Германия мен Грекия арасындағы ойын. Кім мықты?

Германия мен Грекия арасындағы ойын. Кім мықты?

Бүгін Еуро-2012 турнирінің ширек финалдық ойынында Германия мен Грекия құрамалары өзара мықтыны анықтайтын болады. Бүкіл әлем назарын тіктеп отырған тамаша футбол спектакльі тартысты да тартымды ойынға толы болар деген сенімдеміз.

Йоахим Лев Еуро-2012 турнирінің ширек финалдық кезеңінен Германия өтіп тұр деген адамдарға алдын ала ескерту жасады. "Грекиямен ойнау дегеніміз - жарға барып сүзісумен пара-пар нәрсе"-деп журналистерге берген сұхбатында ағынан жарылды.

Гданьскедегі PGE Аренада өтетін ойынның алдында немістерге мақтанарлық себеп бар. Біріншіден, Германия құрамасы соңғы он төрт ойында бірде-бір рет жеңіліс тауып көрмеді. Және осы турнир барысында бір мәрте ғана құрамға өзгеріс енгізді. Бір ойыннан аластатылған Жером Боатенг те енді қатарға қайта келіп қосылды. Кешегі күні ақсаңдап жүрген Бастиан Швайнштайгер де жарақатынан толыққанды айықты. 

Иә, бүгінгі болар ойынның сөзсіз фавориті Германия құрамасы. Шапшаңдығы мен қарымта шабуылдарды кез келген сәтте пайдасына асырып кете алатын "неміс машинасын" тоқтату гректерге қиынға соғары анық. Алайда, гректер де оңай шағыла салатын жаңғақ емес. Оның дәлелі ретінде Ресей құрамасымен арада өткен ойында алсақ болады. Бір ғана голмен ойын тағдырын шешіп кете беретін гректердің де бір жасырған көзірі бар шығар. 

Сонымен тамаша футбол тойынан қалыс қалмаңыздар. Ойын Астана уақытымен сағат 00:45-те басталады. 

Сурет: euro.nurastana.kz

Дайындаған: Фараби Бақыт

Л. Лига