"Мейрам" мен "мереке" сөздерін қалай ажыратамыз?

"Мейрам" мен "мереке" сөздерін қалай ажыратамыз?

Күнделікті өмірде "мереке" мен "мейрам" сөздерін, ұғымдарын бірінің орнына бірін қолданып жүре береміз, және "неге олай?" деп ойланып көрмеппіз. Алайда синоним сөздерді қанша бір қатардағы сөздер десек те, олардың өзара айырмашылықтары бар,  тіпті, бұл айырмашылық тым үлкен болуы мүмкін.

Сонымен мереке деп мемлекеттік, ресми түрде бекітілген салтанатты оқиғаларды айтамыз. Мәселен, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесі, Халықаралық әйелдер мерекесі, Тілдер мерекесі, Президент күні. Заңмен бекітілген барлық мейрам атаулысы мереке ретінде танылады. ҚР заңы бойынша мерекелер ұлттық мерекелер, мемлекеттiк мерекелер, кәсiби және өзге де мерекелер деген мәртебелерге бөлінеді.

Ресми түрде бекітілген салтанатты оқиғалармен қатар, жалпыхалықтық үрдіске ие емес мерекелік кештер мен оқиғаларды да мереке ретінде танимыз. Мәселен, туған күн кештері, отырыс-жиын, концерт, той, атап өту.

Ал мейрам деп жалпыхалықтық сипаттағы тарихи қалыптасқан әрі дәстүрге айналған салтанаттарды, той-думанды айтамыз. Мәселен, Айт мейрамы – мұсылмандардың ұлы мейрамы, Наурыз мейрамы – қазақтың ежелден бері тойлап келе жатқан, көне, ұлттық мейрамы, қымызмұрындық мейрамы -  бие байлап, алғашқы қымыз ішу рәсімі ғана емес, салт-дәстүрге айналған үлкен халықтық мейрам.  Дала дәстүріне ие мерекенің барлығы мейрамға қатысты болады, себебі мейрам - халықтың бір ауыздан қолдаған, таныған мерекесі. Оларға Құрбан айт, Наурыз мейрамы, т.б. тәрізді мемлекеттік мейрамдар жатады. Мейрамның мерекеге қарағанда аясы кең, халықаралық мәртебеге де ие.

Халықтың ортасында мемлекеттік мерекелерді дәстүрлі түрде мейрам дей береді, алайда екі ұғымның арасында аз болса да, ерекшелік бар. 

Сурет: baq.kz

Ө. Сансызбай