Мерекелік күйзелісті болдырмау жолдары

Мерекелік күйзелісті болдырмау жолдары

Мерекелік стресс деңгейі көтерілмей тұрып, артық шаруаларды ығыстырып үйренудің 4 жолымен таныс болыңыз.

Бала кезімізде бәріміз мерекені ғажайып, беймаза уақыт деп қабылдайтын едік. Ал жұмысы бітпейтін ересекке айналғаннан кейін, қалыптасқан мерзімдік қағидалардың құрбанына айналамыз. Жаңажылдық стресс те дастархандағы «оливье» салатындай дәстүрге енген. Мереке қарсаңында адамдар сансыз міндеттемелермен жүктеледі. «Болғанынан, боладысы қызық», - демекші, мерекеге дайындық, мерекенің өзі, балалар демалысы да бәрі осы уақытқа келеді. Отбасыңыз бен достарыңыз үшін осы шаралардың барлығын Сіз қызықты етіп ұйымдастыруға міндеттісіз. Мерекелік жоғары стандартқа сай болу үшін, адамдар жұмыстың бірін бастап, екіншісін тастап, нәтижесінде ешқайсысына үлгермей жатады. Сонымен қатар, бүгінгі өмір салтымызға жат болса да, ертеден қалған дәстүрлерді де тастамаймыз. Ол да жұмыстар қатарын көбейтеді. Мысалы, біреудің анасы қолдан 100 бәліш пісіріп, үлестіретін болса, содан ауыз тигендер де жауапсыз қалдырмауға тырысады.         

Massaget.kz сайты Сіздерге бұл стрестің барлығынан құтылудың құпиясын ашады: қажетсіз іске «жоқ» деп, бас тартып үйрену қажет.

Сіз ол бәліштің барлығын пісіруге міндетті емессіз, орнына өз дәстүріңізді енгізіңіз. Осылайша, басқа да жүздеген талаптарға «жоқ» деп үйренуге болады. Мысалы, Сізге ұнамайтын кештерді немесе сауда орталықтарын бос қалдыратындай сыйлықтар тізімін де қысқарту қажет.

Мерекелік стресті азайту үшін кеңес: маңыздыларын таңдаңыз

Мерекелік көңіл-күй – алғыс пен сыйлықта. Жақын, сүйікті адамдарымызға, көршілерімізге көмектесіп, немесе жалпы қоғамға пайдалы іс тындырғанда, өзіміз де рахат алатымыз шындық. Бірақ, Сізден басқалардың бәріне ұнайтын іс-шараларға немесе ниетіңіз бен уақытыңыз жетпейтін міндеттемелерге әрдайым келісе беруден қақтығыс туындайды. 

Мерекелік шақырулар мен талаптарға «оң» жауап бере берсеңіз, күш-жігеріңіз мерекеге жетпей, таусылады. Мамандардың пікірінше, оның орнына, мерекеде өзіңізге ең бағалы дүниелерді таңдау қажет. Мысалы, құттықтау хаттарын жіберу, шырша безендіру, тамақ пісіру, дәстүрлерді сақтау, туыстарыңыз бен достарыңызбен кездесу, қайырымдылық ұйымдарға көмектесу не жай ғана демалу. 

Маңызды мәселелерді анықтап алғаннан кейін, Сіз қажетсіз іс-шаралардан бас тарта аласыз. «Оң» жауап берілетін дүниелерді айқын білсеңіз, қажетсіз шаруаларға «жоқ» деп жауап беру әлдеқайда жеңіл болады.   

Мерекелік стреске «жоқ» деудің құпиясы

1.     Барғыңыз келмейтін кештерден бас тартыңыз

Алдымен, шақырған адамға шынайы алғысыңызды білдіріңіз. «Аз сөз - алтын» ережесіне сай, ұзақ түсіндірулерсіз, қысқа да, нұсқа «Кешіріңіз, бұл күні қолым бос емес еді» деп жауап беріңіз. Қысылудың қажеті жоқ, бұл күнгі жоспарыңыз шаршағандықтан, жылы ванна қабылдау да болуы мүмкін. Немесе отбасыңызға дәмді бәліш пісіріп, үйде бірге кино қарауға уәде беріп қойдыңыз. Бірақ, өз жоспарыңызға ешкімді араластырмаңыз, оны тәптіштеп, ақталудың қажеті жоқ.  

Егер шақырушы адам келе алмауыңыздың себебін білгісі келіп, сұрай берсе, сасқалақтап, басқа сылтау іздеудің қажеті жоқ. Айтқан сөзіңізді басқаша қайталаңыз: «Мен келе алмаймын. Ол күнге басқа шаралар жоспарлап қойған едім».

Қалай болғанда да, өтірік айтпаңыз. Ренжітпеу үшін, салмақты сылтау айтқыңыз келсе де, кейін өтірігіңіз ашылса, қарым-қатынасыңыз одан да қиындап кетуі мүмкін.

Ал егер бұл мерекеден басқа уақытта кездескіңіз келетін адам шақырса, оған басқосуды кейінге шегеруді ұсыныңыз. Мысалы, «Өкінішке орай, мен сенің қонақтығыңа бара алмаймын, мүмкін мерекеден кейін кездесерміз”?

2. Бей-берекет сыйлық таратуға «жоқ» деңіз


Шындығында ешкімге қажеті жоқ, іздеуге ақша мен уақыт тапшы сыйлықтарды сатып алу міндеті секілді мерекелік көңіл-күйді басқа ешнәрсе бұза алмайтын шығар. Бұдан әбден шаршасаңыз, бұл дәстүрден бас тартыңыз. Немесе сәл әдепті нұсқасын таңдаңыз. Өзара сыйлық алмастыратын нақты адамдарды анықтау үшін жеребе тартуға болады. Әлде отбасы мүшелеріне ортақ бір сыйлық алыңыз. Ерекшеленгіңіз келсе, «жаңаша» тарту ұйымдастырыңыз:        

  • ·Ақша жинап, отбасылық ортақ кәсіби портретке тапсырыс беріп, барлығына фото шығарып беріңіз.
  • ·Материалды сыйды есте қаларлық мерекелік демалыспен алмастырыңыз.

Қала сыртында жалға үй алыңыз немесе отбасыңызды боулинг ойнауға алып барыңыз, әлде мерекелік көрсетілімге жиналыңыз.   

Пайдасыз сыйлықтардан шаршағандарға тағы бір қызықты шешім: сыйлық беру қажет адамға «Мен жаңа дәстүр енгіземін. Сыйлық сыйлаудың орнына, сенің құрметіңе аталатын жұлдызды сатып алуға ақша жинап жатырмын», - дей салыңыз. Ойынды түсінетін адам мұндай әзілді міндетті түрде бағалайды.  

3. Шақырылмаған қонақтарға (ұзақ уақыт кетпейтін) «жоқ» деңіз

Тума-туыс бас қосқанда, Сіздің бала кезеңіздегі тентектігіңізді айта беретін бауырыңыз мерекелік демалысқа балаларын Сізге тастап кеткісі келсе, бірден келіспеген жөн. Келген қонақтарды шығарып салғаннан, оларды кіргізбеу жеңіл. Үйіңізде орнығып алған қонақтарды ренжітпей шығару мүмкін емес.       

Сақтандыру әдістері:

  • ·Сіз қалаға келе жатырсыз ба? Тамаша! Жуырда ғана керемет қонақүй ашылған, ол сізге міндетті түрде ұнайды деп ойлаймын.
  • ·Кешіріңіз, үйімнің қонақ қабылдайтын жағдайы жоқ.
  • ·Сіздерді көруге асықпын. Тоқтайтын жер іздеп қояйын ба?  

4. Үлкен той-думан ұйымдастырушысы болудан бас тартыңыз

Айтпақшы, сіз туысқандарыңыздың арасында «ең пысық келін» емессіз бе? Барлық жақын-жуықты жинап, үлкен қонақтық жасайтын белсенді ретінде танылдыңыз ба? Егер мұндай жиындардың дайындығынан шаршасаңыз, бағдарламаны өзгертіңіз. Мысалы, «жыл сайын Жаңа жылды біздің үйде қарсылап келдік. Биыл ерекше мереке жасау үшін, басқа үйде дастархан жайсақ қалай болады? Немесе мейрамханада үстелге тапсырыс берейік». 

Ал егер мерекеде бәрібір қонақ күтетін болсаңыз, дайындықты жеңілдету үшін, «дәстүр» деген сөздің күшін тиімді қолданыңыз. Сіз ұсынатын жаңа дәстүр: «мерекелік дастарханға әр отбасы бір тағам әкеледі».

Жоғарыдағы кеңестер қазақ менталитетіне жат болса да, қазіргі заманда мерекеден әрбір адам рахат алып, демалу үшін мәжбүр шаралар болып есептеледі. Сізге де қуанышты, қызықты ерекше мейрам тілейміз! Жаңа жылыңызбен!

Суреттер zdorovieinfo.ru, artleo.com сайттарынан алынған