Рақымжан Қошқарбаевтың естелігінен

Рақымжан Қошқарбаевтың естелігінен

Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев — Берлин операциясы кезінде өзінің асқан ержүректігімен көзге түскен жауынгер. Ол 1945 жылдың 30 сәуір күні жауынгер Григорий Булатовпен бірге Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа бірінші жетіп, жеңіс туын тікті.

Рақымжан Қошқарбаевтың Ұлы Отан соғысы тұсында фашистік Германияны жоюда атқарған рөлі өте зор. Қазақтың біртуар азаматы Рақымжан 1942 жылы әскерге алынған. Ол кезде оның жасы бар-жоғы 18-де болатын. Жанкешті соғыс жылдары Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен 1941 жылдың 21 желтоқсанында Қостанай қаласында 151-ші жеке атқыштар бригадасы жасақталады. Соғысқа бірден қатынаса кеткен ол полк командирі қызметін атқарады. Мұнда әскери қызметтің жағдайы өте мүшкіл болады. Жаңадан құрылған әскери жасақты дайындайтын штаб, тұратын казармалар, сабақ оқытатын пәтерлер болмаған. Атқыштар бригадасының алғашқы буыны ретінде қатаң дайындықтан өтіп, соғысқа кеткен.

Рақымжан Қошқарбаевтың естелігінен:

«...Біздің батальон 1945 жылғы 30 сәуір күні таңертең герман фашизмі ішкі істер министрлігінің үйіне (Гиммлердің үйіне) шабуыл жасады. Мұнда бірінші болып жеткен аға лейтенант, тәжік жігіті Атеевтің қол астындағы бірінші ротаның жауын­герлері еді. Олар жаудың шебін бұзып-жарып, басқа бөлімшелерге жол ашты. Үйге жеткеннен кейін олар айнала қорғаныс шебін құруды да, басқа бөлімшелердің, соның ішінде біздің үшінші ротаның да алға жылжуына жағдай жасады.

Басқа бөлімшелердің оғының таса­сымен келіп, министрліктің үйіне біздің екі ротаның взводы лап қойды. Бірінші вз­водтың командирі, лейтенант Триченков (қазір Кеңес Одағының Батыры), ал екінші взводтың командирі мен едім.

Гиммлер үйінің төртінші қабатындағы бөлмелердің бірін босатқаннан кейін, менің взводым гитлершілдердің сілімтік қалдықтарын соңғы бөлмелерден қуып шығу үшін өжеттілікпен ұрыс жүргізді. Дәл осы кезде батальон командирінің мені шақырғанын хабарлады. Өз орныма аға сержант Николай Гончаровты қалдырдым да (ол сол күннің кешінде қаза тапты), үйдің төменгі қабатындағы комбатқа келдім. Ба­тальон командирі майор В.И.Давыдовпен бірге оның саяси жұмыс жөніндегі орын­басары Васильченко, батальон парторгі К.Исаков, біздің полктің барлаушылары М.Провоторов, И.Лысенко, С.Орешко және полктің барлаушылар взводының коман­дирі, аға лейтенант С.Сорокин, барлаушы Г.Булатов бар екен мұнда.

Комбат маған бұрылды да, жау оғы толастаған кезде терезе арқылы алдағы алаңға қарап: «Төбесінде күмбезі бар үлкен сұр үйге – Рейхстагқа, яғни герман фа­шизмінің ең мәртебелі канцеляриясына назарыңызды аударғайсыз», – деді.

Біздің батальон Рейхстагқа ең жақын тұрған бөлімше, сондықтан біздің алды­мызда тұрған міндет – Рейхстагқа қайткенде де тезірек жетіп, оған Қызыл жалау тігу, – деді комбат тапсырмасын одан әрі жалғастырып. – Міне, осы аса жауапты әрі абыройлы міндетті орындау үшін мен Васильченко жолдастың ұсынысы бойынша сізді шақырттым. Бұл – бұйрық емес, біз еріктілерден ғана топ құрып жатырмыз, ойланыңыз да, өзіңіз шешіңіз. Егер сіз бұған бел байласаңыз, штабтан әдейі келген мына барлаушылар сіздің ілгері жылжуы­ңызға оқпен жол ашып, жәрдемдесетін болады».

Рақымжан Қошқарбаевқа Рейхстагқа ту тіккені үшін «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордені берілді. Ал 2001 жылы оған "Халық Қаһарманы" атағы қайтыс болғаннан кейін жары Рахилаға табысталды. 

Дереккөз ретінде baq.kz сайтының материалы пайдаланылды

Сурет: kaz.tengrinews.kz

Н. Нұрмаханұлы