Торреске берілген төрт мүмкіндік...

Торреске берілген төрт мүмкіндік...

Голдар: 60' Ди Натале (0:1)
64' Фабрегас (1:1)

Испания: Касильяс, Серхио Рамос, Арбелоа, Пике, Жорди Альба, Фабрегас (Фернандо Торрес, 74), Иньеста, Хави Алонсо, Хави, Давид Сильва (Хесус Навас, 65), Бускетс.

Италия: Буффон, Бонуччи, Кьеллини, Де Росси, Пирло, Тьяго Мотта (Ночерино, 90), Маджо, Маркизио, Джаккерини, Кассано (Джовинко, 65), Балотелли (Ди Натале, 56).

Ескертулер: Жорди Альба, 66, Фернандо Торрес, 84, Арбелоа, 84 - Балотелли, 37, Бонуччи, 66, Кьеллини, 79, Маджо, 89.

Төрешілер құрамы

Бас төреші: Венгрия Виктор Кошшои.
Көмекшілері: Венгрия Габор Эреш, Венгрия Гьорги Ринг.
Төртінші төреші: Шотландия Уильям Коллам.
Қақпа артындағы төрешілер: Венгрия Иштван Вод, Венгрия Томаш Богнар.

Азуын айға білеп тұрған Италия құрамасы мен айдарынан жел есіп тұрған Испания құрамасы  арасындағы ойын біз ойлағандай болмады. Ә дегеннен-ақ құрамда кілең жұлдызды ойыншылардың шыққаны көп нәрседен хабар беретіндей әсер қалдырып еді. Хави бастаған жартылай қорғаушылардың төрт көзі түгел болып шыққан кездегі көрермендердің қалай қуанғанын көрсеңіз. Алайда, бұл кештегі ойын көпшілікті тұнжыратып тастады. Әсіресе, испандық жанкүйерлерді.

Чезаре Пранделли баптаған италиялық ойыншылардың қандай ойын мәнерімен ойнайтыны күні бұрын белгілі болатын. "Баяғы жартас, сол жартас"-дегендей Италия құрамасы ең алдымен қорғанысқа мән беретін-ді. Бұл жолы да солай болды. Тек үш қорғаушы, төрт бірдей жартылай қорғаушы жүйесін іске қосты. Аталған жүйе ойын біткенше өз жемісін берді десе де болады. Алдыңғы шабуыл легіне Марионы жіберіп қойып, италиялықтар қарсыласының әлсіз жерін іздеп бақты.

Ал Испания құрамасы жартылай қорғаушылардың қарым-қабілетінен өрілген командалық ойынды ортаға салды. Хави бастған серкелердің жаза баспай, допқа иелік етіп, қарсылас қақпасына саңылау таппай, әрі-бері сандалғаны жанға батты. Бірінші кезекте Давид Вильяның орны ойсырап тұрды. 

Венгриялық Виктор Кошшои ысқырығы берілгеннен-ақ алаң ортасында басымдылыққа талас болған-ды. Алғашқы минуттарда-ақ пиренейліктер орталық алаңды билеп-төстеп, өз ойының жүргізуге құлық танытты. Кезекті шабуылдардың бірінде Давид Сильва бірінші рет Буффон қорғаған қақпаға доп бағыттады. Бірақ, кәнігі әрі айлалы қақпашы допты еш қиналмастан қағып алды. Ал содан соң айып алаңына көтерген Пирлоның пастарынан еш нәтиже шықпады. Керісінше Иньеста кезекті бір шабуылдардың сәтінде айып алаңына келген допты шірене тепкен-ді. Қақпаның жақын бағанасына бара жатқан допты Буффон тырп еткізбей бағындыра алды. Осынау испандық ойыншылардың шабуылына қарымта шабуылды Кассано ойластырды. Алаң шетіне ойқастап барып, жақын беттегі әріптесіне әдемі пас берді. Маркизио да келген допты ойланып тұрмастан қақпаға бағыттап үлгерді. Бұл жолы Касильяс шеберлік танытты. Ептілігінің арқасында қақпаны доптан сақтап қалды. 

Жалпы ойын бір бағытпен өтіп жатты. Испаниялықтардың дені таза толыққанды шабуылшы шығармағаны дұрыс болмады. Қайта-қайта қарсы қақпаны нысанаға алғанмен Фабрегас еш өндіре алмады. Әсіресе, 43 минутта жақсы мүмкіндікті бос жіберіп алды. Оған өзін-өзі қалай кінәлағанын көрсеңіз. Себебі, "Барселона" сапында жүріп, мұндай голдың қаншасын соққан жартылай қорғаушы шірене тебе бергенде Баннучи жақын маңнан табылған еді. Ол қорғаушыға тән жанкештілігінің арқасында допты кері қайтарды. Осымен ойынның бірінші жартысы бітті де...

Екінші жарты бөлікті "қызыл фуриялықтар" жақсы қарқынмен бастады. Дель Боскенің үзілісте не айтқаны белгісіз, команда өзін ширақ ұстады. Иньеста мен Хави өздеріне келген мүмкіндіктерді алаң сыртынан да байқап көрді. Доп та дуалап қойғандай қақпадан мүлт кетіп жатты. Осынау қарбаластардан соң италиялықтар ес жиып үлгерді. Қарымта шабуылдардың бірінде Марио Баллотели Серхио Рамостың қателігін пайдаланып, яғни 54 минуттарда қақпашымен бетпе-бет қалу мүмкіндігіне ие болып еді. Еш кетті. Қателігін түзеуге тырысқан Рамос дер кезінде үлгеріп, қақпаға төнген қауіпті аластап тастады.

Сосын Баллотелидің орнына Ди Натале ауысты. Удинезенің мергені болып саналатын шабуылшы ойынға қосыла салысымен ойыннан тыс қалып үлгерді. Команданың шабуыл шегіндегі тізгінді қолға алып, әріптестеріне тың серпін сыйлады. Бапкердің де бір ойлағаны бар шығар, Пирлоны алдыңғы шепке шығуға шақырды. Сол бір қарымта шабуылда Пирло өзінің ойын мәнерімен екі бірдей қорғаушыдан қиналмай өтіп, Ди Наталеге кесіп пас берді. Удинезие шабуылшысы Икермен бетпе-бет келіп, допты қақпа шетіне бағыттай салды. Гол!

Гол соққанға еңсесі түсіп кететін испандар жоқ, керісінше, ойынды басқа мәнермен жүргізуге тырысты. Енді қос қапталдан Иньеста мен Хави бірлесіп, шабуыл тізгінін қолдарына алды. Қанша пас беруге тырысқанмен италиялықтар қорғанысқа жамбастап жатып алды. Және әр Испания тарапынан орын алып келе жатқан шабуылды орта жолда үзіп-тастап отырды. Алаңға Торрес шығуға дайындалып жатқанда, Давид Сильва ортаға кесіп тұрып пас тастады. Ал оған бірінші жеткен Фабрегас қақпаға бағыттап есепті теңестірді. Тең де тең.

Гол соғыла салысымен, алаңға Эль Ниньо шықты. 2008 жылы Испания құрамасына жеңіс әкелген ойыншыны барлығы ыстық ықыласпен қарсы алды. Ендігі бар үміт жалғыз гол ғана. Ал оны сөзсіз Торрестен күтті. Бақытына емес, сорына орай ма, Торреске ойын біткенше, төрт бірдей мүмкіндік берілді. Бірінде ойынды бағамдай алмаса, енді бірде әріптесін көрмей, допты қақпадан ары асырып  жіберді. Енді бірде пас жіберудің оңтайлы сәттерін жіберіп алып жүрді. Торрес сөйтіп өзінің мықтылығын дәлелдей алмады. 

Екі бірдей соңғы әлем чемпиондары өзара мықтыны анықтай алмай, алаңнан тең дәрежемен кетті. Алдағы ойындарды ойлаған Дель Боске де бар кінәні алаңның шөбіне жауып бақты. Онысы дұрыс та шығар. Бірақ, футболдың аты - футбол! Миллиондардың ойыны болған соң, жолда миллион кінәраттардың кездесетіні ақиқат. 

Видео: You Tube

Дайындаған: Фараби Бақыт

Суреттер: football.sport-express.ru; lenta.kz

Л. Лига