Е. Ибраимов: "Жастардың бірлігі жетістік әкеледі"

Е. Ибраимов: "Жастардың бірлігі жетістік әкеледі"

Massaget.kz порталының 1 жылдығына орай өнерімен, қайраткерлігімен, спортта жеткен жетістігімен елге танымал адамдардан алынатын сұхбаттар легін бастаймыз. Бірінші кезекте Ермахан Ибраимов жастарға деген ықыласымен бөлісіп, спорт жайында толғанбақ. Бұдан басқа, Олимпиада чемпионы Мassaget.kz порталын 1 жылдығымен құттықтайды.

- Қазақстанның Олимпиададағы жетістігі әлемді таңғалдырды. Бұл жетістіктің хронологиясын айтып өтсеңіз. Біз бұл мақтанатын жағдайға қалай жеттік?

- Негізі Қазақстан егеменді ел болғалы бері 5 Олимпиадада бокстан 6 алтын медаль алған екен. Бес күміс, алты қоланы қосыңыз. Біздегі бірде-бір спорттың түрі мұндай мақтанышпен айта алмайды. Бірақ бұл басқа спорт түрін төмендеткенім емес, Ольга Шишигина, Илья Ильин, Александр Винокуровтардың жетістігі еліміздің жетістігі деп ойлаймын. Ал кейде бізді өзбек, қырғыз боксшыларымен салыстырып жатады. Керек десеңіз, біздің бокс Ресей боксынан да мықты. Жетістіктің барлығы да үлкен еңбекпен келді. Қазақстанның, мәселен мен сізден сұрасам, Мақат, Бейнеу деген жерлерін білесіз бе? Білмейсіз. Еліміздің түкпір-түкпірінен бокс мектептерін тауып алып, солармен жақсылап жұмыс жасадық. Бокстың насихатын ауыл-аймаққа жүргіздік. Олимпиадада біздің бокстағы жастарымыздың ауызбіршілігі арқасында осындай атаққа ие болып отырмыз.

- Қазақстан боксшыларының ішінде кімді ерекше айтасыз? Қазіргі уақытта?

- Айтайын, қазір Серік Сәпиев Қазақстанның ең жоғары дәрежедегі боксшысы. Ол бұрынырақта әлем чемпионы, ал қазір Олимпиада чемпионы атанып, екі бірдей шыңды бағындырып отыр. Бізде ондай боксшы бұрын болмаған. Баркер кубогын алғанын тағы айтайық. Серік жас қой, сонда да халық оған риза. Тіпті де «Мен үлкен спортпен қоштасамын» деп ел алдында айтса да, ешкім оған ренжімейді. Оның стилі мен өзін-өзі ұстауы кәсіби боксқа келмейтін сияқты. Оның мәнері Серік Қонақбаевтың боксына ұқсайды, яғни классикалық бокс деп атасақ жараспайды емес. Біржан Жақыповты айтайық, ол жеңілген жоқ, бірақ жеңген де жоқ қой. Біз осыны ұғуымыз керек. Өзімізге сыни көзбен қарағанымыз жөн. Жігіттер Олимпиадаға барар тұста мен былай дедім: «Жігіттер, сендерге ешкім алтынды оңайлықпен бере қоймас, берсе қолынан, бермесе жолынан алыңдар!». Серік інім сол сөзден кейін оттай жанғанын айтып, рақметін айтты.

- Төрешілердің әділдігіне баға берсеңіз...

- Төрешілер барынша әділ болуға тырысты. Бірақ бокста саясат бар секілді. Осылай ғана жауап беремін. Ал жалпы өз ойым спорт әрқашан тек - спорт болып қалғаны дұрыс. Мұнда ешқандай да саясат болмауы тиіс.

- Үш Олимпиада жылдарында командалық есепте Куба, Ресей, Қазақстанға жететін команда болмаған. Ал Қытайда өткен Олимпиадада қытайлықтардың мерейі үстем болып, өз кезегінде Ұлыбританияда өткен Олимпиадада британдық спортшылар басымдылық танытты. Бұл қалай?

- Қытай Мерей Ақшалов, Серік Сәпиев секілді жігіттерімізді жылатып жіберді десек те болады. Амалымыз жоқ еді. Оған келісемін. Бірақ Ұлыбританияда үстемдікті Украина командасы тартып алды. Куба, Ресей, Қазақстан көшбасшылығын қайта орнына келтіріп жатқанын айтып өтейін. Куба боксшылары Олимпиадада жеңе алмағаны үшін қудалауға ұшырап, олардың орнына жастар келуі себепті медаль ала алмады. Ал келесі жарыстарға олар азуын қайрап отырғанына сенімдімін.

- Қазақстан біріншілігінде боксшылар дулығасыз шықпақ. Бұл туралы не айтасыз?

- Бокстың әдемілігі жоғалып барады. Ал ашық ұрыс азайып барады. Ұстасып қалып, бір-бірін түртіп қана тұратын боксшыларымыз көп демесек те, олар бар. Сол себепті қызу талас ұйымдастыру үшін дулыға кимей жұдырықтасуды қолдаймын. Боксқа деген көрермен қызығушылығын ояту мақсаты шығар...

Чемпион қонақкәде ретінде "Егемен елдің ерлері" атты кітапты Massaget.kz сайтына сыйлады

- Ал ұпай санау жүйесі де біршама өзгерді. Атап өтер болсақ, бұрын кімнің қай соққысы ұпайға жатқызылғанын, ал қай соққысы саналмай қалғанын ашық көруші едік. Ал қазір ұпай көрсетілмейді. Көрермен рингте не болып жатқанынан хабарсыз қалғандай...

- Негізінде кәсіпқой боксқа төрешілік ететін жүйені қабылдауымыз әбден үмкін. Бұл әңгіме төрешілер жиналысында қозғалып та жүр.

- Кәсіпқой бокс жүйесінің пайдасы бар ма?

- Пайдасы бар. Одан кейін боксшының соңғы раундтағы қимыл ширақтығы да ескерілетін болады. Мұның пайдасы төрешілікті барынша әділ ету. Боксшының мықтылығын байқайтын жүйе деп осыны айта алар едім.

Сұхбаттасқан: Ардақ Құлтай

Сурет: Уалихан Қосанбай

А. Құлтай