Лондон Олимпиадасының жабылу салтанаты

Лондон Олимпиадасының жабылу салтанаты

Дүниені думан мен ән-күйге бөлеген XXX жазғы Олимпиада ойындары да өз мәресіне жетіп отыр. Санаулы ғана күндер ішінде сіздер болып, біздер болып, бүкіл әлем болып талай-талай қызықтар мен керемет сәттердің куәсі болдық. Биылғы жыл біз үшін, қазақ елі үшін өте табысты жыл болды. Лондон төрінде алғашқы күндерден-ақ қазақтың әнұраны орындалып, байрақты туымыз бәсеке көркін арттыра түсті. 

85 елдің спортшылары жүлде алған дүбірлі додада Қазақстан құрамасы 12-орын алып отыр. Бүгінгі таңда қазақ елінің қоржынында 7 алтын, 1 күміс, 5 қола жүлде бар. Және көш басында АҚШ құрамасы тұрса (104 жүлде), 2-орын бұл жолы Қытай еліне бұйырды (87). Ал Ұлыбритания елі үздік үштікті қорытындылады (65).

Сонымен жабылу салтанатының алғашқы шымылдығы ашылған сәттен бастап, ағылшын халқының талғамы мен арман-тілегінің, мақсат-мүддесінің қай бағытта орындалғанын, әлі де орындала беретінін бірден түсініп, сезініп отырдық. Бүкіл сахнаға Британияның бір күндік өмірін бере алған қоюшы режиссерлер (Ким Гэвин бастаған өнер адамдары) талайды таң-тамаша қалдырды. Тек қана Ұлы... Ұлыбританияда жүретін қара түсті көліктердің сахна ортасына шыққан сәттегі сезім мен көңіл-күйдің қай бағытта ауыса бастағанын сезіндік. 

Стивен Пол немесе "Профессор Грин" ретінде танитын композиторымыздың қазақша аударғанда "Осы туралы бәріңіз оқыңыз" әнін Эмили Санде орындап шыға келгенде жанкүйерлер отырған бөліктің дүл сілкінгенін көрсеңіз. 2011 жылдың хит-әні болған туынды көпшіліктің жадында жарқын елестермен сақталыпты.

Бір кезде акрабаттардан құралған "Стомп" тобы шыққанда сахна одан бетер жанданып қоя берді. Қала даусын құлақ ұшына жеткізе алған сәтте тағы да бір кереметтің басталып жатқаны анық еді. Ішіміз біліп отырғандай, Биг-Беннен Уинстон Черчиллдің сұлбасы көлбеңдеп қоя берді. Атақты Шекспирдің "Боран" шығармасынан үзінді келтірген премьер-министр ортаға қайта оралып, қауышып отырғандай сезім қалдырғаны. Одан іле "Жаратқан, королеваны аман қыл" (королеваның билік құрғанына 60 жыл толып отыр) әні орындалып, қара көліктер өз елінің туын желбіретіп шыға келді. 

Madness, Pet Shop Boys және One Direction топтарының кешке керемет көрік бергені, 1969 жылдан бері классикалық туындылардың қатарында саналып келетін "Италиянша ұрлық" киносынан актер Майкл Кейннің үзінді келтіргені, оған іле "Ақымақтардың жолы болғыш" комедиясының ең қызық дейтін тұстары, The Beatles-тың әнімен басталған сәнді салтанаттың жалғасы - бәрісін-бәрі өмір дейтін тұрлаусыз дүниеде тұрақты құндылықтардың барын айқындап тастағандай. 

Көптен күткен сәт, Грекия елінің бастауымен сан елдің саңлақтары алаң ортасына шықты. Қазақстанның қоржынына медаль сала алмағанмен, жақсы өнер көрсеткен Дычко секілді ел спортшылары сәт сайын телеэкраннан көрініп қалып жүрді. Және қазақ халқының кеудесі өр, тәні бекем халық екені тағы да бір айқын танылып тұрды.

....Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Жак Рогге жүрекжарды сөзін айтты:

"Осы 16 күнге созылған Олимпиада ойындарына қарыздармыз. Өз кезегінде ыстық құрметім мен алғысымды Себастьян Коэге және бүкіл ұйымдастырушы құрамға айтқым келеді. Оған қоса бүкіл әлемнің жұртшылығы мен спортшыларға барлық жағдайды жасап берген Ұлыбритания да осы қатарда құрмет пен ырзалыққа әбден лайықты. Бұл қатарда ерікті адамдардың жасаған ерлігін айтудың өзі неге тұрады. Ең бастысы, қолдау мен қолпаштауы мықты орта қалыптастырған жанкүйерлерге рақмет".

Жак Рогге  XXX жазғы Олимпиада ойындарын жабық деп жариялай отырып көпшілікті Рио-де-Жанейроға шақырды (2016 жыл). Бұған дейін үшінші рет Олимпиада өткізіп тұрған Ұлыбритания елі соңғы сәтке дейін қимастықпен толқып тұрды. Ал Бразилия астанасының мэрі Эдуардо Паес Олимпиада жалауын қабыл алып, Бразилияға аттанып кете барды. 


Сурет:.london2012.com

Дайындаған: Фараби Бақыт

Л. Лига