9 мамыр. Мен соғысты көргем жоқ, бірақ та...

9 мамыр. Мен соғысты көргем жоқ, бірақ та...

Қайсарлық пен қаһармандық,

Отанға деген сүйіспеншілік

аса қатыгез сұрапыл соғыста жеңіске жол

ашты.

Н.Ә. Назарбаев

Бізге әдебиет пәнінен сабақ беретін апайымыз соғыстың жеңіспен біткеніне 70 жыл тақырыбына байланысты шығарма жазу керектігін ескертті.Сол себепті ойыма бірден ұрыс даласы, алапат кезеңнің сұрапыл көрінісі, санасаң сан жетпейтін, маңдай термен өрілген еңбектің бір күнде із-түзсіз жоғалып кетуі көз алдыма елестей қалды.

Иә, соғыс деген суық сөздің не екенін кітаптан, теледидардан, кинодан, түрлі тарихи ескерткіштерден, мектепте өтіліп жатқан әдебиет, тарихи пәні сабақтарынан, мазмұнды кездесу және тарихтағы танымал тұлғаларды еске алу кештерінен біліп жатырмыз. ...Соғыс деген бүлінген дала, жетім қалған бала, жесір қалған ана, баласын өмір бойы сарғая күткен үлкен әріпті ана, жазылмай қалған дастан, жете алмай үзіліп түскен махаббат, қайталанбайтын, қайта оралмайтын жастық шақ... деп түсінік алдық.

Дәл қазір кімнен бастасам, қай батырды тілге тиек етсем екен деген ой торлап алды мені...

...Соғыстың қалай басталғаны, оның сипаты жөнінде түсінігіміз бар деп жоғарыда айтқан едім, солай бола тұрса да, аздап тоқтала кетсем: шабуыл жасаспау туралы 1939 ж 23 тамызда келісім болғаны, аз уақыт өтпей жатып, келісімді бұзып, 1941 жылы 22 маусымда жарияламастан, КСРО одағына соғыс бастап кеткені мәлім.

Әрине, Германия тарапынан бұл соғыс – агрессиялық, әділетсіз соғыс, ал Кеңес Одағы тарапынан әділетті, өз елін қорғау жолындағы азаттық Отан соғысы екенін де тарихтан білеміз. Гитлер бұйрығы КСРО-ға басып кірудің «Барбаросса жоспары» деп аталатын стратегиялық жоспарын жасауға кіріскен, осы жоспар бойынша Фашистік Германия және оның қолшоқпарлары құрғақтағы, әуедегі, соғыс-теңіз күштері бірден, бір мезгілде шабуыл жасау керек деп шешті. Мақсаты – 3-4 ай ішінде, яғни соғысты 1941 жылы күзде аяқтап, «жеңіс межесін тойлауды» қызыл алаңда өткізуді ойлады. 

...Дүниені дүр сілкіндірген қанқұйлы алапат соғыс адамзат тарихында қандай өшпес із қалдырғаны шаңырағы ортасына түскен қаралы үй мен жетім қалған ұрпақтардың ғана өксігі емес, бейбітсүйгіш барлық қауымның сақтана жүруін қажет етуі анық. Санамызға сыйғызған олардың ерліктерін, тарихтағы өшпес із қалдырғанын, сол істеріне лайық өздеріне арнап кітаптар шығарылып жатқаны, көше аттары беріліп, ескерткіштер орнатылып, кинолар, әндер шығарылып, жыл сайын еске түсіру кештері, кездесу кештері өткізіліп жатқаны ерен еңбектерінің толассыз, даусыз дәлелі екені мәлім.

Мен бар-жоғы 9–сыныпта оқимын, бірақ жасыма қарамай, тарихи, көркем шығармаларды қызыға оқимын. Әлия (Ілия) Нұрмұхамедқызы Молдағұлова, Мәншүк (Мәнсия) Жиенғалиқызы Мәметова, Бауыржан Момышұлы, Сұлтан Баймағанбетов, Рахымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Нүркен Әдіров, авиация саласындағы қазақ қызы –Хиуаз Доспанова (ұшқыш штурманы болып 300-ден астам мәрте әуеге көтерілген) т. б тарихи тұлғалардың тағылымды өмір жолымен таныспын деп ауыз толтырып айтуыма болады.

Мектебімде өткен Әзілхан Нұршайықов (марқұм) атамыздың кеші: жауынгерлік өмір туралы, Мәншүкпен бірге соғыста болып, оның ерен ерлікпен, қалай қайтыс болғаны, жауынгерлік сапқа тұрып, өзі шығарған өлеңмен қоштасқан сәтін айтып беруі әсерлі-ақ еді.

Сол сияқты Ұлы Отан соғысының ардагері, запастағы полковник, Ұлы Отан соғысы ардагерлері одағының төрағасы, маршал Жуковтың жеке писарі болған Жазықбай ата Ахановпен кездесу кешіміздің де оқушыларымызға берері мол болды. Атамыз 1941 жылдың желтоқсан айынан 1942 жылдың сәуір айына дейін Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысқанын, Гитлер өз әскерінің бүкіл күшін жұмсағанын, біздің әскерлердің қиындықпен қалай жеңіп шыққанын әңгімеледі. Атамыз 50-армияның 413-299-атқыштар дивизияларында қантөгіс шайқасқа қатысқанын, ерен ерлік, тылдағы көмектің арқасында жеңіске жеткендерін айтып өтті. Және 1944 жылы қараша айларының орталарында Георгий Жуков Белорусь майданын басқарып, штабына жазуы әдемі писарьларды таңдады. Алдында жарақат алған мен тәулігіне 15-18 сағат жұмыс істейтін жерге яғни штабқа алындым. 17 хатшыға басшы болдым. Әскери құжаттар толтыра жүріп Жуковтың азаматтық тұлғасын байқадым (Сырым Датұлын сұрауы және Шығыстың екі батыр қызын тілге тиек етіп айтуы...)

Ел Президентінің арқасында соғыс ардагерлеріне көңіл бөлінуде және еліміздің жаңарып, жасарып келе жатқанын толқу үстінде жеткізді.

... Өзімнің апамның (әкемнің анасы – Мария Қалимолдақызы) айтқан, еске түсірген, кей сәттердегі психологиялық көңіл-күйі қатты әсер еткеніне тоқталғым келеді. Соғыс туралы кино көрсе, көруге отыра қалады, тіпті көзіне жас алады... бірде барлығын сұраған едім апамнан:

  • Иә, Аяна, сенің атаң – Қалимолда Мұқышұлы мектеп директоры болып жүрген кезінде соғысқа аттаныпты, мен бесікте қалыппын, орыс досы менің атымды «соғыстан тірі келеміз бе, келмейміз бе, ескерткіш болып қалсын деп атымды Мария қойып кетіпті. Уақыт зымырайды-ақ, «Ай деген аунап түскенше, жыл деген ат басын бұрғанша» деген ғой. Атаң Суворов орденді №323-ші Қызыл тулы Брянск атқыштар дивизиясының №1030 атқыштар полкінде взвод командирі болған екен (интернеттен қарауыңа болады). Қайтыс болған жері – Польшаның Лапы қаласы...

Бірер жылдан кейін атамыздың қайтыс болған жеріне барып қайттық, құран оқып, тағзым етіп, гүл шоғын қойдық.

Жат жерде жерленген атамыздың бір уыс топырағын жәшікке салып, өзі туған ауылына әкелдік, Таңданғаным: әскери қызметкерлер, шекарашылар алтын уақыттарын бөліп, бірнеше машинамен, өздерінің оркестрімен келіп, мектеп алдында жиын өткізуі, қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Толыбаевтың тебіреніспен атамыздың өмірбаян деректеріне тоқталып өтуі өте әсерлі болды. Жастар, мектеп оқушылары концерт беріп, арнау өлеңдерін оқыды. Ескерткіш тақта қойылды. Соңынан қала орталығында орналасқан Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға арналған ескерткіш алаңына барып, атамыздың атын көріп көңіліміз толқығандай болды.

«Жапырақ тамырынан нәр алады» деген бар. Ақылды бол!" - деді апам.

Иә, апам Мәншүк батырдың анасы – Әмина Мәметова институтта 5 жыл сабақ бергенін, қызыңың хатарын оқып беріп, батырдың балалық шағынан сыр шерткенін де айтып берген.

Мен соғысты көрген жоқпын, бірақ жүрекке жара, көңілге нала салған соғысты тілемеймін, есіктің сықыры мен терезенің тықылынан да қорқып отыратын соғыс ардагерлерінің жары санаулы болса да бар.

Біз бақыттымыз, Елбасы жолдауындағы «Нұрлы жол–Болашаққа бастар жол!» болатынына сенімдіміз. Тек Отанға адал болайық дегім келеді достарыма. 

Жолдаған: Аяна Әлібекова

Сурет: nektonemo.livejournal.com

Оқи отырыңыз

"Жеңімпаздар" жобасына ардагерлердің хикаясын WhatsApp арқылы жіберуге болады

Нағашы атамның соғыс жайлы естеліктері

9 мамыр. Бір өзі 24 фашисті өлтірген қаршадай қазақ қызы кім еді?

9 мамыр. Атам туралы баллада

Ө. Сансызбай