9 мамыр. Қазақ әдебиетіне әскери естеліктер жанрын әкелген Қасым Қайсенов болды

9 мамыр. Қазақ әдебиетіне әскери естеліктер жанрын әкелген Қасым Қайсенов болды
Фото: kaissenov.kz

Өр мінез, батырлық пен батылдық, қайсарлық - қазақтың қанға сіңген қасиеті. Ел басына күн туып, оның болашағына қауіп төне бастаған кезде қазақ халқы да жұдырықтай жұмылып, қан майданға аттанды. Бүкіл қажыр-қайратын жеңіс жолына сарп етті, өмірлерін қиды. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған қазақтың қас батыры, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның Халық Қаһарманы, партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің ерлігін елі ұмытпайды. 

Ол 1918 жылдың 23 сәуі­рін­де Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауда­нында дүниеге келген. 1934 жылы мектеп бітіргеннен кейін Өскемен қала­сын­дағы саяси-ағарту техникумына түсіп, оны 1938 жылы бітірген. Павлодар облыс­тық оқу бөлімінің саяси-ағарту жөніндегі нұс­қау­шысы болып жүргенде әскер қата­рына шақырылып, әскери-барлау мекте­біне жіберіледі. 1941 жылы Мәскеудегі бар­лаушылар мектебінде оқиды, іле-шала жау қолында қалған Украина жеріне ат­тан­дырылады. Жау жайлаған елге ұшақ­пен келіп түскен сәттен бастап Қасым аға­ның партизандық өмірі басталады. 1941 жылы Қасым Қайсенов Украина же­рінде партизан жасағын құру үшін жау тылына аттанады. Ол жерде Чапаев атын­да­ғы партизан құрамасының үшінші жасағын басқарады.

Қарудан кейін қолына қалам алған Қасым Қайсенов өзінің партизандық жорықтары туралы жазуға бекінеді. Сөйтіп, Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңдері, жа­уын­гер­лердің өшпес ерліктері жайында қа­лам тербейді. Қасым Қайсеновтің бұл шы­ғармалары қазақ әдебиетінің әскери тақы­рыбын байытты. «Соғыстан қайтып келгеннен кейін жазушылықпен айналыса бастадым. Соғысқа дейін де өлең жазушы едім. Елге, кейінгі ұрпаққа пайдасы тиер-ау деген үмітпен естелік жазуға көштім. Қазақ әдебиетіне әскери естеліктер жанрын әкелген мен едім. Қазақша, орысша, украинша шыққан кітаптарым бар», - дейді атаның өзі.

Оның «Жас партизандар» атты алғашқы кіта­бы 1954 жылы орыс тілінде шығады. Одан кейін «Илько Вит­ряк», «Пе­реяс­лав партизандары», «Ажал аузы­нан», «Жау тылындағы бала», «Дне­пр­де», «Жау тылында», «Пар­тизан соқ­пақ­тары» сияқты басқа да әңгіме, очерк, по­весть жи­нақтары оқырман қолы­на тиді жә­не артынша орыс, украин, қыр­ғыз, вьет­нам тіл­деріне аударылды. Кейін­нен «Елім­нің ертеңіне сенемін», «Естеліктер мен жаз­балар» кітаптары шықты. Жалпы, Қа­сым Қайсенов 30 шақты кітап жазып қалдырды. Қаһарман жазушы жайын­да 150 ақын-жазушы поэма, естелік жазып­ты және ол туралы екі деректі фильм түсірілген.

Қасым Қайсеновтың шығармашылығы мен қарудан соң қолына қалам ұстаған шағын Әбіш Кекілбаев былай суреттеп берді: «Қанжарын қаламға айырбастап, тым майса кезінде үсік шалып, жапырылып қала жаздаған жетім ұрпақтың жауынгер әкелері мен ағаларының ерлік дастандарын жазды. Ерлік туралы айта отырып, елдік жайында сыр шертті. Ұлттық намысты оятты. Ұрпақтық парызды ескертті. Елжандылық тағылымын көрсетті. Сол үшін де тәуелсіз қазақ мемлекеті қан түкіріп, от кешкен есіл ердің оған дейін бағаланбай келген теңдесі жоқ ерліктерін ең асыл ұлттық құндылығымыз санап, «Халық Қаһарманы» құрметті атағын берді. Бағзы бабасы Қабанбай батырдай даңқ шыңының даусыз дарабозы болып өмір сүрді. Ол өмір біз түгілі бізден кейінгі қазақ ұрпақтарына халық жолында қалтқысыз еңбек етудің қастерлі өнегесі болып қала береді».

Қазақтың біртуар перзенті Қасым Қай­сенов ерлік пен батылдықтың символы іс­петтес. Ұлы Жеңіске айтарлықтай үлес қос­қан батыр ағамыздың өмір өткелі, көр­ген-білгені, соғыс туралы шығармалары жас ұрпақ тәрбиесіне негіз болары анық.

А. Әбілхан