеңінде тазартуға арналған жұмсақ құралдарды пайдаланған жөн. Егер көбік болса, сезімтал теріге арналған жұмсағын. Егер тоник болса, спиртті емес, шөп негізінде жасалғанын. Егер скраб болса, онда ұсақ бөлшекті, жұмсағын. Егер теріңізде қабыну белгілері бар болса, антисептик ретінде мирамистин немесе хлоргексидин пайдаланғаныңыз жөн, олар спиртке қарағанда теріні құрғатпайды, бұл әсіресе жазда маңызды. Тазартатын маскалардың да жеңіл түрлері бар – бұл қияр немесе шай ағашының сығындысынан жасалатын мусстар мен көбіктер. Сонымен қатар ыстықта маскалар өте жақсы сергітеді. Тағы бір тамаша сергітуші құрал – минералды судан немесе көк шайдан жасалған мұз текшелері.

Екінші қадам: қорғау және ылғалдандыру


Теріні жазда міндетті түрде қорғау қажет. Күннен қорғайтын және ылғалдандыратын кремдерді пайдаланыңыз. Әсіресе қабаққа арналған кремге назар аударыңыз, өйткені күн сәулесі көзімізді сығырайтып жүруге мәжбүрлейді, ал бұл өз кезегінде көз айналасында әжімдердің пайда болуына әсер етеді. Тым құрығанда спрейдегі қарапайым сумен ылғалдандырып отырыңыз. Мұны жиі себуге болады, макияжға да қатты әсер етпейді.

Үшінші қадам: жеңіл макияж


Ең басты жазғы қағида – макияжды жеңілдетіңіз. Ыстықта тоналды крем жеңіл, қалың емес болуы керек, тіпті оны жақпаған да дұрыс. Опаның да қалың емес тектурасын пайдаланған жөн. Мұндай кезде үгітілген опа қолданып, оны тек таңертең жағып шыққан абзал, ал күні бойы майды сіңіріп алатын және макияжды кетірмейтін арнайы тегістейтін майлықтар қолданыңыз. Далапты ерін жылтырағына айырбастаңыз. Ментол қосылған ерін жылтырағы болса тіпті жақсы. Мұндай құрал сергітетін әсерге ие.

Сурет: www.woman.polosa.co.il

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina