9 мамыр. Жеңіс күніне арналған сценарий #3

9 мамыр. Жеңіс күніне арналған сценарий #3

9 мамыр - Жеңіс күніне орай мектептерде, түрлі мекемелерде іс-шаралар ұйымдастырылатыны белгілі. Біз бүгін мектептегі төменгі сынып оқушыларына арналған ашық тәрбие сағатының сценарийін ұсынамыз.

І жүргізуші: Қайырлы күн, құрметті қонақтар, ұстаздар, және оқушылар! Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл толып отыр бұл мерекені лайықты атап өту қазіргі ұрпақтың парызы деп білеміз. Жыл өткен сайын Отан ұшін болған ұрыстың маңызы және онда қаза болған бабаларымыздың ерліктері мәңгі жадымызда. Ерлік ешқашан да ұмытылуға тиісті емес. Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 700 мыңнан астам жауынгер қатысты. Олардың басым көпшілігі ұрыс даласында қаза тауып, хабар-ошарсыз кетті. Қазақстаннан құрылған әскери дивизия ең қауіпті жерлерде соғысты. Генерал Панфилов бастаған 28-ші дивизия жауынгерлерінің аттары Ұлы Отан соғысының тарихына алтын әріптермен жазылған.

ІІ жүргізуші: Бұлт түнеріп аспаннан

Талмай көзден жас тамған

Тұтқиылдан жау тиіп

Қырғын соғыс басталған, - демекші соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ Кеңес халқы жан тәнімен Отан қорғады. Әрбір село, әрбір қала үшін кескілескен ұрыс болды. Қанішер неміс басқыншыларымен Кеңес азаматтары аянбай шайқасты. Есімдері аңызға айналды. Ерліктері ел есінде қалды.

(ҚР Әнұраны орындалады)

І жүргізуші: Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов, Нұркен Әбдіров, Мәлік Ғабдуллин, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Рақымжан Қошқарбаев сияқты аты аңызға айналған ағаларымыз бен апаларымыз тарих бетінде «Батыр» деп жазылды. Ал осы бейбіт өмірге жете алмаған, ерлікпен қаза тапқан ағаларымыз бен апаларымыздың рухына бас иеміз!

ІІ жүргізушіДәл осынау жадыраңқы жай күні

Болса-дағы қай ғасырдың қай жылы

Ұлы Отаным басын иіп бір минут,

Есіне алмақ сол бір апат қайғыны...

/1 минут үнсіздік, үнтаспадан жай ғана ән естіледі/

І жүргізуші: Жеңіс! Осынау жалғыз ауыз сөзде қаншама терең мағына жатыр. Кез келген істің, қандай күрестің де басты мақсаты жеңіске жету болғанымен, кешегі Ұлы Отан соғысындағы үлкен Жеңістің орны айрықша бөлек. Оған жету үшін қаншама халық жан алып, жан беріскен шайқастарға толы ұзақ та ауыр жолдан өтіп келді. Зарықтырып, сағынтып жеткен ол Жеңісті жақындата түсуге майданның алдыңғы шебінде от пен оқтың ортасында болған майдангерлермен бірге тыл еңбеккерлері де, майдан даласынан шалғайдағы қарттар мен әйелдер де, буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалар да үлес қосқан. Ол сонысымен де қастерлі, қасиетті саналады.

ІІ жүргізуші: Ұлы жеңіс

Шүйінші, халқым, шүйінші!

Шүйіншіге сүйінші!

Шаттан, ата - анамыз,

Шаттан, аға - бабамыз,

Кек қайтарып фашистен,

Соғыс бітті жеңіспен,

Жеңдік жауды күресте

Жасалсын той - мереке,- деп Таир Жароков айтпақшы, міне Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 70 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн!

(Мерекелік шеру өтеді)

І жүргізуші: Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған - туысқандарына, жақын - жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді.

ІІ жүргізуші: Осындай Ұлы Жеңіске қол жеткізуге көмектескен батырларымыздың ұрпақтары сол жандардың арқасында бейбіт өмір кешуде. Олай болса, қарсы алыңыздар, сіздердің алдарыңызда ------------------------ әнімен ортаға шақырамыз.

(Ән орындалады)

І жүргізуші: Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Жеңіс жолында Отан үшін су кешіп талай миллиондаған асыл азаматтар мерт болды. Жауымен жан аямай шайқасып, ерліктің ерен үлгілерін көрсетті. Ана – жарын жолғалтқан жесір, бала - әкесінен, анасынан айырылған жетім атанды.

Cахналық көрініс.

(Соңынан оқушылар жаттап келген тақпақтарын айтады)

1-оқушы: Сен құрметте оны,

Түсіндің бе, қарағым,

Ол ақшаға сатқан жоқ,

Тізеден кесіп аяғын,

Кеше елге қатер төнгенде,

Ол жауға қарсы шапты,

Жалмамақ болған біздерді

Өр кеудесімен жапты....

2-оқушы: Жеңіс деген өтеуі жас ғұмырдың,

Жеңіс деген бейбіт күнім, бүгінім.

Жеңіс тойын жақындатып әкелген

Төккен қаны, әке - аға, інінің.

3-оқушы: Жеңіс деген шат күлкісі баланың,

Тыныштығы жер мен жаһан даланың.

Жеңіс деген сылдыр күлкі, асқақ ән,

Тыныштығың сол Жеңістен басталған.

4-оқушы: Сол күнде, бүкіл әлем күлім қақты,

Нұрланып ой, күн, жұлдыз сәуле шашты.

Құс сайрап, жануарлар сайран салып,

Жайқалып өсімдіктер шешек атты.

5-оқушы: Жеңдік жауды, алдық кекті,

Мөңкіп тулап, басылды апат.

Мең - зең етіп, жер мен көкті,

Тынды - ау ақыр бір ғаламат.

Соңынан хормен "Ақ көгершін" әні орындалады

І жүргізуші: Міне, осынау елімізге лаң салған алапаттың жеңіспен аяқталғанына да 70 жыл толды. Ешкім де, ешқашан да ұмытылмақ емес.

ІІ жүргізуші: Отанымызды сүйіп, қастерлей білейік. Ата-баба дәстүрін, әдет-ғұрпын берік ұстанып, үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты болайық. Оңайлықпен келмеген тәуелсіздігіміздің туы мәңгілік желбіреп тұрсын.

І жүргізуші: Ел-жұртымыз аман, берекелі заман болсын! Отанымызды сүйетін азаматтарымыз көбейе берсін!  

Ұқсас жазбалар:

9 мамыр. Жеңіс күніне арналған сценарий

9 мамыр. Жеңіс күніне арналған сценарий #2

Сурет: hameleons.com

О. Сансызбай