9 мамыр. «Қазақ солдаты» романы

9 мамыр. «Қазақ солдаты» романы

Бүгін сіздерге ұсынғалы тұрған кітап  - «Қазақ солдаты».  Иә, құлаққа етене таныс: «Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытам… Зытып келе жатқаным, қашып келемін. Артыма қарай беретінім, қорқып келемін» - деген сөздерімен мәңгілік өлмес мұралардың бірі әрі бірегейі саналатын,  ұлы жазушының таудай талантының арқасында дүниеге келген үлкен романның дәл өзі.

Әрине, таудай талант иесі деп отырғанымыз – Ғабит Мүсірепов. Дәуірдің рухани – мәдени бел-белестерінде өшпес белгі қалдырған, әдебиетіміздің биік тұлғасы тұғырына көтерілген ұлы суреткер, ірі қоғам қайраткері, әдебиетіміздің «алыптар тобының» аса көрнекті өкілі.

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғын ала ол өзінің тұлғалы туындысы «Қазақ солдаты» романын жазды. Роман тың тақырыбымен, образдарының көркем бейнеленуімен, сюжет құру шеберлігімен, тартымды тамаша тілімен таңдаулы қазақ романдарының қатарына қосылады.

Шығармадағы бас кейіпкердің прототипі Кеңес Одағының Батыры, атыраулық ержүрек жауынгер Қайырғали Смағұлов. Бұны біреу білсе, біреулер біле бермейді. Оның есесіне, бір дәуірдің талай сыры шертіліп, талай рухани адамдық ізденіс-өзгеріс ақтарылған айтулы туындыда азынаған замана лебі айқын сезіледі.  Бас кейіпкердің арман-тілегі, өрісі мен өресі, көтерілген шыңы да, қинала кешкен ойы мен қыры да мен мұндалап тұр.

... Оқу іздеп ауылдан келген бала Қайроштың басынан кешкендері, оның жаңа достары Бораш пен Шенен, әңгімедегі абзал аналар, табиғат суреті, олардың кейіпкер сипатын ашудағы рөлі. әңгіменің баяндау түрі, тіл көркемдігі, мақал-мәтелдердің қолданысы, Қайроштың бір басындағы сезім арпалыстары шығарманы ширықтыра, оқырманды тарта түседі.  Неге десеңіздер, тарқатып айтайық...

Біріншіден, ауылдан сиыр бағып жүрген жерінен қашып қалаға келіп, табан тірейді. Екіншіден, жастық шағы  сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келеді. Соншама  тартымды, көз алдына келтірген арманның бәрі жолда  қалып, жалғыз қолда қалған мүмкіндік болмаса да, ел елдындағы  борышын өтеу мақсатында соғысқа аттанып кете барады.

Содан өлім мен өмір жалғаса береді. Қазақ солдаты Новороссийскіні азат етуге, Элтиген биіктеріндегі қанды шайқаспен жеңіске жетуге, Керчьті қорғап қалудағы қиян-кескі ұрыстарға қатысады. Түрлі-түрлі жарақаттар алып, госпитальдарға да жатып шығады. Батырлығы үшін 1943 жылы Кеңес Одағының Батыры атанады.

...«Қашуымның да, қорқуымның да балаға лайық себептері бар». Бүкіл шығарманың арқауы осы бір-ақ ауыз сөзге тіреліп тұрған секілді. Себебі, батырлық та, батылдық та, даналық та балалықтан басталады. Оның қасында соғыс деген не тәйірі?! Қысқасы, әсем де әдемі тілмен кестеленіп жазылған шығарманың айтар ойы талайда жатыр.

Сіздің қолдан тастамас кітабыңызға айналарына сенімдіміз.

Сурет: writers.kz

Л. Лига