9 мамыр. Отқа оранған кітаптар

9 мамыр. Отқа оранған кітаптар

Азамат болу – ел қамын ойлау. Ел қамын ойлау – Отанымыздың тарихи даму жолындағы қилы күресті басынан кешірген бабалар мен әжелердің жанқиярлық еңбегі мен күресінің өтеуі. 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысы тудырған шығармаларды ұсынамыз. 

Б.Момышұлының “Москва үшін шайқас” романы. Неміс фашистерінің шапшаң басып алу әрекетінен 1941 жылдың күзінде Москва қаласына үлкен қауіп төнеді. Сол кезде Кеңес Одағының астанасын қорғау үшін, қаланың барлық тұрғыны қолдарына қару алып, жауға қарсы тұрды.

Бірнеше мыңдаған халық жасақтары құрылады. Москва халқы, негізінен әйелдер мен балалар қолдарына күрек алып, танк жолына кедергі жасау үшін қазылған орлар, траншеялар, жер асты үйлерін, бекіністер салды. Аштық пен суыққа, жаудың оғына қарамастан бірнеше жүздеген километр орлар қазылады.

Қырық бірінші жылдың желтоқсанында Москва түбінде қар жамылған далада Отан ұлдары бір табан кейін шегінбей, астанаға жау өткізбеу жолында алысады.

Әди Шәріповтің “Партизан қызы” – көркем, әрі әсерлі шығарма. Повесте жауынгерлердің әр сәт сайын ажалмен алысып, өліммен бетпе-бет ұстасқан арпалыстары суреттеледі. Отан үшін басын бәйгеге тігіп, көзсіз ерлік жасай білген ерлердің ішкі мұңдары беріледі. Кез келген уақытта кеуделерін оққа тосып, қажет болса, жолдастарына қалқан болған жанкешті жауынгерлер шынайы бейнеленеді.

Кітап көпшілікке түсінікті, қарапайым тілмен жазылған. Солай бола тұра, мән-мағынасы өте зор. Әрбір кейіпкер әрекеті, мінез-құлқы патриоттық сезіммен ұштасқан.

Қасым Қайсеновтің “Таңдамалылары”. Аталған кітапты оқи отырып, соғыс тауқыметі мен қасіретін, от оранып, қан кешіп қол жеткізген Жеңістің бағасын терең түсінуге болады. Егер қаһармандық танытпаса, бүгінгі заман қандай болар еді деген бұлыңғыр ой келеді.

Кітаптағы шығармалар біздерді етжандылық рухта тәрбиелейді. Отан алдындағы қасиетті борышымызды сезінуге, жеңістің қандай қиындықпен келгенін түсінуімізге әсер етеді.

Қасым Қайсеновтің “Жау тылындағы бала” деп  аталатын еңбегінде жергілікті халықтың Отанға деген сүйіспеншілігі, жауға қаталдығы, партизан отрядтары мен астыртын ұйымдарға көмегі нақтылы суреттеледі.

Әзілхан Нұршайықовтың "Ақиқат пен аңызы". Осы бір кітаптан Баукеңнің ерекше дарын иесі екеніне көзіңіз анық жепек. Өте қатал, қабағынан қар жауып тұратын Баукең кейде аса мейірімді, жайдарлы жүзді болатынын кітап ішінен оқып отырып, біле аласыздар. 

Қ.Аманжолов – өзінің батыл ойлы, шыншыл да терең сырлы, дауылды поэзиясымен әр буын оқырмандар сүйіспеншілігіне ие болып, жас таланттарға өте күшті әсер етіп келе жатқан біртуар дарын.

Қасымның майдан жырларының лирикалық кейіпкері – кеудесі кек пен ызаға толы, аса қажырлы жан. Оның «ажалдың дегеніне көнбей», «сескену, қорқу дегенді» білмей, соғыстың ауыртпалығын әр төзіммен көтерген қайсар бейнесі көп өлеңдердің мазмұнын құрайды.

Қасымның майданда жазылған, оның ішінде елдегі ақын аға, қаламдас құрбыларына жазған шыншыл, сыршыл өлеңдерінен, хаттарынан ақынның өз бейнесін, Отан үшін жанын отқа салып жүрген солдаттың образын көреміз.

сурет:ikitap.kz; bookcity.kz; atamura.kz; bookcity.kzhd.at.ua  

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Л. Лига