Наурызды қалай тойлау керек?

Наурызды қалай тойлау керек?
Фото: zheruiyq.kz

Қыс бойы ақ түтек, ақ бораннан, қалың қардан мезі болған жұрт көктем келгеніне қуанып, мәз мейрам болады. Міне, осы шақта мал төлдеп, қайыңдар бүршік атып, табиғат-ана буысанып, жер жаңарады. Сондықтан да, әз-Наурыз – төрт түлік мал төлдеп жатқанда бір ай бойы тойланатын мереке.

Ал бүгінгі біздің наурыз тойлауымыз сәл оғаштау, шикілеу көрінеді. Жасыратыны жоқ, кейде міндетсініп те жатамыз. 22 наурыз келгенде барлығымыз топырлап, орталық алаңға жиналамыз. 1-2 сағат кәуәп жеп, қарнымызды тойдырғаннан кейін «ішіміз пысады» да, тезірек үйге қайтуды жөн көреміз. Бірен-сараң жерде ұлттық ойындардың ұшқыны сезіледі. (Кей жылдарда ол да болмайды). Бары осы. Ал енді бұдан қандай тәрбие, қандай мән көрдіңіз?

Әсілі, жастарға қызықты боларлық дүние ойластырса дейміз. Әр жылда өткен жылдың бағдарламасы қайталанып, Семей жұртын жалықтырып алған жоқпыз ба? Бір сарындылықтан төзімің пілдің терісіндей болса да, жалығасың.

Осыған орай, біздің ұсынымыз:

  1. Наурыз – өскелең ұрпақ пен аға буынның арасындағы алтын көпір болу керек. Ол үшін орталық алаңға орнатылған киіз үйлерге жастар емін-еркін кіріп, ақ жаулықты аналардың, көнегөз қарттардың әңгімесін тыңдап, батасын алып қайту керек. Шынтуайтына келгенде, әр мекеме өз киіз үйіне бала түгілі, еліне елеулі, халқына қалаулы адамдардың өзін зорға кіргізеді.
  2. Осы мерекеде қазақтың ұлттық құндылықтары барынша әспеттеліп, жұрт назарына бір ай бойы көрініп тұру керек. Өкінішке орай, Наурыз мерекесі басталып кетсе де, қала көшелерінде банерлер, плакаттар көрінбейді.
  3. Ұлттық танымды насихаттайтын һәм наурызға байланысты кітаптар шығарылып, ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілсе дейміз.
  4. Орталық алаңда қазаққа жат көптеген тағамдар бой көрсетіп тұрады. Қымыз-қымыраның, қазы-қартаң тоқалдан туған баладай, бір бұрышта жетімсіреп тұрады. Қазақы мәдениет қайда? Тіпті, ұлтымызға жат тағамсыз-ақ мерекені тойлауға болмас па? Өкінішке орай, қазіргі заман – дарындыны емес, қарындыны сүйеді. Соған етіміз әбден үйренгендей-ау. Сондықтан, мереке күні түрлі тағамдарды орталық алаңнан аластату керек. (Ұлттық тағамдардан басқа)

Түйін:

Асылы, бұл мейрам – тән тойдыратын емес, жан тойдыратын, керісетін емес, көрінесін, тебісетін емес, келген адам барымен бөлісетін, мезі болатын емес, қуаныштың өзі болатын, жұмыр жүрек рухани құндылыққа қанып қайтатын той емес пе еді?

Қазақта «уызына жарыған» деген ұлы сөз бар. Бұл сөз – ақтықтың, пәк көңілдің, адалдықтың мәнін білдірсе керек. «Уызына жарыған» десе, батыр бабасына ұқсағаны, дәстүрін құметтегені. Ендеше, уызына жарыған жандардың ұлы той құтты болсын!

zheruiyq.kz

B. ZHAQSYMBET