16 желтоқсанда Массагеттің тұсауы кесіледі!

16 желтоқсанда Массагеттің тұсауы кесіледі!

Салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген қазақ ықылым заманнан-ақ бала бір жасқа толғанда, тұсауын кескен. Баланың қаз-қаз басып жүріп кетуін ел болып ұлы тойға айналдырып, халық болып қуанған. "Тұсауы кесілмеген бала көп сүрінеді, жығылады" деп есептеген қазақ бала бауырын жазып, тәлтіректеп бір-екі аттаған кезде тұсауын кеседі. Тұсау кесу үшін ел алдында беделі бар, үлгілі, абыройлы адамды таңдайды. Қыз баланың тұсауын ісінде мән, сөзіне сән бар өнегелі келіншекке, ұл баланың тұсауын азамат атын абыроймен арқалап жүрген ер адамға кестірген. Ырымшыл қазақ кейде адамның жүрісіне назар салып, "балам сүрінбесін" деп жүрісі мығым адамдарды да таңдаған. Осы бір сырт көзге қарапайым көрінетін сенімнің астарында "Балам өмір жолында жығылмасын!" деген игі тілектің бұғып жатқаны да анық. 

Күрмеуіңді шешейік,

Тұсауыңды кесейік,

Қаз-қаз, балам, қаз, балам,

Қадам бассаң, мәз болам,

Тағы-тағы баса ғой,

Тақымыңды жаз, балам,

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың!

Жүрегіне жыр, көңіліне ән тұнған қазақ тұсауын кескенде осылай өлеңдеткен. Осылай деп кішкентай бүлдіршіннің қадам басқанын алғашқы жетістігі ретінде есептеп, балаша мәз болған.  

Беліңе қалта байладым,

Дәулетіңді асырсын,

Ішіне тәтті сайладым,

Қиындықты қашырсын!

Және осылай бар тәттіні баланың бойына үйіп-төккен. 

Қазақтың осы бір ұлы дәстүрін негізге алып Массагеттің тұсауын кессек дейміз. Өйткені, Массагет порталына 16 желтоқсан күні 1 жыл толады! Маңдай тер мен еселі еңбекке, шабыт пен шығармашылыққа толы 1 жыл ішінде ғаламтор кеңістігіне өз қолтаңбасымен келіп, бүгінде қазақ тілді үздік сайттардың құрамына еніп отырған Массагет порталы ойын-сауық пен танымдық дүниелерді бір арнаға тоғыстырып, ғаламтор халқының басын біріктірген ұйымшыл, жылы ортаға айналып үлгерді.

Баланың тұсауын қазақ ақ жіп пен қара жіпті қосып есіп, ала жіппен кеседі. Ол өмірдің ағы мен қарасы, жақсылығы мен жамандығы, жарығы мен көлеңкесін білдіреді. Бұл тіршіліктің нышаны. Сондықтан ақ-қарасынан тең өте білсін деп пышақпен кеседі. Бұл жерде де баланың алдында қуаныш пен қайғыға құрылған даңғыл күтіп тұрғандықтан, қай кезге де дайын бола білсін деген ақ тілек жатыр. Сол секілді тәй-тәй басқан Массагет порталының алдында да талай-талай қиындық пен көл-көсір қуаныштың қатар тұрғаны айқын. 

Қазақ баланың тұсауы кесілген бойда, шашу шашып, тәтті тілектер жаудырған. Біздің тұсауымызды да Массагетке ат басын бұрып отырған барша халайық кессін! 

сурет: til.gov.kz, 4sport.ua

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

М. Оңғарова