Роналдудың үшінші мүмкіндігі

Роналдудың үшінші мүмкіндігі

1/4 финал. Чехия - Португалия - 0:1 (0:0)
Гол: Криштиану Роналду, 79 (0:1).

Еуро-2012 турнирінің ширек финалдық ойынында Португалия құрамасы Чехия құрамасынан 1:0 есебімен басым түсті. 

Екі команда да алаңға үйреншікті құраммен шықты. Чехия құрамасының сапында бірінші минуттардан шыққан ойыншылар: Петр Чех, Теодор Гебре Селасси, Михал Кадлец, Томаш Сивок, Давид Лимберски, Ярослав Плашил, Вацлав Пиларж, Томаш Хюбшман, Петр Йирачек, Владимир Дарида және Милан Барош.

Паула Бенту шығарған құрам: Руй Патрисиу, Бруну Алвеш, Пепе, Фабиу Куэнтран, Жуан Перейра, Мигел Велозу, Жуан Моутинью, Раул Мейрелеш, Нани, Криштиану Роналду және Элдер Поштига.

Ойын басында екі команда бір-бірінің осал жерін тануға тырысты. Бірінші минуттардан-ақ чехтар қауіпті шабуыл ұйымдастыра білді. Араға минуттар салмай жатып-ақ португалдықтар да қарымта шабуылға мүмкіндік алды. Алайда, екі шабуыл да соншалықты өткір бола алмады.

Бірінші ойын бөлігінің ортасы тұсында Криштиану Роналду Петр Чехпен бетпе-бет келді. Петр Чех қақпасын қорғап қалғанмен, одан бұрын тәртіп бұзылған-ды. Содан кейін сәт сайын Роналду қарсы қақпаны бірнеше мәрте нысанаға алып көрді. Михал Билек баптаған ойыншылардың қақпасына доп дарымады. Ақыры бірінші ойын бөлігі де өз соңына жетті. 

Екінші ойын бөлігінде португалдықтар алаңға шыға салысымен, басымдылықты өз қолдарына алды. Бұл жолы да португалдық көшбасшыға мүмкіндік келді. Бірақ, "Челсидің" негізгі қақпашысы Петр Чех өз қақпасын болатын голдан құтқарып қалды. Чехтар қарымта шабуылдармен жиі-жиі қарсы қақпаға төніп көргенмен, ешнәрсе өндіре алмады.

Ойынның бітуіне он минут қалғанда Роналду Петр Чех қорғаған қақпадан саңылау тауып, жеңіс голының авторы атанды. Жуан Моутинью оң қапталдан суырылып өтіп, айып алаңына әуелетіп пас тастады. Бірінші болып жеткен Роналду ағылшындық мәнерде қақпаға допты тоғыта салды. 

Енді Португалия құрамасы Испания мен Франция құрамалары арасындағы ойынды күтетін болады.

Сурет:sport-express.ua

Дайындаған: Фараби Бақыт

Л. Лига