Испания - Португалия. Кім мықты?

Испания - Португалия. Кім мықты?

Португалия Испания құрамасын алда-жалда жеңіп жатса чемпион болады. Бұл сөзсіз. Себебі, бүгінгі таңда "қызыл фуриялықтарды" тоқтатқан команда ғана  чемпиондыққа дәмелі десек артық айтқандық емес. Бірақ, жартылай финалға жолдама алып отырған командаларды осал деуге ауыз бармайды. Бір жағында қарсыластан қарсылас қоймай келе жатқан "неміс машинасы", екінші жағында адымдап болса да финалға жақындай түскен итальяндықтар.

Сонымен Роналдудың Роналду болып бір жарқырайтын немесе өзінің әлемдегі ең мықты ойыншы екенін дәлелдейтін сәтке де, сын сағаттарына да аз қалды. Бір өзі бүкіл командаға татитын Роналду бастаған, жұрт қостаған команда испандықтарды тоқтата ала ма екен?! Мүмкін, футболда бәрі де мүмкін...Оның үстіне Испания осы маусымда жарқын ойын өрнегін көрсетуге асықпауда.

Бұл ойынға Паулу Бентудың да бір ойлағаны бар шығар. Әйтпесе, ойынға шыға салып, испандықтарды жеңіп кету шындық болудан қалғалы қашан. Жалғыз сеніп отырғаны Нани мен Роналду болса, онда қатты қателеседі. Бір-екі ойыншы ойын тағдырын шешіп кете алады. Бірақ, испандықтармен ойнағанда бүкіл ойын тағдырын бір ойыншының шешіп кетуі мүмкін емес.

Дель Боске болса асықпай, қияқтай мұртының астынан күні бұрын күліп отырған болар. Иә, Дель Боске күліп жатса жарасады. Әлемнің ең үздік жартылай қорғаушылары, шабуылшылары ойнайтын командамен жеңіске бастау қиын емес. Мүмкін, қазірдің өзінде финалдық ойынға бас қатырып жүрген шығар. Әрине, осы турнирде жалғыз неміс командасының асығы алшысынан тұрғандығын мойындаған болса, онда сол немістерді қалай құрықтарын кешіп-пішіп қойған да болар...

Ең бастысы бүгінгі ойын. Кімнің жеңіске жететіні алаңда шешіледі. Ендеше, 00:45-те теледидардың қасынан табылғанша.

Сурет:eurosport.ru

Дайындаған: Фараби Бақыт

Л. Лига