Әбілқайыров қазақтардың ерлігі туралы кітапқа белгі салып отырған

Әбілқайыров қазақтардың ерлігі туралы кітапқа белгі салып отырған
Фото: 24.kz, szh.kz

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында  "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.

Кітап аудармасынан үзінді:

Әбілқайыров Қаратай Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының тумасы. 1933 жылы Украинаның Сталин қаласындағы 107-ші атқыштар дивизиясында қызмет етуге дереу Қызыл әскер қатарына шақырылады.

Әскерден қайтқан соң, 1935-1937 жылдары Алматы облысының Қоғалы аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы болып қызмет етті.
1937-1938 жылдары Кеген аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы;
1938-1940 ж.ж. Еңбекші қазақ ауданында салық инспекторы;
1940-1941 ж.ж. Еңбекші қазақ аудандық атқару комитетінің орталығы Есік жерінде бөлім меңгерушісі болып қызмет етті.

1941 жылы қыркүйекте соғысқа шақырылды. Оны майданға бөлесі Мәншүк Мәметова шығарып салды. Вокзалда шығарып салу сәтінен түскен сурет бар еді, өкінішке орай, ол кейін жоғалып кетті.

Әбілқайыров Қаратай 1941 жылдың қыркүйегінен 1943 жылдың тамызына дейін Қиыр Шығыстың Уссурийск қаласында саяси жетекшінің орынбасары ретінде борышын өтеді.

1943 жылдың мамырынан 1944 жылға дейін Саратов қаласындағы әскери-саяси училищеде курсант болды.

1944 жылдың мамырынан 1947 жылдың мамырына дейін атқыштар батальонының саяси бөлімінде командирдің оң қолы болды.

Жеңіс күнін тойлау кезінде, анда-санда балаларына соғыс туралы аздаған естеліктер айтып беруші еді: «Днепрдің үстінен өту сәті аса ауыр болды – айналамызда снарядтар жарылып жатыр, қарама-қарсы жақтан фашистер оқ жаудырады. Кенет резеңке қайыққа жарықшақ дөп тиді. Барлығы дереу суға секірді. Мен жүзу білмейтін болған соң, өлген жерім осы болар деп ойладым. Мен ғайыптан тайып аман қалдым, су кеудеме дейін жеткенде аяғым судың түбін сезді. ШПП-не сүйеніп, қатты ағысқа қарсы тұрып, жағаға әрең жеттім.

Тағы бірде 1944 жылы Сандомир плацдармында кескілескен шайқас болды. Мен оқ атылып жатқан жерден жүгіріп өтіп, 17 жасар мәскеулік ординареціме пана болуға келдім. Оған бірнәрсе айтуға талпындым да, пайдасы болмайтынын түсіндім. Тасаға түсе бергенде жауынгердің шекесіне оқ тиді. Мен бұл сәтті әрдайым қайғыра еске аламын. Ол жігіт тамаша суретші болар еді, жас мәскеулік салған атасының портреті әлі күнге дейін сақтаулы».

Атамыз Ұлы Отан соғысына ерекше көзқараста болды. Ол Жуков және Гречко советтік маршалдарының «Ұлы Отан соғысы», «Кавказ үшін шайқас» кітаптарын, АҚШ президенті ұлының «Оның көзімен» кітабын, сонымен қатар ағылшын тілшісі «Ресей соғыста. 1941-1945 жылдары» кітабын мұқият оқып шығып, автор қазақтардың ерлігін жазған жерлерге атамыз қаламмен белгі салып отырды. 1972 жылы өмірден өтіп кетті.

Жазған: Әбілқайыр Ораз және Ақмарал

Ұқсас жазбалар:

9 мамыр. Сен де, мен де ұмытпаймыз ешқашан

Ер есімі – ел есінде: Отан үшін от кешкендер

@. @assel_assanova