Маман: "Адамдар жарнамадан не көрсе, сол нәрсемен емделуге құмар"

Маман: "Адамдар жарнамадан не көрсе, сол нәрсемен емделуге құмар"

Қазақстан Республикасы туберкулез ұлттық орталығының дәрігері Арбузова Елена Владимирқызы барша әлемнің індетіне айналған ауру туралы сұхбатында баяндады. Естеріңізге сала кетейік, бүгіндері туберкулез ауруы кеңінен таралған 22 мемлекет бар. Соның ішінде 19 мемлекетте жүзеге асып жатқан 30 жоба бар. Ол жобалар алдағы 5 жылдың ішінде туберкулезбен ауырған 40 000-нан астам адамды емдеуге бағытталған. 

Туберкулез дегеніміз не? 

Туберкулез инфекциялық ауру. Қазір туберкулез туралы өте көп айтылады. Кейбір адамдар мұны тұқым қуалау жолымен беріледі деп те ойлайды.  Ол бірінші кезекте ауа тамшылары арқылы ауру адамдардан сау адамдарға жұғады. Оны микобактериялар шақырады. Микобактерия – туберкулезді шақыратын микроб. Егер ауру өкпеде болса, тыныс алған кезде, сөйлескенде, ән айтқанда өзгелерге жұғады. Ол тері, ішек, сүйек сынды кез келген мүшені зақымдауы мүмкін. Тіпті, көз бен миды да. Өкінішке орай, бұл қауіпті аурудың түрі ұзақ уақыт емделеді. Және белгілері бірден байқалмайтындықтан, асқындырып алуы да ғажап емес.

Ең басты белгілері қандай?

Еліміздегі барлық тұрғын бұл аурудың ең бірінші белгісі  макроталы жөтелмен, жылдам арықтау екенін білуі тиіс. Науқас бір күн ішінде ауыруы мүмкін емес. Күнделікті кешке жақын дене қызуы көтеріліп, қатты жөтеледі. Белгілі бір уақыт аралығында өзін әлсіз сезінеді. Жиі терлейді. Осы белгілерді байқай салысымен адам міндетті түрде қаралуы тиіс.

Оның қандай түрлері бар?

Мысалы, өкпе туберкулезі туралы айтсақ, оның түрлі стадиялары бар. Алғашқы кезеңде шоғырлану процесі жүреді. Бұл кезеңде емделмеген жағдайда өкпеде ыдырау процесі жүзеге асады. Зақымданған тері ауысып, фиброз пайда болады. Артынша ірің пайда болып, зақымдануы мүмкін.

Қандай жолдармен жұғуы мүмкін?

Жоғарыда айтқанымыздай, көп жағдайда ауа тамшылары арқылы жұғады. Мысалы, қала тұрғындары көше бойына түкіре салады. Ол түкіріп шаң-тозаңға сіңеді. Артынша жел болған кезде шаңға сіңген түкірік өзге адамға ұшып баруы мүмкін. Туберкулезбен адамдардан басқа үй жануарлары да ауырады. Олар сиырлар, түйелер. Егер адам осы аурумен ауыратын жануардың етін жесе, міндетті түрде жұқтырады. Бұл ас қорыту жүйесі арқылы келетін түрі. Бұдан өзге байланыс кезінде және вертикальді деген түрлері бар. Яғни, анадан балаға. Алайда, қуанышымызға орай, анадан балаға жұғуы өте аз кездеседі.

Неге бұл індет әлемдік деңгейде проблемаға айналуда? Одан 100% емделуге бола ма?

Біріншіден, ешбір ауру 100% емделмейді. Соның ішінде туберкулез де. Ол ұзақ емді қажет етеді, ал ұзақ уақыт бойы ем алуға кез келген науқас келісе бермейді. Локализацияға сәйкес келетін түрлерін айтып өттік, бұдан өзге сезімтал және тұрақты деген түрлері бар. Ол кем дегенде 6 айдан 3 жылға дейін емделетіндіктен, кейбір науқас емді жарты жолдан тастап кетеді. Ал емнен бас тартқан науқас дертін өзгелерге жұқтыруы мүмкін. Әлеуметтік факторларға сүйенсек, туберкулез кең таралған аймақтар кедей тұрады. Мысалы, Африка және кей Азия мемлекеттері.

Тек дәрі-дәрмекпен ғана емдейсіздер ме?

Туберкулез инфекциялық ауру болғандықтан, негізінен антибиотиктердің көмегі арқылы емделді. Яғни, туберкулезге қарсы арнайы антибиотиктер бар. Әдетте химиялық терапия қолданылады. Мұнымен қатар басқа да емдеу түрлері бар. Бірақ олар да дәрі-дәрмектің көмегімен жүзеге асады: коллапсотерапия, гипалин, соратын препараттар, дәрумендер арқылы жазатын потогенетикалық ем.  

Дәл қазір адамдар жарнамадан не көрсе, соның көмегімен емделеді. Біреуден естіген тәсілдерін қолданып көреді. Бірақ мұның барлығы тек уақыт жоғалтуға себепші болады. Өйткені аталған тәсілдер дәлелденбеген.

Емдеу барысында тек өзіміздің өнімдерді ғана пайдаланасыздар ма?

Дәрі-дәрмектер әр түрлі. Ішінде шет елден әкелінетін түрлері де бар. Ал өзіміздің өнімдер көбінесе Шымкент, Павлодар зауыттарынан шығады. Дәрілердің барлығын мемлекет сатып алып, артынша облыс, аудандарға тарататындықтан, ол жағынан еш қиындық жоқ.

Бұл жерде емделу тегін бе?

Тексерілу де, емделу де тегін. 6, 24, 36 ай бойы емделетін болса да, барлығы тегін ұсынылады. Адам 2 аптадан артық уақыт бойы жөтеліп жүрсе, бірден барып тексерілгені жөн. Мұнымен қатар, жеке меншік клиникалар да бар. Сондықтан, өзгелерге де, өзіңізге де зиянын тигізбей, уақтылы емделіп тұрыңыздар. Денсаулықтарыңыз мықты болсын!

Сұхбаттасқан: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: Massaget.kz, rudaki.ru

Қ. Бүйенбай