9 мамыр. "Георгий лентасы" шарасы

9 мамыр. "Георгий лентасы" шарасы

Жыл сайын «Жеңіс күні» мерекесінің қарсаңында үлкен-кішіге «Георгий лентасы» таратылады. Бұл дәстүр Ресейде 2005 жылдың наурыз айында басталған. Шараны «РИА Новости» журналисті Наталья Лосева жеңістің 60 жылдық мерейтойының қарсаңында ойлап тауып, оған Мәскеу әкімшілігі мен «Студенттер қауымы» қоғамдық мекемесі қолдау білдірді.

«Георгий лентасы» шарасының басты екі мақсаты бар. Бірі Ұлы Отан соғысына қатысып, жеңіске жетуге септігін тигізген ардагерлерді еске алып, оларды ардақ тұту болса, екіншісі қоғам назарын ардагерлер мәселесіне аудару болып табылады. Ерікті жандар мереке қарсаңында таратқан лентаны алып, оны шара талаптарына сай көлік антеннасы не сөмке бауына байлауға, қол не кеудеге тағып қою керек. Шара саяси және коммерциялық мақсаттарды көздемейді. «Георгий ленталары» саудаға түспейді, тегін таратылады.

Ресейда бастау алған игі шара уақыт өте келе етегін кеңінен жайды. 2007 жылы «Георгий ленталары» Эльбрус шыңынан көрінді. Алып шыңды бағындырған бір топ альпинисттер дәстүрлі байрақ тігумен қатар, «Георгий ленталарын» тақты. Аталмыш жылы Байқоңырдағы Халықаралық ғарыш станциясының экипажы алғаш рет «Георгий лентасын» байлап, ғарышкерлер ардагерлер қауымын Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, батылдық пен ерлік көрсеткендері үшін алғыс білдірді. 2009 жылы шара әлемнің 60 елінде ұйымдастырылып, «Георгий лентасы» Ұлыбритания, АҚШ, Греция, Исландия, Чехия, Италия, Германия, Франция, Эстония, Испания, Канада, Мексика, ОАР, Сербия, Қытай, Жапония, Вьетнам, Сауд Аравиясы, Бейрут, Біріккен Араб Әмірілігі, Ливан, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Қазақстан т.с.с. бірқатар елдерде таратылды.

Биылғы жылы игі шараны ұйымдастыруға “Alma Paper” компаниясы, «Авто радио» ұжымы, «Центр тяжести» форумының белсенділері мен еріктілері ат салысты. Алматы қаласындағы 28 гвардияшы панфиловшылар атындағы саябақта сәуір айының 29 жұлдызынан бастап еріктілер «Георгий лентасын» таратуда.


Кадикова Евгения, “Alma Paper” компаниясының қаржы директоры:

«Біз, қазақстандықтар, ардагер әже-аталарымыздың ерлігін ұмытпауға тиістіміз. Оларды еске алып, алғысымызды білдіріп, құрмет көрсетуге міндеттіміз. Кеңес әскерінің құрамында болған қазақстандық жауынгерлер соғысқа қатысып, өз өмірлерін жеңіс үшін пида етті. Біздің компания бұл шараны биыл үшінші мәрте өткізіп жатыр. Басты мақсатымыз - қоғамға ой тастау, ардагерлерге жәрдемдесу, бұл мерекенің біз үшін аса маңызды екенін көрсету. Шараға қатысуға бірқатар мекемелер, орта мектептер, жоғары оқу орындары құлшыныс білдіруде. Биылғы жылы шара аясында 800 мың лента таратылды. Болашақта шара тек Алматыда ғана емес, Қазақстанның өзге де қалаларында өткізіледі деген сенімдеміз»

Өкінішке орай, «Георгий ленталарын» ұйымдастырушылардан тегін алып, көше бойы мен базар маңында елге сататын жандар табылып жатыр. Алайда, құрмет пен мақтаныш белгісін саудаға салған жандар еш жауапқа тартылмайды, оларды ешкім жазаламайды. Сондай-ақ, таратылған «Георгий ленталарын» бәзбіреулер аяқ киімінің бауына, шашына, беліне, тізесіне, балтырына, велосипед дөңгелегіне, үй жануарларының мойны мен аяқтарына байлап алып жүр. Бұл - дөрекілік пен тәрбиесіздік белгісі!


Георгий лентасы – бұл жай ғана қара-сары жолақты лента ғана емес. Ол - жауынгер ерлігінің нышаны. Ол - жас ұрпақтың ата-баба рухына тағзым-тағылымы. Ол – өткен күндерді еске алу белгісі.

Ғ. Ұзақ