Кариестен құтылудың жолдары

Кариестен құтылудың жолдары

Әрбір адам тісінің аппақ қардай таза әрі мықты болуын қалайды. Тістің сау және әдемі қалпын сақтау – бүгінгі күннің маңызды проблемаларының бірі. Бірақ тіс дәрігеріне жиі қаралатындардың саны аса көп емес. Адамдардың көбі тіс ауруының әбден ушығып, үдеген сәтінде ғана дәрігерге қаралады. Бұл дұрыс емес. Тіс дәрігеріне үнемі қаралу мен дұрыс күтім жасауды тісіңіз ауырмай тұрып әдетке айналдырғаныңыз жөн. 

Кариес «бүліну» деген мағынаны білдіреді. Адамдардың біразында кариестің пайда болуы кезінде эмальдің болмашы ғана қараюы кездеседі. Ал кейбіреулерінде жылдар бойы тіс эмалінің қалпын бұзатын тетіктер пайда болып, тістің зақымдалу процесі тез жүзеге асады. Тісті пломбалау әдісімен кариестен құтылу мүмкін емес. Тіске күтім жасау алдымен дұрыс тамақтану мен тіске қажетті дәрумендерді пайдаланудан басталады. Әсіресе, құрамында кальций, Д дәрумені бар тағамдарды жиі қолдану керек. Сондай-ақ асқазан-ішек аурулары мен қант диабетіне қатысты жиі тексеріліп тұру қажет. Бұл аурулар кариестің пайда болуына бірден-бір себепші. Тістің сау әрі әдемі қалпын сақтаудың ең тиімді жолы – дұрыс күтім мен жылына бір рет болсын тіс дәрігеріне қаралу.

Тіс щеткасын дұрыс пайдалану. Әрбір тіс щеткасының жарамдылық мерзімі – 3 ай. Сондықтан, щеткаңызды жиі ауыстырыңыз және оның тазалығын қадағалаңыз. Тіс щеткалары – қол щеткасы және "автомат" (электрлік, ультрадыбыстық) щетка болып бөлінеді. "Автомат" щеткада ауыстырып тұратын микросаптау мен таймер болады. Олар айналмалы қозғалысты қадағалай отырып, алыс аймақтардағы тіс сарысын да кетіреді. Қол щеткасына келетін болсақ, қылшықтары жиі орналасқан, жұмсақ немесе орташа қаттылықтағыны таңдау керек. Мұндай қылшық тістің арасына оңай кіреді, қызыл иекті зақымдамайды.   

Тіс пастасын таңдай білу. Тіс пастасына қойылатын басты талап – оның құрамында фтор болуы қажет.

Дайындаған: Гүлнұр Бақытбекова

Сурет: eksklusiva.ba

Г. Бакытбекова