Ұлы Отан соғысының еңбек ардагері Ілімхан Тұңғатар келінінің әңгімесі

Ұлы Отан соғысының еңбек ардагері Ілімхан Тұңғатар келінінің әңгімесі

Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда жұмыс істеп, майдандағы сарбаздарға киім тіккен қарт ана Ілімхан апаның әңгімесі.

"Менің атым Ілімхан. Көп балалы отбасында дүниеге келгенмін. Он жеті жасымда тұрмысқа шықтым. Жолдасым өзімнен жеті жас үлкен. Жолдасым ағасымен (Қожамберді) бірге келіп, әкемнен рұқсат алды. Әкем осы сенің жолдасың деп мені атқа міндіріп жіберді. Осылай он жеті жасымда тұрмысқа шықтым. Үлкен әулетке келін болып түстім. Аштық жылдары өмір сүру қиын болды. Балаларымыз бірінен соң бірі шетіней берді. Жалғыз баламыз Айдаш қана тірі қалды.

Жоғарғы қатарда ортадағы мен осылай ұзатылдым

Соғыс жылдары ауылымыздағы жас жігіттерді майданға алып кетті. Іштерінде жолдасым Айдарбек те болды. Біздің әулеттен тағы да үш қайным (Қарға, Сұлтан, Төрге) мен қайынағам (Әбділда) майданға кетті.

Ауылда қалған қыз-келіншектер, балалар, үлкен кісілер бәріміз тылда жұмыс істеуге жұмылдырылдық. Күндіз сиыр саудық, майдандағы сарбаздарға байпақ тоқыдық, қолмен пішіп, ине ұстап, әскери киім тіктік. Кейде немерелерім «Апа, саусағың неге қисайып кеткен?!» деп сұрайды. Ол кезде тігін машинкасы болмаған, барлығын өз қолымызбен жасадық емес пе?! Күнде ине ұстап, 40-50 сиыр саудық қой.

Майданнан хат алып, жақындарымыздың аман-саулығын біліп тұратынбыз. Қара қағаз да келетін. Бірақ, көз жасымызды бір сығып алып, әрі қарай жұмысымызды жалғастыратынбыз. Әскерге көмектескендігіміз бізге рух беретіндей көрінетін.

1943 жылы маған да қара қағаз келді. Ол кезде жаспын. Қолымда балам бар. Жолдасымның қазасына көнуге тура келді. Бірақ, көп ұзамай бұл қағаздың жалған екенін білдім. Жолдасым тірі екен. Соғыста борышын өтеп жүргенін естігенде еріксіз көзіме жас алғаным есімде. Жолдасымнан хат сирек келіп тұрды. Себебі, ол сол кезде тұтқынға түсіпті. Оны біз кейін білдік қой.

Екі қайным (Қарға, Сұлтан) сол күйі жоғалып кетті. Майданда қалай қаза тапқанын, қайда жерленгенін де білмедік. Екеуі де жас кетті ғой. Олардың шешелері, үлкен анамыз, әулетіміздің үлкен қарты (Мегей келіні Орындық) балаларын өле-өлгенше күтті. Бірақ олардан біз еш хабар ала алмадық.

Жолдасым Айдарбек

Жеңіс туралы хабар естігенде, барлығымыз қуандық. Жақындарымызбен қауышатын болдық, бейбіт күн туды деп мәз болдық. 1945 жылдың тамызында жолдасым ауылға аман-есен оралды. Бірақ соғыста тұтқынға түскендіктен, ол қараша айында 10 жылға қамауға алынды. 15 жылды артқа тастап, елге оралды. Ал аман-есен келген тағы бір қайным мен қайынағам өз тіршіліктерін ауылда жалғастырды.

Совхозда жұмыста болдық. Жолдасым ұста, кейін ақталған соң, мектепте жұмыс істеді. Мен фермада сауыншы болдым. Күнде 200 шақты сиыр сауатынбыз. Біздің ауылға соғыс жылдарында орыс ұлтының өкілдері көшіп келді. Барлығымыз бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүрдік. Менің есімімді толық айта алмағандықтан, олар мені «Лена» деп атап кетті. Дүниеге келген екі қызымның атын орыс көршілерімнің құрметіне Тамара, Клара деп қойдық. Кенже ұлымның аты Мұратбек.

Ұлым Айдаш да ер жетті. Әскерге шақырылды. Өкінішке орай, ол балам сол әскерде қаза тапты. Елге тек жеке заттары мен альбомы жіберілді. Қалай қайтқаны, қайда жерленгені де белгісіз.

Ұлым Айдаштың фото альбомы

Жолдасым «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, өле-өлгенше осы ауылдың құрметті азаматы болды. Жыл сайын мереке қарсаңында ардагерлер деп бізге құрмет көрсететін. Жолдасымның есімі ескерткіш тақтаға жазылған. Ол 1991 жылы сексен екіге қараған шағында қайтыс болды.

Еңбек ардагері екенімді растайтын құжаттарым бар. Менімен бірге тылда жұмыс істеген жандардың құжаттары болмаған соң, мен куәгер ретінде олардың ардагер екенін растадым. Кейін олар өз құжаттарын жөндеп алды.

Менің жасым қазір 95-те. Үлкен әулеттің қартымын. Өзімнің үш баламнан 14 немере, 13 шөбере сүйіп отырмын. Шүкір, бақытты жанмын. Жыл сайын мерекеде үкіметтен сыйақы аламын. Мерейтой қарсаңында төсбелгілерін беріп жатады. Менің тілерім, алдағы күнде соғыс болмасын. Ұрпағымыз көбейіп, бейбітшілік туы мәңгі желбіресін. Менің жасымды берсін, тек бейнетімді бермесін. Біздің көрген қиындықтарымызды сендер көрмеңдер. Бақытты өмір сүріңдер! Әумин!"

Ғ. Ұзақ