Блогшылар сайысының нәтижесі

Блогшылар сайысының нәтижесі

Массагет жұрты көптен күткен блогшылар сайысы да мәресіне жетті. Бір аптаның ішінде ардақты оқырмандарымыз 24 блог жазып, өз ықыластарын түрлі жолдармен білдіруге тырысып бақты. Бірі суретшілік өнерін паш етсе, енді бір оқырман бар ықыласын қара сөзбен жеткізуге ынталанды.

Бәйге ережесі бойынша, лайк санымен жинаған ұпайға қоса, редакция таңдауының да ықпалы болатындығын айтқан болатынбыз. Сонымен конкурстың нәтижелерімен таныс болыңыздар:

I орын. Айқаракөз. "Массагетті массагеттіктер қалай құттықтайды?" жазбасы үшін. Жазбаға қолданушылардың берген бағасы 24 ұпай. Автордың жасаған фотоспекталі мақтауға лайық. Ұжым Айқаракөздің бұл еңбегін жоғары бағалады.

II орын. Нурзия *КазНет-тің төрі сенікі, Массагет.кз! блогы үшін. Жазбаға қолданушылар 13 ұпай берген. Ұжым автордың жасаған инфографикасы үшін алғыс айтады. Сонымен қатар, Нұрзияның жүрек төрінен шыққан жылы лебіздері мен әдемі, жұп-жұмыр жазбасы қазылар алқасының көңілінен шықты.

III орын. Каспий Меруерті. "Жай ғана, жақсы көреді екенмін..!" жазбасы үшін. Блогқа қолданушылар 23 ұпай берген. Редакция Меруерттің өз қолымен салған суретін ерекше бағалады. Оған шығармашылық табыстар тілейміз.

Редакция, сонымен қатар, лайық деп тапқан қолданушыларға арнайы сыйлық беруді дұрыс деп тапты.

"Жеңіске деген ерекше ұмтылысы үшін" номинациясы бойынша Nurbek Khamidullaev марапатталады. Нұрбек бір аптаның ішінде 5 блог жариялады. Авторға осынша ыстық ықыласы үшін алғыс айтамыз. Жақында 13 жасқа толғалы отырған Нұрбектің сайыстың ең жас қатысушысы екендігін де айта кетелік. 

"Креативтілігі мен ерекше шығармашылық еңбегі үшін" номинациясымен Еркебұлан Толқын марапатталады. "Қазнеттің "Массагетінен" - қазақтың мақтанышына!" атты жазбасында автор қызықты математикалық есептеулер жүргізіп, Массагеттің мерейтойын өзінің туған күнімен шебер байланыстырған. Осы еңбегі үшін Еркебұланға ерекше алғыс айтамыз.

Қолданушылардан жоғары ұпай алған сайыс қатысушыларын арнайы атап өтейік: Жако Жұмағали - 30 ұпай, Ж. ТҰРАПБЕК - 15 ұпай, Айка Б - 18 ұпай. 

Осы орайда, қолданушылардан бөлек, редакция алқасының да дауысы еленгендігін қайталап өтеміз. Сайыс қорытындысы бойынша, оқырмандардан ең көп дауыс жинаған Жако Жұмағалиға келетін болсақ, жұлдызды блогшымыздан бұдан да көп нәрсе күткен болатынбыз. Автордың жазбасы біз үшін асығыс істелген істің әсерін қалдырды. Дегенмен, Жанатты жұлдызды блогта қалдырып отырмыз әрі ол Массагеттің сүйікті қолданушыларының бірі болып қала бермек.

Құрметті оқырмандар және сайыс жеңімпаздары! Бүгін электронды пошталарыңызға Массагеттің өкілі хабарласып, мекен-жайыңыз туралы ақпарат алатын болады. Тиесілі сыйлықтарыңызды мерекелік демалыстан кейін мекен-жайыңызға салып жіберетін боламыз.

Сайысқа ат салысып, үлес қосқан барлық массагеттіктерге редакция алғыс білдіреді. Қаламдарыңыз қарыштай берсін!

Құрметпен: Массагеттеріңіз

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

Massaget