9 мамыр. Алғы шептегі жауынгер

9 мамыр. Алғы шептегі жауынгер

Әкеміз Дүйсен Демесінұлы 1920 жылы Алатаудың шығыс сілемдерінің бірі Ұзынқара (Кетпентау) тауының етегінде, қазіргі Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шошанай ауылында дүниеге келген екен. Балалық шағы ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келген он төрт жасар балғын бала қабырғасы қатпағанына қарамастан, колхоздастыру кезіндегі шаруаларға етене араласады. Әкесі Демесін мен анасы Нұрбаланың тәрбиесін алып, жеті жылдық мектепті тамамдаған ол өзінен жеті жас кіші інісі Қожаны ерте жүріп, еңбек етеді.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталған 1941 жылы майданға аттанған әкеміз Дүйсен Демесінұлы 1942 жылдың тамызына дейін 3-ші атты әскер полкінде минометші болған. Кішірек кезімізде өзінің қан майданда көргендерінен әңгіме тарқататын әкем, күші басым жауға қарсы әрбір шабуыл басталар алдында, алғы шепте тұратын минометшілер жаудың шебін атқылап, олардың берекесін кетіретінін, тек содан кейін ғана жаяу әскер мен танк шабуылдары басталатынын айтып отыратын. Кейіннен әкем 1946 жылдың жазына дейін 1-ші гвардиялық зеңбірек-артиллериялық бригадасында бөлімше командирі болып қызмет атқарады. Ал соғысты гвардия сержанты шеніндегі радиотелеграфшы болып аяқтайды. Әрине, соғыстан аман-есен келгеніне ел-жұрт, туған-туыс - бәрі де Аллаға шүкіршілік еткенімен, аттай алты жыл етігімен су кеше жүріп, күн-түн демей соғысқан майдангердің ерлігін елі де, Отаны да көзі тірісінде мақтан тұтты. Жылда Жеңіс күні қарсаңында түрлі наградалар мен сыйлықтар алып, құрмет пен қошеметке бөленіп жататын. 

Соғыстың соңғы соқпағын Германияның Дрезден қаласын қалпына келтіруге қатысып барып, аяқтаған әкем 1946 жылы елге оралған екен. Бірақ оның Отан қорғауға бірге аттанған кіші әкесі Тоқабаев Әміре Құлбарақұлы (1908 ж.т.) 1943 ж. Сталинград түбінде ерлікпен қаза тапса, немере бауыры Бақтыбай Мұраділдаев соғыстан оралмаған еді. Осылайша, ауылдағы ағайынмен аман-есен қауышқан майдангер азамат, 1947 жылы Рысхан анамызбен отау құрып, бейбіт өмірдің еңбек қазанын қайнатуға білек сыбана кіріседі. Күн-түн демей, колхоздағы түрлі жұмыстарға белсене араласқан майдангердің ерлік істері ескеріліп, 1965 жылы Ұлы Жеңістің 20 жылдық, 1975 жылы 30 жылдық,1985 жылы 40 жылдық мерейтойлық медальдарын алған. Бұлардан бөлек, 1978 жылы «КСРО Қарулы күштеріне 60 жыл», 1988 жылы «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл», ал 1980 жылы «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталады. Осы наградалардың арасында, 1985 жылы берілген ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденінің орны бөлек, әрине. Әсіресе, әкеміз Ұлы Жеңістің 50 жылдық мерейтойын асыға күткен еді. Амал не?! Айтулы күнге тура алты ай қалғанда, 1994 жылдың 8 қарашасы күні дүниеден озды. Артында қалған бес ұл, бес қыздан ұрпақтары өрбіп, жиырмадан аса немере, жиырма шақты шөбере сүйген «Батыр ана» Рысхан анамыз да 2011 жылы 82 жасында бақиға аттанды. Бүгінде соғыс ардагерлерінің саны сиреп бара жатқаны рас, ал біздің ауылда тіпті қалмады деуге де болады. Сондықтан олардың ерліктерін дәріптеп отыру - парызымыз. Жарқын болашағымыздың жолында кешегі өткен аталарымыздың ерлік істері мен ерен еңбектері ешқашан ұмытылмақ емес.

Жолдаған: Сайлаугүл Демесінова

Сурет: жеке мұрағат, ekaraganda.kz

Ш. Талап