Екінші дүниежүзілік соғыс Голливуд көзімен

Екінші дүниежүзілік соғыс Голливуд көзімен
Фото: filminquiry.com

73 жыл бұрын – 1945 жылы 8 мамырда фашистік Германия тізе бүкті. Осылайша, тарихтағы қаралы күндер парағы біржола жабылды. Голливуд Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына біршама фильм түсірді. Біраз фильм классикаға айналып үлгерсе, енді бір парасы түсірушілерге марапат әкелді. "Касабланка", "Ең ұзақ күн", "Квай өзеніндегі көпір", “Жас арыстандар” және өзге фильмдер Голливуд классикасына айналды. Бүгінгі күннің режиссерлары да Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбын қозғап өткен. Назарларыңызға соңғы 25 жылда соғыс тақырыбына Голливуд түсірген үздік фильмдерді ұсынамыз. 

Әкелер туы, 2006 
Режиссері: Клинт Иствуд 
Рөлдерде: Райан Филипп, Джесси Брэдфорд, Адам Бич 


Тарихи драмада АҚШ пен Жапония арасындағы соғыс көрсетіледі. 1945 жылы екі жақ Иводзима үшін соғысады. Фильмде үшінші жақтан Сурубачи тауының шыңына АҚШ туын тіккен алты сарбаздың істері баяндалады. Олар ерен ерлікпен жеңіске жетеді, алтауын жақындары мадақтап биікке көтереді. Бірақ өз елі ұмыт қалдырады. Иствуд өз мақамындағы психологиялық фильм жасап шыққан. Режиссер соғыс желісін негіз етіп, патриотизм тақырыбын қозғайды. Бірақ бұл ұғымды жақсы да емес, жаман да емес бейтарап қалдырады. 

Иводзимадан келген хат, 2006 
Режиссері: Клинт Иствуд 
Рөлдерде: Кен Ватанабе, Масаюки Йонезава, Эван Эллингстон, Марк Такахаси, Кодзи Вада, Роксана Харт 

Клинт Иствудтың кезекті бір картинасына да АҚШ пен Жапония соғысы негіз болады. Сюжет бойынша америкалық сарбаздардың қайсарлығы мен жапондардың мұқалмас күш-жігері тартысқа түседі. Жапондардың өз жері үшін қасық қаны қалғанша күрескен жауынгерлік рухы фильмде шынайы көрсетіледі. 

"Валькирия" операциясы, 200
Режиссері: Брайан Сингер 
Рөлдерде: Том Круз, Кеннет Брана, Билл Найджи, Теренс Стемп, Эдди Иззард 

Фильм Германияда түсірілген. Продюсерлер тіпті Гитлерге қастандық жасауға дайындалған кабинетте түсіруге Бендлерблок қорғаныс минитрлігімен келісімге келген. 
Фильм сюжетіне Гитлердің Германия тағдырын қауіпке тіккен шешімдері түрткі болады. Фюрердің шалыс басқан қадамдарын оның айналасындағылары сезеді. Бірақ ешкім қарсы іс-әрекетке көшуге, тіпті қарсы ой айтуға бата алмайды. Сондай жауапты сәттерде полковник Штауффенберг Гитлерге қарсы бағытталған «Валькирия» операциясын құрады. Барлығы жоспарға сай орындалып келе жатады. Бірақ соңғы сәтте бәрі өзгеріп кетеді. 

Кейіптеу ойыны, 2014 
Режиссері: Мортен Тильдум 
Рөлдерде: Бенедикт Камбербэтч, Кира Найтли, Мэттью Гуд, Рори Киннер, Ален Лич 

Фильм 1939 жылы Ұлыбританияда болған оқиғалар желісімен түсірілген. Сюжет ағылшын математигі, криптограф Алан Тьюринг төңірегінде өрбиді. Екінші дүниежүзілік соғыстың қызған шағы. Британ барлаушылары тынбай еңбек етуде, алайда немістер «Энигма» шифрлеу машинасымен құпия ақпараттарды өз адамдарына жіберіп отырады. Алан Тьюринг ағылшындардың барлаушыларына көмекке келіп небір соқпақты бастан кешеді. Оның жеке басына қатысты мәселе мен барлау жұмыстары шиеленісіп кетеді. 

Перл Харбор, 2001 
Режиссері: Майкл Бэй 
Рөлдерде: Бен Аффлек, Джош Хартнетт, Кейт Беккинсейл, Кьюба Гоудинг, Алек Болдуин 

Ағайынды Дэнни мен Рэйф соғыс кезінде екі тарапқа кетеді. Рэйф ағылшындармен бірге немістермен соғысса, Дэнни Перл-Харборға Рэйф сүйіктісі Эвелинмен аттанады. Рэйфтың өлімі туралы хабар Дэнни мен Эвелинге ауыр соққы болып тиеді. Рэйфтың аман-есен Перл-Харборға оралуы барлығы үшін күтпеген жай болады. Сол уақыттарда жапондар Перл-Харборға шабуылдап жатты. 

Даңқсыз сұмырайлар, 2009 
Режиссері: Квентин Тарантино 
Рөлдерде: Брэд Питт, Мелани Лоран, Кристоф Вальц, Элай Рот, Майкл Фассбендер, Дайан Крюгер, Тиль Швайгер 

"Даңқсыз сұмырайлар" – америкалық тоғыз еврей солдаттары туралы сюрреалистік сұрапыл фильм. Олардан бүкіл Германия қорқады. Америка Альдо Рейн бастаған сарбаздарды Германияға қарсы қолданады. Олардың да немістерде өші кеткен. Сюжетте сұмырайлар алдында фюрерді, бүкіл гестапо офицерлерін қырып жою мақсаты тұрады. Тарантино фильмде соғыс барысының өз нұсқасын жасайды. 

Шиндлер тізімі, 1993 
Режиссері: Стивен Спилберг 
Рөлдерде: Лиам Нисон, Бен Кингсли, Рэйф Файнс, Кэролайн Гудолл, Эбет Дэвидц 

Ауыр кезеңдегі ғаламат оқиғаны, шешімді көрсетін бұл фильм Спилбергтің ең таңдаулы фильдерінің бірі. Фильмде соғыс жылдарындағы дискриминация мен фашистік қастандық бір-бірімен астасып жатады. Бас кейіпкер Оскар Шиндлер адамзат бастан кешкен қиянатқа қарсы күштің бейнесі болып көрсетіледі.

Қатардағы Райанды құтқару, 1998
Режиссері: Стивен Спилберг
Рөлдерде: Том Хэнкс, Том Сайзмор, Мэтт Дэймон, Эдвард Бёрнс, Барри Пеппер, Адам Голдберг, Вин Дизель, Пол Джиаматти

Стивен Спилбергтің соғыс тақырыбына түсірген тағы бір тамаша картинасында қатардағы Райанды құтқаруға аттанған сарбаздарды баяндалады. Бір сарбаздың өмірін сақтау үшін бірнеше жауынгердің қаза тауып, бүкіл әскер ішінен Райанды табудың өзін бөлек жорыққа айналдырып жіберген режиссер соғысты да сауыққа айналдыруға болатынын көрсетті, бірақ тек фильмде...

Massaget.kz