Ана жайлы жырлар

Ана жайлы жырлар
Фото: plus.google.com

Ана дегенде сөз таусылған ба? Ана туралы толғамаған ақын бар ма? Келесі кезекте Маңғыстаудың мақамды ақындары жыржинағынан ана туралы жазылған шумақтар ұсынамыз.

Шешеме хат
Аруанадай ботасы боздағасын
Көңіліңді бекерге қозғамашы.
Шеше, саған хат жаздым, балаңмын ғой:
"Немеренің тұңғышы – өз баласы"

Шеше,
Мал-жан аман ба, малдың өзі,
Дала түгілі, қорада қалды ма өзі?
«Тұқымыңа бітпеген тігер тұяқ» -
Деуші едің ғой: «Қанағат – бардың өзі!»

«Ертең – қатын, ал, қазір – бес алам», – деп,
Еркелейтін ұлың ем, есі-алаң боп.
Жұмадағы түсімде жүр екенсің –
«Жаманымның тойына не шалам!» – деп.

Көкейіңді түсінем, сенім бар ма,
Жаманыңа келетін келін бар ма?
Бүгін-ертең болмайды сол той бірақ,
Бола қалса, қысылма – елім барда!

Деме шеше: Құлыным бағылмай жүр!» –
Қырт шәрге – қырда туған бағынбайды ұл!
Көрденіңді күрпітіп сауып берер,
Текті ұлыңа – епті қыз табылмай жүр.

Табылған-ды біреуі: «Құп, ерем!» -деп,
Көңіл-дөнен – сол жаққа жүр елеңдеп.
Ғапыл-ғашық, қайтейін, беу, дариға-ай,
Жо-жоқ, шеше, қам жеме...
Жүдегем жоқ!

Әнуар Бимағамбет

Сен деген
Ана!!!
Сен деген
Ең ұлы адамсың.
Жеңбеген
Ешбір мұң, тәмам сын.
Мұң түгіл, қайғы да енбеген.
Тек бақыт лайық қамалсың.

Сен деген
Ең көркем әйелсің жердегі.
Тең бе еді?
Қылығың – жұлдыздың ермегі.
Ғажайып ән-күйдің өзі де,
Жетпейді күлкіге сендегі.

Сен деген
Мейірім бағысың,
Зердеде,
Ақылды айтпасам тағы сын.
Сабырды сап-сары сақтайсың,
Жүректің жайлатып қағысын.

Сен деген
Өмірдің мәнісің
Тербеген
Көңілдің шәлісін.
Періште кейпінде күлесің,
Перзенттің пайымдап әр ісін.

Анар Шамшадинова

Анама

Бір ерекше серпін берсе шабыт деген жел кеп тың,
Шебері ғой ақын шіркін өлең атты өрнектің.
Жүрегімнен талай-талай жыр шығарып жүрсем де
Әлі күнге ана жайлы бір толғанып көрмеппін.
Асқақ ана, шабытымды өрлеттің.

Деп айтқансың: бәрімізді жаратушы тәңір бар,
Серік болар ер жігітке ақылы мен сабыр дәл.
Ал ендеше өз борышын өтемекке бойымда,
Ақ сүтіңмен асыраған атойласын тамырлар.
Ақ жүректен ақтарылсын лағылдар.

Арманыңды биік-биік белестерде тұратын,
Тентек ұлың айтқызбай-ақ көздеріңнен ұғатын.
Халқың үшін сен артықсың, сен асылсың өйткені,
Құрсағыңды жарып шығып, жарық көді бір ақын.
Жырмен өрген арманы мен мұратын.

Дәл осы бір күнге дейін тұмар болдың көз өтпес,
Ақыл бердің бір басмынан ешбір артық сөз өтпес.
Надан қылмай, адам қылған, өтінемін, Анашым,
Енді сені асырайын, ұлыңызбен кезектес,
Бізге тиер болмай тұрып кезек кеш.

Азамат Орынбасаров

Ардақтым, анашым-ау,
Мен үшін дарасың-ау.
Балам деп батпақ кешіп,
Отқа да жанасың-ау.

Аман ба, керім аймақ,
Ылайым, сенім айғақ.
Елеңдеп жүр ме екенсің
Ауылда мені ойлап.

Жансың-ау жаны нұрлы,
Маған ақ арың үлгі.
Ана боп мен де ұғындым,
Өзіңнің қадіріңді.

Жүргенде жаның аман,
Жыр-моншақ тағына алам.
Бақыттың базарында
Шалқи бер, жаным, анам!

Шынар Түйешиева

Менің анам осындай
Мен ұшақпен кеткенде,
Өзі құс боп қомданады екен.
Есен-аман жеткенде,
Мейірім гүлін қолға алады екен.

Мен пойызбен жүргенде,
Өзі рельс болып дірілдейді екен.
Хабарымды білгенде,
Шалқып тасып, күлімдейді екен.

Жаяулатсам егерде,
Ол отырып шаршайды екен.
Үйге қарай келерде,
Алаңдаумен аңсайды екен.

Оқығанда жырымды,
Кең дүниеге сыймайды екен.
Сыбызғы күйлі сырымды,
Өзге жанға қимайды екен.

Аллаберге Қонарбаев


Анама
Көңілім аумай басқаға,
Жанымнан таппай жақсы аға.
Жүргендей жалғыз әлемде,
Жабығып жүрмін, Ақ мама!

Кедергісінен жарлардың
Жете алмай жүрмін жағаға.
Ағысымен арманның
Алыстап кеттім, жан ана!

Мені алып кетті жыраққа,
Арнасы асқақ ағынның.
Даусы тұр құлақта
Ұшырған бұлбұл бағыңның.

Ойлардың қуып елесін,
Ішінен сансыз сағымның
Естеліктерін іздедім
Сонау бір сәби шағымның.

"Алсам, – деп, – үлес жыр күннен",
Жасыдым, қанша күлдім мен!
Жылаған сәтте жұбатар
Әлдиіңді аңсап жүрмін мен.

Саясы менің жанымның,
Аясы менің әнімнің –
Жасыған сәтте дем берер
Алақаныңды сағындым!

Нұргүл Маулина

@. @assel_assanova