Қазақтардың Францияда соғысқанын көп жыл бойы ешкім білмеген

Қазақтардың Францияда соғысқанын көп жыл бойы ешкім білмеген
Фото: topwar.ru

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.

Кітап аудармасынан үзінді:

Басы

Соғыс интерьеріндегі махаббат оқиғасы

Осынау ғажайып сезім жайлы қаншама кітап жазылды, соған қарамастан, әңгіме махаббат жайлы болғанда, бей-жай қалу мүмкін емес, ештеңе жан-дүниенің толғанысы мен дірілін тежей алмайды. Сол оқиға мыңдаған, жүздеген жыл бұрын болып кетсе де...

Мен айтқалы отырған махаббат оқиғасы шын мәнінде өзгеше. Қаһармандары қазақ Қадем Жұманиязов пен француз қызы Элен Гюстен болғаны үшін ғана емес. Әңгіме бүкіл әрекет Францияда, соғыста өрбігенінде.

Алдымен Қадемнің ол жаққа қалай тап болғанын анықтап алайық. Жалғыз өзі бармаған. 1944 жылы Францияның оңтүстігінде Қарсыласу қозғалысы белсенді түрде жүрді. Соның қатарында Бірінші кеңес полкі құрылып, мұрағат құжаттары дәлелдегендей, ол түркістандықтар мен грузиндерден тұрған. «Түркістандықтар» деп қазақтар, өзбектер, татарлар, түркімендер, башқұрлар және басқа да кеңестік түркітілдес республикалардың өкілдері айтылды. Жүздеген қазақ қатысқан, саны бойынша нақты деректер, өкінішке орай, жоқ.

Отандастарымыз өздерін maku немесе макизарлар деп атаған француз партизандарына түрлі жолмен қосылды: кейбіреулері вермахтар шахтада жұмыс істету үшін алып келген Альби және Кармо (Францияның оңтүстігінде) қалаларындағы неміс лагерьлерінен қашып шықса, енді біреулер ұлтшылдардың күштеуімен келген Түркістан легионынан қашқан, ал үшіншілері Испаниядағы соғысқа қатысқан халықаралық бригаданың құрамында келді.

Біздің полк француздарға Тулуза, Альби, Кармо, Монтобан, Эжен және т.б. ондаған қала мен ауылды азат етуге көмектесті. Макизарлар арасында КСРО-дан шыққандар ғана емес, поляктар, испандар, югославтар, ағылшындар да болды.

Ондаған жыл бойы біз неге олардың француздардың Қарсыласуына қатысқанын білмедік? Әлем тарихының бұл парағының тарих жадынан өшіп кетуінің бірнеше себебі бар. Францияға тұтқын сарбаздарды шахтада жұмыс істетуге алып келген ұлтшылдар жергілікті тұрғындарды қорқыту үшін бұл жаққа адам жегіш моңғолдардың жиналып жатқанын айтқан. Осылайша көптеген жыл бойы француздар оларды моңғолдар деп есептеп келген. Ешкім бұған күмән келтірмеген. Олай айтатын ешкім болмады. Отанына оралған бүкіл дерлік кеңес макизары гулагқа жөнелтілген. Біреулері жеңістен кейін, ал басқалары кейінірек, туған-туысқандарымен қауышып үлгеріп, тіпті, жұмыс жасаған соң жіберілген. 1965 жылы Францияда Қарсыласу қозғалысының қатысушылары жайлы кітап жазылды, кітап авторлары Қазақстаннан шыққан макизарлар туралы дерек жіберуді сұрап, Алматыға өтініш жолдайды. Оларға біздің отандастарымыз Францияда соғыспаған деген жауап келеді.

Бірақ Қадем Жұманиязовтың күнделігіне оралайық. Онда мынадай жазулар бар: «1944 жылдың 12 желтоқсанында Тулузада негізінен қазақтар мен грузиндерден құралған Бірінші кеңес полкі тұрды. Бәріміз лагерьден француз партизандарына қашып шығып, немістерге қарсы соғыстық. Мен испан, француз, поляк, орыс, қазақтардан құралған автоматшылар ротасын басқардым. Көптеген қала мен ауылды азат еттік... Жеке құрам көп адамын жоғалтқан жоқ...»

Жалғасы

М. Оңғарова