Лондон Олимпиадасының Чемпионы Серік Сәпиевке Вэл Баркер кубогы берілді

Лондон Олимпиадасының Чемпионы Серік Сәпиевке Вэл Баркер кубогы берілді

Олимпиаданың техникалық жағынан ең үздік боксшысы ретінде Серік Сәпиевке Вэл Баркер кубогы берілді.

Екінің біріне бұйыра бермейтін беделді жүлдеге бұған дейін қазақстандық боксшылар - Василий Жиров пен Бақтияр Артаев ие болған. Вэл Баркер кубогы (ағыл. Val Barker Trophy) - 1936 жылдан бастап Олимпиада ойындарының ең техникалық боксшысына берілетін жүлде. Кубок ағылшын боксшысы, Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының алғашқы құрметті хатшысы Вэл Баркер құрметіне 1920 жылы тағайындалған. Кубок AIBA-ның жекеменшігі болып табылады және Олимпиада ойындарында алған орынына қарамастан ең мықты техника көрсеткен боксшыға табыс етіледі.

Жеңімпазға Кубоктың көшірмесі және АIBA-ның Дипломы беріледі. Кубок жарыстар біткеннен соң, бір күннен кейін, арнайы салтанатты рәсім барысында, АIBA мүшелері және шақырылған қонақтар көзінше табыс етіледі. Салтанатты рәсімге Кубокқа үміткер болған барлық спортшылар шақырылады. Кубокқа жеңімпаздың есімі, өнер көрсеткен салмағы, елі және Олимпиада өткен қаланың атауы қашалып жазылады.

Кубок иегері Кубокты өз елінің Ұлттық бокс федерациясына келесі Олимпиада ойындарына дейін сақтауға өткізеді. Ұлттық бокс федерациясы АIBA-ға Кубокты қауіпсіздікте сақтау жөнінде кепілдеме береді және АIBA-ның есепшотына кепілдік ретінде ақша аударады. Келесі Олимпиада ойындары басталуына кем дегенде жеті күн қалғанға дейін Кубок Олимпиада өтетін қалаға, АIBA -ның Атқарушы комитетінің мүшелеріне жеткізілуі керек.

Кубок иегері АIBA тарапынан келесі Олимпиада ойындарына құрметті қонақ ретінде шақырылып, Кубокті келесі боксшыға табыстау рәсіміне қатысады. Егер Кубокты қатарынан үш рет бір елдің боксшылары алса, онда Кубок сол елдің Ұлттық бокс федерациясының меншігіне өтеді.

Сурет:london2012.com

Дайындаған: Фараби Бақыт

Л. Лига