Awаrd.kz мерейтойына қосымша жүлде әзірледі

Awаrd.kz мерейтойына қосымша жүлде әзірледі

Award.kz Ұлттық ғаламтор жүлдесі биыл қарашаның 30-ы күні салтанатты жағдайда табыс етіледі. Бұл күні соңғы онжылдықтың ең үздік сайты да анықталмақ. Ұйымдастырушылар Гран-при кубогының мерейтойлық нұсқасын әзірлеп отыр.

Кеше Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық ғаламтор жүлдесінің ұйымдастыру комитетінің тең төрағасы Александр Ляхов биыл байқаудың құрылымы өзгергенін айтты. Бұрын байқау төрт кезеңнен тұрса, биыл екі-ақ іріктеу сыны болған: сайтты жасаушылар тобының өз бағалауы және кәсіби мамандардан тұратын қазылардың іріктеуі. Биыл қазылар алқасының төрағасы болып, ресейлік UsabilityLab компаниясының жетекшісі, ресейлік сайттар интерфейсін жасаудың мойындалған шебері, танымал интернет-гуру Дмитрий Сатин тағайындалған. Байқау кезеңдері қысқарғанымен, үздік сайтты анықтау бұл жолы да оңайға соқпаған. Алғашқы кезеңнің қорытындысы бойынша, түрлі аталымға лайық ондаған интернет-ресурс анықталды. Екінші кезең солардың арасынан жеңімпаздарды нақтылайды. Олар қарашаның 30-ы күні Алматыдағы HolidayInn отелінде салтанатты жағдайда жария етіледі.

Биыл - Award.kz-ке 10 жыл. Сол себепті ұйымдастырушылар әр жылдары бас жүлдені жеңіп алған ғаламтор ресурстары арасынан ең үздігін тағы анықтайтын болады. Еске сала кетейік, былтыр байқаудың басты жүлдесін Tengrinews.kz ақпараттық порталы жеңіп алған еді. Бұл ресурс тағы үш аталым бойынша да жеңімпаз деп танылған болатын.

Айнұр Жұманова, Award.kz Ұлттық ғаламтор жүлдесі ұйымдастыру комитетінің мүшесі:

- Жүлде кубогының дизайнын қазақстандық талантты дизайнер, суретші Виталий Нам жасады. Оны шындыққа айналдыру оңай болмады, тапсырыс алушылар таппағаннан кейін бізге кубокты Қытайда жасатуға тура келді. Макетті ұзақ талдадық, жұмыс барысын күн сайын тексеріп отырдық, жарты жылдан кейін дайын болған соңғы нұсқа біздің көңілімізден шықты. Ағаш пен кеңсе әйнегінен жасалған кубоктың төменгі жағында әр жылдары Гран-при ұтып алған сайттар жазылған. 2012 жылғы пластинка әзірше бос тұр. Жыл сайын кубокқа жеңімпаздар есімі қосылып, ұзарып отырады.

Жолдаған: Болатбек Мұхтаров

Сурет: Роза Есенқұлова

А. Құлтай