Месси Марадонаны басып озды

Месси Марадонаны басып озды

Каталониялық «Барселона» мен Аргентина құрама командасының шабуылшысы һәм капитаны Лионель Месси ел құрамасы сапындағы өткізген матчтар бойынша аты аңызға айналған отандасы Диего Марадонаны артқа қалдырды. 

«Әлем біріншілігінің жартылай финалындағы Голландияға қарсы ойын Месси үшін Аргентина қатарындағы 92-ші матч болып тіркелді. 27 жасар әлемнің төрт дүркін үздік футболшысы әр матчта орташа есеппен 0,46 гол салып отырған екен. Ал Марадонада бұл көрсеткіш 0,37-ні құрайды. Лионель Месси құрама сапындағы матчтарында жалпы саны 42 доп соқса, 1986 жылғы әлем чемпионы 34 рет мергендігімен танылған»,-деп хабарланады.

Естеріңізге салар болсақ, Аргентина құрама командасы әлем чемпионатының екінші жартылай финалдық матчында Голландиямен жасыл алаңға шығып, ойын соңындағы пенальти сериясының қорытындысы бойынша 4:2 есебімен жеңіске жеткен еді. Енді финалдық ойында олар алаң иелерін ірі есеппен (1:7) ойсырата жеңген Алмания футболшыларымен алтын кубокты сарапқа салады.   

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: latinpost.com

Б. Қосмағамбет