9 мамыр. Ұлы Отан соғысының тарихы

9 мамыр. Ұлы Отан соғысының тарихы

Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Ұлы Отан соғысының тарихына қысқаша шолу жасауды жөн көріп отырмыз. 

1941 жылы 22 маусым күні фашистік Германия Совет Одағына тұтқиылдан шабуыл жасады. Бұған дейін Еуропаның көптеген мемлекетін жаулап алған Гитлер басқыншылары Совет Одағының тәуелсіздігіне қауіп төндірді. Бейбіт құрылыс ісі тоқтатыла тұрып, еліміздің барлық Отан сүйгіш азаматы жауға қарсы соғыс майданына аттанды. Коммунистік партияның басшылығымен бүкіл совет елі біртұтас әскери лагерьге айналды. 

Ұлы Отан соғысына халқының саны біршама көп, едәуір дамыған өндірістік қуаттары және орасан бай табиғи ресурстары бар Қазақстан КСРО-ның құрамдас бөлігі ретінде кірісті. Еліміз майданға 1 миллион 200 мың адам жіберді, олардың қатарында 82 мың коммунист, 242 мың комсомол және 5183 әйелдер мен қыздар, сондай-ақ еңбек армиясы болды. 1939 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 6,2 миллион адам тұрған. Тіпті республикаға майдан шебінде тұратын 1,5 миллион адамды эвакуациялау мен жер аударылған халықтарды орналастыруды есепке алғанда да, оның пайыздық үлесі өте үлкен еді. 

Қазақстандықтардың басым көпшілігі майдандағы армияны толықтырушы ретінде шақырылса, ал шамамен үштен бірі республикада құрылған  құрамалар мен бөлімдерге алынды. Ол 12 атқыштар және 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полктер мен түрлі әскер батальондары еді. Осылардың қатарынан 3 атты дивизия мен 2 атқыштар бригадасы қазақ ұлттық құрамалары ретінде жасақталды. Республика офицер кадрларын және армия мен флотқа резервтер дайындауда лайықты үлес қосты. Әскери оқу орындарына 1941-1945 жылдары 42 мыңнан аса жас қазақстандық жіберілді, ал республика аумағында  жұмыс істеген 27 әскери оқу орны 16 мың офицер даярлап шығарды. Бұдан бөлек, майдандағы аса ауыр жағдайға байланысты майданға 10,5 мың курсант сержант атағымен және 10 мың адам қатардағы жауынгер болып аттанды. 

Кеңес Армиясының соғыстың бас кезіндегі жеңілістері мен сәтсіздіктерінің себептері бертін келе жақсы белгілі болды. Солардың ішіндегі ең маңыздылары, біріншіден, дұшпанның басымдықтары еді. Фашистік Германия КСРО-ға шабуыл жасаудың алдында Еуропаның 11 елін бағындырып, Берлин пактіне 13 мемлекетті, соның ішінде 9 еуропалық мемлекетті тартты. Бұл оған адамдардың екі есе, көмір, болат, станоктар өндірісінде, қару-жарақ пен соғыс техникасының кейбір түрлерінің саны мен сапасы бойынша екі-үш есе артықшылықтағы басымдығын берді. 

Соғыс жағдайларында кеңестердің атқарушылық-өкілдік функциялары күшейді. Жұмыспен қамтылған еңбекке жарамды адамдарды жұмылдыру, автомобиль-ат көлігі міндеттілігін енгізу туралы міндетті шешімдер мен өкімдер қабылдау кеңінен пайдаланылды. Қалаларда тұратын халық та аэродромдарды тазалау, өндірілген отынды тасу сияқты жұмыстарға тартылды. Өнеркәсіптің  жетекші салаларыбойынша бөлімдер кейбір ірі қалалық партия комитеттерінде де құрылды (Қарағанды, Балқаш, Лениногор, т.б.).

1941 жылы 26 маусымда Н.Ф. Гастелло  мен А. Масловтың екі экипажы (соның ішінде Б. Бейсекбаев болды) Минск облысының Радошкивичи кентінің маңында дұшпанға бомба тастау арқылы соққы жасады және зақымдалған ұшақтарын неміс танкілері шоғырланған сапқа құлатты. Өз өмірлерін қию арқылы ұшақ экипаждары дұшпанға едәуір шығын келтірді. Н. Ф. Гастеллоға қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1951 жылы басқа  экипаждың сүйектері табылды. Тек 1990 жылдардың соңында ғана тарихи шындық қалпына келтірілді. Б. Бейсекбаевқа Ресейдің Батыры және Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілді. Жалпы майдандағы ерлігі үшін 520 қазақстандық марапатталса, оның ішінде 100-ден астамы Кеңес Одағының Батыры атағын алды. 

Шыбын жанын шүберекке түйіп, "елім" деп еңіреп өткен есіл ерлер ешқашан ұмытылмайды. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Сурет: el.kz, 24.kz, anatili.kazgazeta.kz, azattyq.org

Ж. Исакаев