Олар да менімен мақтана алатындай болып жүруге тырысамын

Олар да менімен мақтана алатындай болып жүруге тырысамын
Фото: vk.com

Әрдайым естен шығармай, жақсы көріп, қадірлеймін.

Менің атамның есімі Өтешев Есмағзом Өтешевич. Ол 1922 жылы тамыз айының 5 жұлдызында Батыс Қазақстан облысы Каменский ауданы Кулаков селосында шаруа отбасында дүниеге келді. Әкесі – Қашқыншаев Өтеш Қабыланович, Анасы – Қашқыншаева Жұмазия. Әпкесі – Өтешева Іңкәр, ағасы – Өтешев Өтебай. Атам өзімнің есімде қалған жоқ, бірақ ол туралы әкемнің әңгімелерінен білемін. Ол жеті кластық оқуды бітірген, Кулаков селосында есепші болып, одан соң «Красный маяк» ұжымдық шаруашылығында касса қызметкері, кейін бухгалтер болып қызмет еткен. 1942 жылы майданға аттанады. Сол жылдың қараша айынан 1944 жылдың қаңтар айына дейін Солтүстік-Батыс шебінде, 927-ші атқыштар полкі, 101-ші халықаралық бригадада ұрысқа қатысты. Барлаушы, мерген болды. Бір ауыр, екі жеңіл жарақат алған. Атам ҰОС ардагері, еңбек ардагері, көптеген марапаттары бар. Соғыс аяқталған соң Каменка ауданына қайта оралып, И.В.Ленин атындағы кеңестік шаруашылығында бухгалтердің бірінші орынбасары болып жұмыс істеді, сол жерден зейнетке шықты.

Оның ағасы Өтешев Өтебай 2004-2009 жылдары Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде «Энергетикалық және ақпараттық жүйелер» факультетінің «Электротехника және электротехнология» кафедрасының бөлім меңгерушісі болды. 1976 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. 1978 жылы доцент атағын иемденді. 2005 жылы академия профессоры атағын алды. Жариялаған шығармалар саны 144-ке жетеді, оның ішінде жоғары сыныпқа арналған 12 оқулық және Қазақ Советтік энциклопедия басылымының 1-5 томында 22 мақаласы бар. 1990 жылы ерен еңбегі үшін «Жұмыстағы тамаша жетістігі үшін» төсбелгісімен және Қазақ ССР энергетика және электрификация министрлігінің мақтау грамотасымен марапатталды. 1999 жылы «ҚР білім үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Мен өз аталарымды мақтан тұтамын, олар келер ұрпаққа аса қымбат аманат қалдырып кетті. Мен де Өтешева деген тегімді арқалап жүргенімді мақтанышпен айтып, олар да менімен мақтана алатындай болып жүруге тырысамын.

Немересі Айнамгүл Өтешева

(Әл-Фараби ат. ҚазҰУ, Химия және химиялық

технология факультетінің 4 курс студенті)

@. @assel_assanova