«Ана – өмірдің ажары» (тәрбие сағаты)

«Ана – өмірдің ажары» (тәрбие сағаты)
Фото: ssn.kz

Алда 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі келе жатыр. Осы айтулы мерекеге орай мектептерде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатыны анық. Оқырмандар сұранысы бойынша «Ана – өмірдің ажары» атты тәрбие сағатының сценарийін назарларыңызға ұсынамыз. 

Сабақтың мақсаты: балалардың аналарға деген сүйіспеншіліктерін арттыру, ана еңбегін ардақтап, құрметтей білуге тәрбиелеу. Балалардың ой-өрісін, тіл байлығын, сөздік қорын дамыту.

Сабақтың көрнекілігі: ана туралы мақал-мәтелдер, гүлдер, ленталар, шарлар, үнтаспа.

Сабақ барысы: үнтаспадан «Анашым» әні баяу ойнап тұрады.

Маған жарық сыйлаған кім – Анам!
Жылатуға қимаған кім – Анам!
Жөргегімді ауыстырып құндақтап,
Мен деп жанын қинаған кім – Анам!
Тілегімді тілеген кім – Анам!
Қателессем кешірген кім – Анам!
Анамдағы махаббатқа нанам,
Ең бірінші ана керек балаға,
Ақ аналар, жүріңіздер аман!!! – дей келе бүгінгі тәрбие сағатымызды аналар қауымына арнаймыз.

І жүргізуші

Армысыз асыл аналарым,
Мейірбан көңілді даналарым.
Гүл көктемнің алғашқы мейрамымен,
Құттықтайды сіздерді балаларың.

ІІ жүргізуші

Армысыз ұстаздарым, әпкелерім,
Өздеріңе жоқ менің тең көрерім.
Алып та туған екен ұлы Анадан,
Анадан туған ғой батыр, еңбек ерің.

І жүргізуші

Мен ұйықтарда айтады,
Ертегісін, әндерін.
Біздің үйде осындай,
Алтын анам бар менің, - дегендей аналарымызды балаларымен ортаға шақырамыз.

І жүргізуші: Қылау Айнара анасымен
ІІ жүргізуші: Елеусін Адель анасымен
І жүргізуші: Жарылғас Мәдина анасымен
ІІ жүргізуші: Какимова Аружан анасымен

..... Балалары аналарын таныстырады.

Ән: «Алтын ана». Хор

І жүргізуші: Құрметті аналар! Бүгінгі тәрбие сағатымыз аналар туралы болғандықтан, сіздерге әртүрлі сауалдарымыз бар:

Оқушылар аналарына сұрақ алып барып береді:

1. Оқушы кезіңізде екілік баға алдыңыз ба?
2. Балаларыңыздың ең сүйікті ертегісі бар ма?
3. Балаларыңыз екілік баға алып, көңілсіз оралса, қалай қарсы аласыз?
4. Кішкентай кезіңізде кім болғыңыз келді?
5. Балаңыздың ең жақсы қылығы қандай?

ІІ жүргізуші: Қыздардың аналарына арнаған өлең жолдарына кезек берейік.

Аружан

Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана деген – бәйтерегі өмірдің,
Ана деген – алтын қазық, алтын бақ.

Данира

Анашымның қас-қабағы түспесін,
Қайғыланып қара шайын ішпесін.
Анасына еркелеген әр бала
Анасына тек жақсылық істесін.

Адель

Ана деген асыл жандар болаттай,
Ана деген мөлдір жандар бұлақтай.
О, адамдар қадірлей біл Ананы
Жатқылыққа ақыл ойды тонатпай.

ІІ жүргізуші: Томиристің орындауындағы би.

І жүргізуші: Олай болса «Ана – өмірдің ажары» атты тәрбие сағатымыздың қызықты сәтіне де келіп жеттік. Алда бәрімізді «Ата салтымызды ұмытпайық» деген тапсырмаларымыз күтіп тұр.

ІІ жүргізуші: Бұл кезеңде әр оқушы анасымен бірге дайындап келген дәстүрден көрініс көрсетеді. Актерлік өнерлерін ортаға салады.

І жүргізуші: Салт-дәстүрге қатысты тапсырмаларамызды үздік орындаған ата-ана мен балаға түрлі сыйлықтар да табыстаймыз.

Көріністер қойылады.

І жүргізуші: Құрметті асыл аналар, әжелер мен қыз-келіншектер! Сіздерге әлемнің нұрын, өмірдің гүлін, көктемнің шуағын тілейміз.

ІІ жүргізуші: Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесі Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Ән: «Мерекеңмен» (Хор)

Ө. Сансызбай