9 мамыр. Мәлік Ғабдуллин: "... Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды берем"

9 мамыр. Мәлік Ғабдуллин: "... Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды берем"

Қазақ халқының біртуар батыр ұлдарының бірі болған ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері және жазушы Мәлік Ғабдуллиннің тарихтағы, әдебиеттегі орны тым ерекше.

Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы 2 (15) қарашада Ақмола облысы, Зеренді ауданына қарасты Қойсалған ауылында дүниеге келді. 14 жасынан бастап атақты жазушы Сәбит Мұқановтың тәрбиесін алады. 1924-1931 жылдар аралығында М.Ғабдуллин Көкшетау қаласындағы жетіжылдық қазақ мектебінде оқиды. 1931 жылдың қыркүйегінен 1935 жылдың шілдесіне дейін Алматы қаласындағы Абай атындағы Педагогикалық институттың «Қазақ тілі мен әдебиеті” бөлімінің студенті болды. 
1935 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдайды. Институттан кейін 1935-1937 жылдар аралығында әскери борышын өтейді (1937 жылдың қарашасына дейін Өзбек ССР-і Ферғана қаласында Отан алдындағы борышын өтеді). Әскерден келген соң, 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер болып еңбек етеді. 1938 жылы «Қазақстан пионері» газеті редакторының орынбасары қызметінде болады, КСРО Ғылым Академиясының қазақстандық Филиалындағы Тіл және Әдебиет Институтында ғылыми қызметкер болады.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда, алғашқылардың бірі болып өз еркімен майданға аттанады. 1941 жылдың қыркүйегінен бастап, соғыстың соңына дейін Отанды қорғау борышын абыроймен атқарады. Аға политрук болады. Майданда И.В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияда шайқасады. 1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының маңында болған ұрыста Мәлік солдаттардың біразына басшылық етеді. Ол басқарған сарбаздар фашистердің тісіне дейін қаруланған әскеріне тойтара соққы береді. Кескілескен ұрыстың нәтижесінде жаудың екі танкісін гранатамен жарып, жаудың 12 солдатын тұтқынға алады. Ұрыс кезінде Мәлік Ғабдуллин жарақат алады. Алған жарақатына қарамастан, жауға қарсы оқ боратады. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1943 жылдың 30 қаңтарында Мәлікке "Кеңес Одағының Батыры" атағы берілді.  Бұл атақпен қоса, Ленин ордені және «Золотая Звезда» медалі де берілді.

Мәліктің жаужүрек батырлығы жөнінде очерк жазған Борис Полевой темір өзек жауынгерлерін көзі­мен көріп, таңғажайып ерліктеріне елжі­ре­ген дивизия командирі, генерал-майор И.В.Панфиловтың толға­нысын былайша суреттейді. “…Өзінің көргісі келді. Сұңғақ бойлы, талдырмаш жасты Панфилов ұзақ айналдырып қара­ды. Шынын айтқанда, Мәліктің денесіне соғыстың әскери киімі әлі қона да қойма­ған кезі еді. “– Мә, саған ғылым адамы! Жарайсың! Жаман солдат болмас­сың”, – деді ол Мәлікке жарықшақты дауысымен. Сөйтті де, Мәлікті өзіне қарай тартып алып, кәдуілгі орыс халқының әдетінше, бетінен үш рет сүйді. Бұлардың қасында жақын тұрған адамдар, көп езу тартпай­тын, салқын жүзді атақты генералдың сыр бермейтін жүзінде әкелік қуаныштың лап бергенін байқасып қалысты”, – дейді ол. Етігімен су кештіріп, қанды көбік жалат­қан қатыгез күндер өз батырын осылай тудырды”.

Көз көргендер Мәлік Ғабдуллинді соғыс кезінде шығыстың қос шынарының бірі Мәншүк Мәметоваға қамқоршы аға болған деседі. Мәншүктің қазасынан кейін оған Батыр атағын бергізу үшін М.Ғабдуллин үлкен еңбек сіңіреді. Бұл жайлы ҰОС ардагері Байуақ ардагер мәлімдейді: "Ол Мәншүктің қазасын ести салысымен, дереу Невель қаласына келеді. Келе сала: «Мәншүкке не жасап жатырсыңдар?» – дейді. Олар екінші дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынғандарын айтады. Мәлік Ғабдуллин сонда қатты ашуланып: «Айтыңдаршы, Алматы мен Мәскеудің арасы қанша шақырым?» – дейді. Біреуі «4800» десе, біреуі «5000 шақырым» деп жатады. «Мейлі, 4 мың-ақ болсын. Басқаны қойып, қазақтың жиырмаға жаңа шыққан қызы сонша жерден Отанымды, Мәскеуді қорғаймын деп келіп, қолына орыстың винтовкасын алып, соғысамын деуінің өзі сендерге ерлік емес пе? Осыдан артық немене керек? Дереу құжаттарын қайта дайындаңдар. Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа, болмаса маған Батыр атағын берген Калининнің өзіне барам. Тіпті Ворошиловқа кірем. Одан түк шықпаса, менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды берем» деп қайтадан дайындалған құжаттарды алып кетеді. Содан алты ай дегенде, 1944 жылы 5 наурызда Мәншүкке Батыр атағы беріледі.

Соғыстан кейінгі жылдары да елі үшін аянбай қызмет етіп, артынан мол мұра, өнегелі өсиеттер қалдыра білген батыр атамыз 1973 жылы 2 қаңтарда Алматыда көз жұмды.

Суреттер:gabdullin.kz

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева