9 мамыр. Күркіреп күндей өтті ғой соғыс

9 мамыр. Күркіреп күндей өтті ғой соғыс

«Ежелден ер тілегі – ел тілегі,
Адал ұл ер боп туса – ел тірегі».
Бауыржан Момышұлы

1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия Кеңес Одағына опасыздықпен шабуыл жасады.  Халық үшін бұл ауыр кезең болды. Осы соғыста Кеңес Одағының басқа республикаларымен бірге біздің Қазақстан Республикасы да жан аямай шайқасты.

Майданға Марқа-Күршімнен 9456 азамат аттанды. 2462 жерлесіміз хабарсыз кетті. 2673 адам қаза тапты. Ұлы Отан соғысының батыры атағын алғандар қатарында 4 жерлесіміз Павел Павлович Журба, Аркадий Петрович Кукин, Алексей Семенович Крахмаль, Василий Васильевич Бунтовских бар. Талай ардақты азамат елі, жері үшін жанын қиды. Бауыржан Момышұлы айтқандай, жеңіске жеткен қуанышқа кенелді, жетпеген арманда кетті. Олардың аттарын аузымыздан түсірмей халыққа айта берейік. Оларға біздің дұғамыз осы болсын! Өлгенді ардақтай білген ғана тіріні құрметтей алады.

Біздің  тәуелсіз елімізде, жайраңдап жүргеніміз-бәрі де аталарымыз Жеңісінің жемісі.

Бәрісі де жылаған.
Жылай жүріп, жылай жүріп шыдаған.
Түнек болып келе жатқан тажалға,
Аттануда, аттануда тірі адам.

Жылап жатыр. Өбісуде еріндер,
Жыламаған жалғыз ғана кебір - жер.
Жылап жатыр үйленбеген күйеулер,
Жылап жатыр үйге енбеген келіндер.

Боздақтарын аттандырған шақтарда,
Боздап еді-ау, боркемік боп қарттар да, - деп ұлы ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, бұрын адам баласы көріп білмеген шайқас халқымызға шексіз қиыншылық, өлшеусіз қайғы қасірет әкелді. Зұлмат соғыс тақсіретін қасіретін тартпаған, соғыс өрті шалмаған бірде-бір отбасы, бірде-бір үй жоқ.

Туған ел үшін, туған жер үшін соғыста құрбан болған Алғабас ауылының боздақтары:

Күдерұлы Қабдығали Куйеубаев (Тапай) (Қатардағы жауынгер. 1921 жылы Күршім ауданында туған. Волокаламск тас жолындағы шайқаста жерлесі Жалмурзин көрген, хабарсыз кеткен), Күдерұлы Әбілмәжін Күйеубаев (Қатардағы жауынгер. Күршім ауданында туған. 1943 жылы наурыз айында хабарсыз кеткен), Жалбағаев Назыр, Жалбағаев Әшімқан (Қатардағы жауынгер. 1922 жылы Күршім ауданы, Тастоғам ауылында туған. 1943 жылы  қаза тапқан. Гомель облысы, Житковск ауданы, Карпович ауылында жерленген), Рахымбаев Сейітқұмар (қатардағы жауынгер. 1907 жылы Күршім ауданы Жаңадәуір ауылында туған. 1943 жылы мамырда хабарсыз кеткен), Әбілбаев Ақат, Ибраев Мұхаметрахым, Жақыпбаев Мұқаметқадыр, Әлімбетов Зейнеш, Нұрсадықов Әріп, Әбділдаұлы Қабыкен, Ақажанов Қалиолда, Ахметжанов Айтжан (Қатардағы жауынгер. 1912 жылы Күршім ауданы, Камышинка ауылында туған. 1943 жылы желтоқсанда майданда қаза тапқан. Витебск облысы, Заболотье ауылында жерленген), Аспандияров Оқас (Қатардағы жауынгер. Күршім ауданында туған. 1942 жылы ақпанда хабарсыз кеткен), Әпсәлемов Айтқали, Баяндин Жайлаубай (Қатардағы жауынгер. Күршім ауданы, Сарыөлең ауылында туған. 1942 жылы қыркүйекте майданда қаза тапқан. Смоленск облысы, Велиж ауданы, Холопово ауылында жерленген), Байсейітов Қабдуали (Қатардағы жауынгер. 1907 жылы Күршім ауданы, Сарыөлең ауылында туған. 1943 жылы наурызда хабарсыз кеткен), Бекенов Шәйзада, Жақыпов Мұқаметқадыр, Қыстаубаев Мұхаметжан, Қалиев Мүтәлап (Қатардағы жауынгер. Күршім ауданында туған. 1943 жылы хабарсыз кеткен), Исағожин Мұхит, Мырзатаев Әбілтай (1911 жылы Күршім ауданында туған. 1944 жылы қарашада хабарсыз кеткен), Мұқанов Қабдуәли (Қатардағы жауынгер. 1942 жылы хабарсыз кеткен), Марданов Уәлхан, Мадияров Тоқтасын, Мұхамадиев Қамза (Қатардағы жауынгер. 1921 жылы Күршім ауданы, Тастоғам ауылында дүниеге келген. 1944 жылы майданда қаза тапқан. Литвада Кальнишки ауылында жерленген), Мертікбаев Қали (1906 жылы Күршім ауданында туған. 1944 жылы хабарсыз кеткен), Нүрпейісов Солтан (Қатардағы жауынгер. 1944 жылы шілдеде қаза тапқан. Орел облысы, Гузкое ауылында жерленген), Нұғыманов Далабай (1904 жылы Күршім ауылы, Құйған ауылында туған. 1943 жылы, тамызда хабарсыз кеткен), Оспанов Алпысбай, Рамазанов Есімхан (Кіші сержант. 1925 жылы Күршім ауданы, Құйған ауылында туған. 1945 жылы ақпанда майданда қаза тапқан. Шығыс Пруссияда, Липпикин ауылында жерленген), Смайылов Қабден, Сейсекенов Мәулен, Сегізбаев Құмарғазы, Тастанбеков Нығметолла, Тәукішбаев Қалиакпер, Тоқтыбаев Әубәкір, Тұрақжанов Байдолда (Қатардағы жауынгер. Күршім ауданы, Сарөлең ауылында туған. 1942 жылы желтоқсанда хабарсыз кеткен), Пышақбаев Бисолтан (Қатардағы жауынгер. Күршім ауданында туған. 1942 жылы қазанда хабарсыз кеткен, Үметбаев Сейілхан, Бәжеев Қайсар (Қатардағы жауынгер. Күршім ауданы, Сарыөлең ауылында туған. 1943 жылы қазанда хабарсыз кеткен), Бәжеев Ақышбай.

Соғыс ардагерлері: 

Саудагеров Ұрыққали, Дүңкебаев Қожақан, Әкімбаев, Құниязов, Мейірбаев, Байжанов, Семізбаев, Түселбаев Сләм, Темірбаев Қыстаубаев, Құйқашев Қалым, Айтбаев Ахметбек, Ерменов Мұқатай, Байғабылов Рамазан, Тырнақбаев Секіш, Калитов Дүкен, Ибраев Ыдырышқан, Айтқұлов Серғазы, Ақшабаев Шөкен, Алшынбаев Сләм, Әпсәлемов Сыдық, Қалиев Сақан, Жалмурзин Әбетай, Ыхиев Рысқали, Тоқтыбаев Қалиқан, Шілдебаев Зәйнике, Пыштақов Әшімқан, Төлежанов Үркінші, Мұхаметжанов Зейнолда, Тастамбеков Қалиолда, Тоқаев Сейіткамал, Тоқаев Кәмалбек, Райысов Нұғымар.

Соғыстың қара дауылы Қыстаубай Темірбаевтың да тыныш өмірінің ойран топырын шығарды. 1942 жылы аттанып, 1 Украина майданының 177 полкінің миномет батальонының байланыс бөліміне жіберілді. Сұрапыл жылдарда көптеген ерліктер жасап, бірнеше рет немістерді тірідей қолға түсіріп, штабқа тіл әкелу міндетін аброймен орындады. Қиян кескі соғыстың бірінде Қыстаубай ағай ауыр жараланып, майданнан 1 топтағы мүгедек болып оралды. Соғыстан кейін Темірбаевтың ұстаздық жолы басталды. Оқушыларға сапалы білім саналы тәрбие беруде тер төкті. Соғыс және еңбек ардагері Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен, мерейтойлық медальдармен марапатталды. Ұстаздық жолындағы еңбегі үшін Мақтау қағаздарымен әлденеше рет марапатталды. Қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты

Құйқашев Қалым 1941 жылы тамыз айында майданға кетті. Алғашында Сталинград қаласындағы шайқасқа қатысып пулеметші болды. Бұдан кейін Мәскеуден Берлинге дейінгі майдан жолын жүріп өтті. Майдангер аға Сталинград қаласындағы қиян кескі шайқастағы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды. Қалым аға атты әскер қатарында да, пулеметші де, мина іздеуші де болды. Берлин, Ленинград қалаларында мина іздеуші болды. Соғыстан кейін ауыл шаруашылығының әр саласында жемісті еңбек етіп, құрметті демалысқа шықты. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен, мерейтойлық медальдармен марапатталды. Соғыс және еңбек ардагері Қалым Құйқашевтың өнегелі өмірі міне осындай.

Айтбаев Ахметбек 1942 жылы майданға аттанып, артиллерия дивизиясында  жорықтарға қатысты. 1942 жылы II Калинин майданында, II Украина майданында Харьковте, Киевте болды. Бұдан кейін Курск шайқасына қатысып, Венгрияға дейінгі қанды жорықтарынан өтті. 1945 жылы Венгрияның Вена қаласында жараланып туған жеріне оралды. Құрметті демалысқа шыққанға дейін халық шаруашылығының әр саласында жемісті еңбек етті. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін «За Отвагу» медалімен, ордендермен, көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталды.

Ерменов Мұқатай 1941 жылы соғысқа аттанып, Украина майданында болды, Сталинград қаласындағы шайқасқа қатысты. Сұрапыл соғыста 4 рет жараланды. 1943 Даманскіде қолынан жараланып туған еліне оралды. Ол I дәрежелі Отан соғысы орденімен, көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталды. Соғыстан кейін құрметті демалысқа шыққанша шопан болып еңбек етті.

Еліміздегі қиын да қаһарлы кезең - Ұлы Отан соғысын бастан өткерген жандардың бірі Калитов Дүкен, 1942 жылы майданға аттанды. Ол Солтүстік майданында 13-ші әуе десанты бригадасында бөлімше командирі болды. Одан кейін Старая Русса, I Украина майданында қиян кескі соғыстарды бастан кешіріп, Бессарабия, Румыния, Венгрияға дейінгі майдан жорықтарын жүріп өтті. Корсунь- Шевченко, Яссы-Кишинев сияқты Германияның ең басты топтарына қарсы ұрысқа шықты. Соғыстан кейін есепші, ферма бастығы, қойма меңгерушісі, бригадир көмекшісі болып еңбек етті. Соғыстағы ерлігі үшін 3-дәрежелі Даңқ, Қызыл ту ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Отан Соғысы», «Днестрден өткенде көрсеткен  ерлігі үшін», «Днепрден өткендегі ерлігі үшін», «Брно», «Прага», барлығы 12  медалі бар. Күршім кеңшарында 47 жыл еңбек етіп, «Тың игергені үшін», «Тыңға 50 жыл», «Еңбек ардагері», Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуковтің медалімен  марапатталды.

Ибраев Ыдырышқан 1943 жылы майданға аттанып, I Белоруссия майданында 13 полкте танк бригадасында десантшы болды. Майдангер Белоруссиядан бастап Берлиннің Одер өзеніне дейінгі майдан жолдарын жүріп өтті. Соғыстағы ерлігі үшін 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен мерейтойлық медальдармен марапатталды. Соғыстан кейін ауыл шаруашылығында үздік еңбек етіп медальдармен марапатталды. Зейнетке шыққанға дейін 15 жыл мектеп шаруашылық меңгерушісі болып еңбек етті.

Біз өттік елу жеті Тескентаудан,
Ортасын ойып тұрып кескен таудан.
Совет жерін ешбір жау ала алмайды,
Отанды құтқарамыз зұлым жаудан, - деп жырлаған еді 40 жылғы комсомол 
Секіш Тырнақбаев.

Ел басына күн туды байтақ елдің,
Дұшпаннан тазалаймыз совет жерін.
Қолыма қару алып майдан кеттім,
Мен сонда он сегіз-ақ жаста едім, - деп өзі айтқандай С.Тырнақбаев ол кезде 18-ақ жаста еді. 1943 жылы 1 ақпанда қыстың қаһарына мінген қақаған аязында соғысқа аттанып, II Белоруссия майданы, 17-ші Қызыл Тулы гвардиялық дивизиясында пулеметші болды. Ұрысқа кірген күні аяғынан, жағынан жаралы болып госпитальға түседі. Одан кейін Прибалтика майданы 333-ші Қызыл тулы Рослов атындағы дивизиясының, 11-ші, 54-ші Қызыл тулы полкіне жіберілді. Ардагер ағаның сұрапыл жылдардағы өмірбаянынан үзінді келтіре кеткім келеді. Таң ағарып ата бастайды. Жауынгерлер окоп қазу жұмысын аяқтап, шегінуге бұйрық алған кезде, кенеттен баспалап келіп қалған жау оқ ата бастады. Взводтағы 4 пулеметтың үшеуін топырақ басып қалған екен. Жалғыз С.Тырнақбаевтың пулеметі ғана аман. Барлық үміт осы пулеметте еді. Жауынгер жауға пулеметпен дүрсе қоя береді. Сөйтіп жаудың бетін қайтарады. Сол ерлігі үшін кіші сержант атағын алып, пулеметшілер бөлімшесінің командирі болып тағайындалады. «За Отвагу» медалімен марапатталады. Сондай-ақ Секіш аға Курляндия жеріндегі Ақ мектеп бекінісінде жанқиярлық ерлік көрсетеді. Сол үшін 3-дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Көптеген қанды жорықтарды бастан кешіріп, 1948 жылы 29 қарашада туған еліне оралады. Соғыстан кейін зейнетке шыққанша әртүрлі салада еңбек етті. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін 1 дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталды. Қоғамдық жұмыстарға қатысып, 1948 жылдан лавочный комиссия төрағасы болды.

Тастанбеков Қалидолда 1938 жылы әскери борышын өтеуге шақырылады. Үш жылдан соң елге оралады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанады. Бірінші рет Курск-Орловск түбінде жаумен бетпе-бет шайқасады. Ол атақты қолбасшы Рокосовскийдің армиясында болып, II, III Белорусь майданына қатысады. 152 миллиметрлік калибрлі зеңбіректің командирі болып тағайындалады. Ол өзінің бір қатты ұрыс кезінде жараланып, топыраққа көміліп қалғанын, достары аршып алғанын еске алады. Соғыстың ақырғы жылдары танк экипажының командирі болып, Балтық жағалауын азат етуге қатысады. Соғыстың басынан аяғына дейін қатысып Берлинге дейін жеткен. Соғыс біткеннен кейін қираған қалаларды қалпына келтіріп, 1947 жылы мамырда елге оралады. Елі қуанышпен қарсы алып, ұстаздық қызмет береді. Еңбекке араласып жүріп оқуын Зайсан қаласындағы Педучилищеде жалғастырып, сырттай оқып бітіреді. Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Ұстаздық еңбегінде мақтау қағаздары баршылық. Күршім округі бойынша бірнеше мәрте депутаттыққа сайланған. Жас буынды тәрбиелеуге 35 жылын арнады.

Түселбаев Сләм 1939 жылы 15 наурызда Күршім ауданының комиссариатымен әскери қызметке шақырылып, 719 атқыштар полкіне қызмет етуге жіберілді. Осы полктің құрамында 1940 жылы наурыз айында ақ финдермен болған соғысқа қатысты. 1943 жылдан Ұлы Отан соғысына қатысып, 132 атқыштар полкінің құрамында Волхов ГЭС-ін қорғауға, Киев, Белая Церковьті азат етуге ат салысты. Отан алдындағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «За боевые заслуги», «За победу над Германией» медальдарымен марапатталған. 1946 жылы елге қайтып, бейбіт өмірге белсене араласты. Аудандық комсомол комитетінде істеді. 1952 жылы Зайсан педагогикалық училищесін тәмамдағаннан кейін ұзақ уақыт Алғабас ауылында география пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен және мерейтойлық наградалармен марапатталған.

Айтқұлов Серғазы Мақытұлы 1939 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылады. Қызметін Забайкалье әскери округінде, Дауран даласында, құрылыс батальонының қызыл әскері болып бастайды. Автотранспорт батальонымен бірге Моңғол Халық Республикасында болды. Осында жүріп шофер мамандығын игерді. Ал запастағы 16-шы артиллерия полкімен Новосибирскіде тұрған кезінде жауынгер-артиллерияшы мамандығын үйренді. Әскери қызмет жолы Айтқұловты Батысқа алып келді. Ол алғаш рет жаумен 1942 жылдың қараша айында Курск облысының Мальархангельк қаласы үшін ұрыста беттеседі. Осы ұрыста ауыр зеңбіректер гитлершілердің қарсылығын тойтарып, көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. 1945 жылы Одер өзенінен ойдағыдай  өткендегі операцияға қатысып, ерлік көрсеткені үшін III дәрежелі «Даңқ» орденін алады. Соғысты Берлинде I Беларуссия майданы әскерлерінің құрамында  жүріп аяқтайды. Бұл кезде ол кіші сержант, 2-ші дивизияның 89-шы гаубицалық артиллерия бригадасының зеңбірек командирі. 1946 жылы ауылына взвод командирінің орынбасары, аға сержант атағымен оралды. Бранденбург қаласында оларды шығарып салу салтанатына артиллерия маршалы Воронов пен әйгілі партизан қозғалысын ұйымдастырушы Ковпак келген. «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін медалі», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдары,көптеген үкімет наградалары  щайқастарда танытқан батырлығының белгісі еді. Бейбіт күнде Күршім кеңшарында шикізат дайындаушы болып көп жылдар жұмыс істеді. Еңбек озаты болды. 8 қаңтар 2009 жылы 90 жасында дүниеден өтті.  

Саудагеров Ұрыққали 1938 жылы әскер қатарына шақырылып, Фин соғысына қатысады, 1940 жылы аман-есен оралады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанады. Сталинград маңында болған ауыр шайқаста жараланып, ес-түссіз окопта көміліп қалғанда, өз солдаттармыз екі күннен кейін қазып алып, тірі қалады. 1944 жылы Берлин маңындағы соғыста ауыр жараланып, ессіз немістердің қолына пленге түседі. Колоннада айдауда кетіп бара жатқанда иығындағы жара құрттап, әлсіреп құлап қалғанда, екі жолдасы қолтықтап колоннаның  ортасына алып кіреді. Құлап қалғандарды немістер бірден атып тастап кете береді екен. Сөйтіп екінші рет ажалдан аман қалыпты. Сол жылы майданнан «Ұлдарыңыз Отан алдындағы борышын өтеуде ерлікпен қаза тапты» деген қаралы қағаз келді. Тек 1946 жылы көп азап көріп, Отандастарымен бірге пленнен қашып, емделіп, аман-есен ауылына оралады. Шындығын дәлелдегенше заң орындары қанша қинау көрсетті. Сол қиындықтарды жеңіп шықты. Тастоғам ауылында қойшы, қой фермасының меңгерушісі, жылқышы болып жұмыс істеді. 1964 жылдан Күршім кеңшарында шопан болып еңбек етіп, 1973 жылы социалистік жарыстың үздігі болып Мәскеуге, халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне барды. 1978 жылы тағы үздік аталып, сыйлыққа кілем алды.

Шілдебаев Зәйніке 1939 жылы әскерге шақырылып, Хабаровск қаласында әскери борышын өтейді. Ұлы Отан соғысы басталғанда сол жерден майданға аттанады. 1943 жылы бүкіл Армия қоршауға алынып, қарсы шабуыл кезінде көбі қырылып, қалғаны тұтқынға түскен. Сол кеткеннен Германия, Италия т.б. мемлекеттерде болады. 1945 жылы Америка әскерінің құтқаруымен Кеңес үкіметіне қайтарылады. 1946 жылы қираған қалаларды қалпына келтіруге қатысады. Еліне оралған соң бұрынғы мамандығы бойынша тракторшы болып жұмыс істейді. Кеңшардың партком мүшесі, ауылдық кеңес депутаты болды. Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуковтың медалімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Жеңіске 40 жыл», «Ұлы Отан соғысына 50 жыл» т.б. медальдармен, «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. 

Өкінішке орай, уақыт сол ұлы оқиғаларға қатысушыларды біздің қатарларымыздан алып кетіп жатыр. Қайран біздің ардагер ағалар! Бұл күнде Алғабаста олардың бірі де жоқ, көзі тірі Калитов Дүкен атамыз да биыл дүниеден өтті. Бірақ ешкім де, ештеңе ұмытылмауы тиіс! Себебі бұл – біздің тарихымыз, біздің мақтанышымыз, біздің даңқымыз!

Ей, бүгінгі жас қауым, бейтаныс арғы ұрпақ!

Ұлы Отан соғысында қабырғадан қан кешіп жүріп біз сендерге бақыт әпердік, жас ұрпақ. Ол - қазіргі кең жазира Отаның сенің. Отансыз өмір, онсыз қуаныш жоқ. Соны көздің қарашығындай сақтаңдар. Жастарымыз отаншыл болсын, отаншылдық ең ұлы қасиет.

Отанды сүйіңдер, қорғаңдар, оған қызмет етіңдер!

Ей, жүз жылдан кейінгі,мың жылдың арғы жағындағы үрім-бұтақ! Естисің бе менің үнімді, жете ме саған менің даусым-деп өсиет еткен Бауыржан батырдың үні, аға ұрпақ ерлігі өскелең ұрпағы үшін тәрбие мектебіндей, өткен өмірі бізге өнеге.

Жолдаған: Мұқанова Нұрғайни Манапқызы, Күршім аудандық кітапхана директоры

Сурет: www.azattyq.org

Ж. Өрісбай